Қазақ халқының маңдайына біткен марғасқалары, халық қамын жеп, жұрттың жағдайына тебірене уайым кешкен қайраткерлер аз болған жоқ. Сүттің бетіне шыққан қаймақ сынды ел арасынан шыққан зиялы қауымның ұйыған ортасына отаршыл орыстың ойраны көп зиянын тигізді. Елім, жерім деп еміренген ұлт жанашырларының бірі – Ахмет Байтұрсынұлы еді. Ұлт ұстазына айналған ұлы тұлға туралы не білеміз? «…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет етті» дейді жиырмасыншы ғасырдың жарық жұлдызының бірі, ақын Сәкен Сейфуллин

Ахмет Байтұрсынұлы киелі Торғай өңірінде, Сарытөбек елді мекенінде дүниеге келген. Жастайынан білімге жаны құмар ұлының таудай талабына әкесі шын қуанды. Қазаққа да оқыған азамат керек деген ақ ниеттен туындаған тілегі ұлының Торғайдағы қалалық орыс-қазақ училищесінен білім алуына негіз болды. «Білім – инемен құдық қазғандай» деген дана халықтың терең тәмсіліне құлақ асып, болашақ ағартушы алған білімін Орынборда жалғастырады. Орынбордағы мұғалімдер дайындайтын мектепті ойдағыдай аяқтап, ұстаздық қызметін бастап кетеді. Қостанай, Қарқаралы, Ақтөбе өңірлерінде оқушы дайындап, бойындағы бар білімін жас өрендерге молынан беруге тырысады.

Ахаңды тек білікті педагог, ұлы ұстаз ретінде ғана емес, тіл маманы, лингвист ретінде де танимыз. Ағартушының тіл саласына қосқан үлесі орасан. А.Байтұрсынұлы араб графикасы негізіндегі тұңғыш қазақ жазуын ойлап тапты. Алғашқы қазақ әліпбиін жасап, «Тіл-құрал» оқулығын жазып шықты. Мұның бәрі қаракөз қазақ балаларын туған елдің қасиетін сезіне, туған тілдің маңызын бойына құйып өссін деген ақ тілектен туындаған келелі еңбектер. Сондай-ақ, Ахмет бала тәрбиелеп жүріп, өзінің тырнақалды туындыларын, өлеңдері мен әңгімелерін жарыққа шығарды. Орыс жазушыларының еңбектерін аударумен де айналысты. Мақсат біреу –  өлең-сөздерімен қалың ұйқыда жатқан қазақты кішкентай маса секілді «ызыңдап» жүріп оятып, көкірек көнілдеріне жарық сәулені, білім-ғылымды құю. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тарихындағы руханият әлеміне қоғам қайраткері, білімді саясаткер, XX ғасырдағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілі ретінде енді. Ұлтқа жанашырлық позициясы кең байтақ қазақ даласындағы қауым жұрттың рухын сілкіндіріп, саяси демократиялық ойлардың жарыққа шығуына түрткі болды.

Қорытындылайтын болсақ, Ахмет Байтұрсынұлы саясаткер ретінде отаршыл Ресейдің қазақ халқына қатысты жымысқы ниетін әшкерелеп қана қойған жоқ, сонымен бірге саяси дамып, тегеурінді күш болуына жол көрсетті.  Қазақтың ұлттық танымын кеңейтіп, көзін ашу үшін ағартушылықпен айналысты. Жалпы айтқанда, оның өмірлік көзқарасы, еткен еңбегі қазақ қоғамының дамуына ерекше леп берді.

Назерке ЖЕТПІСБАЙ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!