Қазан айының алғашқы жексенбісі – еліміздің ұстаздары үшін ең мәртебелі мереке. Бұл күнде жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, ұлт болашағына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан мұғалімдердің еңбегі лайықты бағаланады. Биылғы «Ұстаздар күні» де Сыр өңірі үшін айрықша қуанышты жаңалықпен есте қалды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Ұлжан Жанбершиева мен биология пәнінің ардагер мұғалімі Күміскүл Сарекеева секілді қос ұстаздың еңбегі ел алдында жоғары бағаланып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан мемлекеттік марапат алды.

Ұлт болашағына жол ашқан ұстаздар

Ғалым ұстаз – Ұлжан Жанбершиева

Ұлжан Нахатқызының ұстаздық және ғылыми жолы жас ұрпақ үшін үлгі боларлық. Ол еңбек жолын орта мектептен бастап, 1983 жылдан бері Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде дәріс беріп келеді. Қырық жылдан астам уақыт бойы оқу-ағарту мен ғылымды ұштастырып, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ғалымның есімі қазақ әдебиеттану ғылымының даму тарихында ерекше аталады. Ұстаз Ақорда төрінде өткен салтанатты жиында Президент қолынан «Парасат» орденін алды.

Ол әдебиет әлемін терең зерттеп, 200-ден астам ғылыми мақала, оқулықтар мен монографиялар жазды. Ғалымның жетекшілігімен қорғалған магистрлік және докторлық диссертациялар ел ғылымының дамуына айтарлықтай серпін берді.

– Ел Президентінің қолынан марапат алу – өмірімдегі ең ерекше әрі ұмытылмас сәттердің бірі болды. Сол уақытта көңілімді түрлі сезім кернеп, қуаныш пен толқу қатар өрілді. Бір сәтте «Шынымен де мен осы жоғары марапатқа лайықпын ба?» деген сұрақ бойымды биледі. Өйткені бұл – тек жеке жетістіктің емес, менің ұстаздық жолымдағы әр шәкіртімнің, әр әріптесімнің еңбегінің жемісі деп білемін.

Еңбегіміздің еленіп, мемлекет тарапынан жоғары бағаға ие болуы – ұстаз еңбегіне деген құрметтің айғағы. Бұл марапат менің ғана емес, мені қолдаған ұжымның, мені үнемі шабыттандырған шәкірттерімнің ортақ қуанышы деп қабылдаймын. Ұстаздың еңбегі шәкіртінің жетістігімен өлшенетіні белгілі, ал сол жетістікті ел мойындауы – ең үлкен марапат.

Осындай сәттер адамға үлкен жауапкершілік пен жаңа серпін сыйлайды. Мен үшін бұл марапат – жаңа белестерге бастайтын күш, ғылым мен білім жолындағы ізденістерімді жалғастыруға берілген рухани демеу.

Мен әлі де ғылым жолындамын, бұл жолды табандылықпен жалғастырамын. Бұл марапат – мен үшін жаңа мақсаттарға жетелейтін үлкен мотивация болды, – деді ол.

Қазір профессор Ұлжан Жанбершиева халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға, заманауи зерттеу жобаларын жүзеге асыруға белсенді атсалысуда. Ол тек ғалым ғана емес, ұлт мәдениеті мен руханиятына жанашыр азамат, шәкірттерінің жүрегінен орын алған нағыз ұстаз бейнесі.

Ұлт болашағына жол ашқан ұстаздар

Ғылымға жетелеп, жүрекке жол тапқан – Күміскүл Сарекеева

Сондай-ақ биылғы марапаттау рәсімінде Сыр өңірінің тағы бір ардақты ұстазы – биология пәнінің мұғалімі, еңбек ардагері Күміскүл Дүйсенқызы да Ел Президентінің қолынан жоғары мемлекеттік марапат «Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы» атағын иеленді.

Бұл марапат – 39 жылдық үздіксіз ұстаздық қызметтің, ғылымға және жас ұрпақ тәрбиесіне арналған ғұмырдың лайықты жемісі. Күміскүл Дүйсенқызы М.Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейінде ширек ғасырға жуық еңбек етіп келеді. Ол жоғары санатты педагог ретінде өз шәкірттерін ғылымға жетелеп, зерттеу мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосып жүр.

2017 жылдан бері ұстаздың бастамасымен мектепте «Ізденіс» жасыл академиясы жұмыс істейді. Бұл бастама арқылы оқушылар жылыжайда ғылыми тәжірибелер жүргізіп, экологиялық жобалар жасап, республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Академияның жетістіктері – Күміскүл Дүйсенқызының жаңашылдыққа ұмтылған еңбегінің жемісі.

– Жақсы маман боламын десең, таңдаған мамандығыңның ыстығына да, суығына да төзе білуің керек. Нағыз ұстаздықтың мәні де сол – кез келген қиындыққа сабырмен қарап, шәкірт игілігі үшін бар күш-жігеріңді сарп ету. Тек сонда ғана ұлы ұстаздықтың қадірін, бала тәрбиелеудің терең мағынасын шын ұғынасың.

Ұстаздық жолда жүріп түсінген басты қағидам – ең алдымен баланы дұрыс тәрбиелеу қажет. Өкінішке қарай, бүгінде мектеп жасындағы балалар туралы түрлі жағымсыз жаңалықты жиі естиміз. Бұл – қоғамды да, ата-ананы да, ұстаздар қауымын да ойландыратын мәселе. Осындай жағдайлардың орын алуына, ең алдымен, отбасындағы тәрбиенің кемшіндігі әсер ететінін ұмытпауымыз керек.

Балаға дұрыс бағыт-бағдар беру – ата-ананың да, мұғалімнің де ортақ міндеті. Үйдегі тәрбие мен мектептегі тәлім бір арнаға тоғысқанда ғана нәтижелі болмақ. Ата-ана баласына үлгі болып, болашақ өміріне дұрыс бағыт сілтесе, ұстаз сол тәрбиені толықтырып, баланың бойындағы талант пен адамгершілік қасиетті аша білуі тиіс.

Ұстаздар үшін ең маңыздысы – әр баламен тіл табысып, оның жүрегіне жол таба білу. Ал бала жүрегін баурау – үлкен жауапкершілік пен шыдамдылықты қажет ететін өнер. Сол себепті ұстаздар қауымы тек білім беруші ғана емес, рухани тәрбиеші, бағыт-бағдар көрсетуші тұлға бола білуі керек, – дейді ұлағатты ұстаз.

Күміскүл Дүйсенқызының еңбегі бұған дейін де лайықты бағаланған. Ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин», «Үздік ұстаз» төсбелгілерін және «Білім беру ісінің үздігі» атағын иеленген. Сонымен қатар бірнеше рет облыс пен қала әкімдерінің грантына ие болып, педагогикалық салада озық тәжірибе көрсеткен.

Ұстаз шәкірт тәрбиесінде ең алдымен адамгершілік пен ізденісті ұштастырады. «Әр баланың бойында ғылымға бейім қасиет бар, тек соны оята білу керек» деген ұстанымымен ол көптеген жас ғалымның жолын ашып келеді. Ұлжан Нахатқызы мен Күміскүл Дүйсенқызы екі түрлі салада қызмет етсе де, бір мақсатты көздеген тұлғалар. Екеуін де біріктіретін қасиет – ұстаздыққа деген адалдық, ұлт болашағына деген жанашырлық.

Олардың өмір жолы – табандылықтың, мейірім мен еңбектің, ұлтқа қызмет етудің символы. Осындай ұстаздардың еңбегі арқылы еліміздің білім мен ғылым жүйесі дамып, жас ұрпақ бойына елжандылық пен ізгілік қасиеттерді қалыптастырары анық.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!