Қазақты ұлт ретінде әлемге танытуға бірден-бір негіз – ұлттық құндылықтарымыз, яғни тіліміз, дініміз, діліміз, салт-дәстүріміз. Ұлттық құндылықтар арқылы өз-өзімізді айқындаймыз, өзімізді танытамыз, өзіміздің қайталанбас ерекшеліктерімізбен мақтана аламыз. Дегенмен, жаһандану ықпалымен ұлттық құндылықтарымыздан, тіпті жеріміз бен елімізден айырылып қалу қаупі тууы мүмкін.

Бүгінде жаһандану екі жақты әсерге ие, бірі – америкаландыру болса, екіншісі – арабтану. Бірі өнер, музыка, мода, бренд арқылы сананы жауласа, екінші дін мен сенім арқылы жаулап жатқаны анық. Тәуелсіздік алып, өзіндік сананы айқындау мәселесі туындағанда халқымыз өз тарихи бастауларына, тілін, дінін, дәстүрін жаңғыртуға бет бұра бастады. Дегенмен, дінге деген бетбұрыс жаңа қиындықтар туғызды. 

Діни сауатсыздық салдарынан фундаменталистік радикалды исламдық ағымдар халықтың діни санасын жаулауға кірісті. Бүгінде «бидғат», «ширк», «харам» сөздерін жиі пайдаланатын, ұлттық құндылықтарды «қара пердемен бүркеу» жетпіс  жылдық атеистік идеологияда өмір сүрген халық үшін ислам діні деп насихатталды және соның барлығы ақиқат ретінде қабылданды.  Өкінішке қарай, келін иіліп сәлем салмау керек, музыка тыңдаған дұрыс емес, мемлекеттік мерекелерді тойламау  керек деген сияқты адасушылыққа алып келетін жалған ұстанымдар мен «жиһадқа» шақыратын жат ағымдардың кері пиғылды идеологиялары адамдардың бойында күмән тудырып, адасушылыққа алып келіп жатқаны бар. Соның салдарынан жұрттың діни ұстанымы мен ұлттық болмысы арасында да қайшылық туындап, дін мен ұлт арасында таңдау жасауына итермеледі. Алайда, ислам діні мұндай алалаушылықты көздемейтіні, керісінше, басқа дін өкіліне болсын, бір-біріне болсын, төзімді қарым-қатынас танытуы қажет екенін алға тартады және сенімі (ақидасы), этикасы (ахләк) және шариғаты (фикһ) өзара келісім мен бітімгершілікті құрайды. Бұл дегеніміз, сенім мен адамгершілік құндылықтар бір қатарда тұратынын көрсетеді.

Қазақи ұлттық құндылықтар мейірімділікке, инабаттылыққа, сыйластыққа, жанашырлыққа үйрететінін ұмытпаған абзал. Сондықтан қазіргі өскелең ұрпақтың бойына дұрысы мен бұрысын ажырата алатындай діни сауаттылықты, ұлттық мәдениеттің өзегін құрайтын мәдени мұралар мен жәдігерлерді, Отанға деген сүйіспеншілікті, дәстүрлі ұлттық, адамгершілік, моральдық құндылықтарды дәріптеуді, азаматтық сана мен ұлт алдындағы жауапкершілікті сіңіріп тәрбиелеу маңызды екенін ұмытпаған жөн. Біз тек ұлттық құндылықтарымызды сақтау арқылы ғана жаһандануды жеңе аламыз. Бейбіт болашақтың кепілі де осы.

Адина ЖОМАРТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!