«Ұлт ұстазы Ыбырай жағып кеткен, өшірмеспіз білімнің шамшырағын». Дәл осы сөздермен іс-шара аяқталып, шымылдық жабылды. Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының сахнасында өткен «Ұстаз – ұлт келбеті» алғыс айту кеші ерекше әсер қалдырды.

Әдеттегідей емес, есте қаларлық, білімнің де, отбасының да, дамудың да қадірін ұғындырған, кейбір қонақты тіпті жылатқан шара болды. Бәрі ұстаздықтың, білім жолындағы еңбектің биік мәнін көрсеткендей. Ал оны ұйымдастырған – «Білім Ыбырай» қоғамдық қорының студенттері.

Ұлт ұстазының ізімен

Бұл кеш тек марапаттау емес, жастардың дамуына үлес қосқан барша жанға алғыс білдіру және ұстаздықтың абыройын дәріптеу шарасы болды. «Білім Ыбырай» қоғамдық қорының атауы да – ұлт ұстазына деген құрмет. Қазір қорда 122 студент білім алса, республика және әлемдік білім саласында өзіндік жолын тапқан 46 түлегі бар. Биыл қор жұмысының басталғанына 5 жыл. 2020 жылы тек 8 шәкірт болса, бүгінде олардың қатары едәуір артқан. Түлектердің тілегінің де, алғысының да шексіз екенінің куәсі болдық. Кеш барысында Индияның Дели қаласында білім алып жүрген Айда Ертай, Астанадан Ақерке Ақберген, Арыс қаласынан Абай Жакупов арнайы видеосәлемдеме жолдады. Бұл – болашақ мұғалімдердің тек ел ішінде емес, шетелде де білімге ұмтылатынын көрсететін айқын дәлел.

«Білім Ыбырай қоғамдық қорының студенттері – болашақ ұстаздар. Олар педагогика саласында білім алып қана қоймай, ағылшын тілін жетік меңгереді, ұстаз ретінде дамиды. Өздеріне берілген тапсырмаларды жоғары деңгейде орындау арқылы демеушілер мен меценаттардың шәкіртақыларына ие болады. Сонымен қатар ақылы оқитын студенттердің оқу ақысын төлейміз. Біздің мақсат – жастарды қолдау және елімізге білімді, кәсіби ұстаздарды дайындау», – деді қор демеушісі, кәсіпкер Асхат Нұралыұлы.

Ұлт ұстазының ізімен

Кеш барысында демеуші кәсіпкерлер, білім басқармасының өкілдері мен білім саласының мамандары ұстаздардың қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігі туралы сөз сөйледі. «Мұғалім – тек білім беруші ғана емес, болашақ ұрпақтың тәрбиешісі, өмірлік бағдар беруші», – деді олардың бірі.

Болашақ мұғалімдер сахнада өнерлерін ортаға салып, терме айтып, би билеп, көрініс қойып, ұстаздықтың мәнін көрсетті. Студенттердің қойылымдары тек өнер ғана емес, педагогикадағы жауапкершіліктің көрінісі болды. Олар сахнада Ыбырай Алтынсариннің өмір жолын көрсетіп, ұстаздықты тек кәсіби міндет емес, жүрекпен сезінетін миссия ретінде дәріптеді.

Ұлт ұстазының ізімен

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің академиялық мәселелер бойынша басқарма мүшесі-проректор Дана Мейрамқызы: «Бүгінгі кештен келешек мұғалімдердің еңбек етіп, Ыбырай қорында білім алып жатқанын көріп қуанып отырмыз. Студенттердің бағы ашылып, үлкен ұстаз болып, білікті шәкірт тәрбиелеуіне тілектеспіз», – деп атап өтті.

Кеш соңында үздік студенттерді марапаттау рәсімі өтті. «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша Ақбота Қатай марапатталса, үшінші орын – Айдар Ақжолға, екінші орын – Азамат Сейтмахамбетке, ал бірінші орын – Нұрасыл Қалмаханға табысталды. Бұл сәт – болашақ мұғалімдердің еңбегінің, қажыр-қайратының мойындалғаны еді.

Қонақтарға алғыс білдірген Азамат Абимолда ұстаздарға жасалған қолайлы жағдайға тоқталды: «Алғыс айту кешіне қатысып, зор қуанышқа бөлендім. Қазір мемлекет ұстаздарға және педагогика саласына қолдау көрсетуді арттырды. Мұғалімдердің мәртебесінің биік болуы, олардың жалақысының өсуі, сондай-ақ педагогика бағытында білім алып жатқан шәкірттердің жыл сайын шәкіртақысының жоғарылауы – осының айқын дәлелі», – деді ол.

Ұлт ұстазының ізімен

Асхан Байдаулетов та өз ойымен бөлісті: «Мұғалім – ұлы есім. Баламызды 1 сыныпқа бергенде мектеп емес, мұғалім іздейміз. Барлық мұғалім білікті, білімді. Бүгінгі кеш – студенттердің болашағына бағытталған үлкен қадам. Біз оларды тек біліммен емес, ұстаздық рухпен де дамытқымыз келеді», – деді.

Студенттердің креативтілігі де таңдандырмай қоймады. Әр жас тыңдайтын репке де сөз жазып, кеш соңын жандандырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!