Қарт адамдардың денсаулығын сақтау – денсаулық сақтаудың маңызды бағыттарының бірі. Жас келе аурушаңдық құрылымы өзгеріске ұшырайды. Егде жаста ағза жүйелерінің қызметі баяулайды, зат алмасу төмендейді, иммунитет әлсірейді. Осыған байланысты жүрек-қан тамыр, эндокриндік, тірек-қимыл, тыныс алу және когнитивтік бұзылыстардың даму қаупі артады. Сондықтан алдын алу шараларын дұрыс ұйымдастыру аурулардың ерте пайда болуына жол бермейді және өмір сапасын сақтауға мүмкіндік береді.
Егде жаста жиі кездесетін аурулардың негізгі топтарына жүрек-қан тамыр жүйесі аурулары, артериялық гипертония, ишемиялық жүрек ауруы және инсульт жатады. Ал оның негізгі себептері ретінде қан тамырларының серпімділігінің төмендеуі, артық салмақ және аз қозғалысты қарастыруға болады.
Мәселен, 2-ші типтегі қант диабетін алайық. Адамдардың жасы ұлғайған сайын инсулинге сезімталдық азаяды. Шөлдеу, жиі шаршау белгілері байқалады. Жүрек, бүйрек, көз зақымдануларына әкеледі. Ал жиі кездесетін тірек-қимыл аппараты ауруларына остеопороз, артроз және артрит жатады. Салдары: қозғалыстың шектелуі, құлау қаупінің жоғарылауы байқалады.
Тағы бір жиі кездесетін ауру түрі – тыныс алу жүйесі аурулары. Бұл қатарда экология, темекінің түтіні, әлсіз иммунитеттің салдарынан болатын тыныс жолдарының жіті инфекциялық аурулары, пневмония, созылмалы бронхит және бронх демікпесі жатады.
Қарт және егде жастағы адамдардың жүйке жүйесі және сезім мүшелерінің ауруларға деменция, альцгеймер, глаукома, катаракта және көздің қабыну аурулары жатады. Себептері: нейрондардың қартаюы, әлсіз қан айналымы, стресс.
Қазақта «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген бар. Бұл аурулардың алдын алудың бірнеше жолы бар. Ең әуелі, дұрыс және теңгерімді тамақтану керек. Нәтижесінде қан қысымы реттеледі, диабеттің алдын алады, жүрек жұмысы жақсарады. Екіншіден, физикалық белсенділік қажет. Бұл қадамның нәтижесінде жүрек, қан тамыр, сүйек, буын, зат алмасу жұмыстары жақсарады. Үшіншіден, психологиялық денсаулықты сақтау – маңызды. Мұның когнитивтік бұзылыстардың алдын алуға көмегі зор. Тағы бір қадам – медициналық тексерулерден уақытылы өту. Сонымен қатар, тұрмыстық қауіпсіздік шаралары да маңызды рөл атқарады. Егде жаста құлау – негізгі қауіп факторларының бірі.
Галия ЖАРМАГАНБЕТОВА,
Қызылорда медициналық жоғары колледжінің
«Мейіргер ісі негіздері» пәнінің оқытушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
