SMARTNEWS.KZ басылымы aikyn.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап хабарлайды, соңғы жылдары өмір салтымызға «цифрлы аутизм» деген термині ене бастады. Бұл – баланың гаджетке тәуелді болуынан туындайтын психологиялық ауытқу. Яғни, бала адамдармен қарым-қатынасқа түскісі келмейді, сыртқы ортаға енжар, эмоциясы әлсіз, жалғыздықты жақсы көреді.
Психологтардың айтуынша, бала алғашқы үш жаста көбірек адаммен байланыс жасап, сөйлесуі керек. Ал егер бұл кезеңде ол экран алдында отырса – мидың сөйлеуге, ойлауға, шешім қабылдауға жауап беретін нейрондары тежеледі. Бұл кейіннен оқу үлгеріміне, қоғамға бейімделуіне әсер етеді. Сондықтан бүгінде балалардың гаджетке тәуелділігі жиі кездесетін құбылысқа айналды.
– Баланың гаджетке тәуелді болуы көбінесе жалғыздық пен назардың жетіспеуінен туындайды. Көп ата-ана үшін телефон баланы тыныштандырудың «құтқарушы құралына» айналып кеткен. Алайда бұл уақытша шешім ғана, оның арты баланың психикасына кері әсер етуі мүмкін, – дейді психолог маман Лимана Қойшиева.
Психологтің айтуынша, тәуелділіктің алғашқы белгілері – гаджетті алып қойған кезде баланың агрессия көрсетуі, әлеуметтік қарым-қатынасқа қызықпау, зейіннің тұрақсыздығы және ұйқы бұзылыстары.
– Смартфондағы жылдам ауысатын бейнелер үнемі дофамин бөлінуін туғызады. Бұл – ми үшін жасанды ләззат көзі. Нәтижесінде, бала шынайы өмірден қуаныш табуды тоқтатып, кітап оқу, сөйлесу, ойнау сияқты әрекеттерге қызығушылық жоғалтады, – дейді маман.
Психолог баланы гаджеттен мүлде ажырату емес, сапалы қарым-қатынасты күшейту керегін баса айтады.
– 3-6 жас аралығындағы балаға экран алдында ең көбі 15-20 минут қана уақыт беруге болады, ал мектеп жасындағы балаларға – 1 сағаттан аспауға тиіс, – дейді ол.
Оның орнына баламен бірге серуендеу, ойын ойнау, кітап оқу немесе шығармашылықпен айналысу ұсынылады.
– Ең бастысы ата-ана баласына үлгі бола білуі керек. Егер ересектер өздері де үнемі телефонға телміріп отырса, баланың одан бас тартуы қиын. Гаджет емес қарым-қатынас пен көңіл бөлудің орны ешнәрсемен толтырылмайды, – деп түйіндеді Лимана Қойшиева.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!