Нақты мақсатқа жету, білім алу, салауатты өмірсалтын ұстану, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр мүмкіндікті ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизміне қол жеткізу. Реализм мен прагматизм онжылдықтардың ұраны болуы шарт деген. Батыста, ірі державаларда болып жатқан сайлау науқандары тіпті дамыған елдерде де жұртшылықтың бос демагогия мен популизмге қарсы иммунитетінің жоқтығын, «өтірік – қаңбақ, шын – салмақ» екенін түсіне бермейтінін паш етті. Әлемде шын жүйріктердің емес, «тіл жүйріктердің» заманы туған ба дерсіз. Бұл халықаралық қоғамдастық кезігіп отырған кезекті «сын-қатер» болса керек.

Тәуелсіздікке қол жеткізу Қазақстанның сан ғасырлық тарихының дәуірлік оқиғасы болды. Осы құндылық негізінде ұлттық бірегейлікті сақтауды алға кою мемлекет үшін маңызды. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуді басты назарға ұстай отырып, ұлттық болмыстың өзегін сақтап, оның бірқатар сипатын өзгерту көзделуде. Қазақ елі қазір өркениетті елдермен иық теңестіруге, дамудың жаңа сатысына көтерілуге талпынуда. Дегенмен, жаһандық өзгерістерге сай болу үшін алдымен ұлттық ерекшелігімізді сақтай білу керек. Шын мәнінде көз ілеспес шапшаңдықпен дамып, рухани жаңғыруымыз қажет. Бұл арада рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтау. Мұыны әрдайым есте ұстап, әлемдік өзгерістерге сай жаңаша ойлау жүйесін қалыптастырғанымыз абзал. Ұлттық кодты сақтау дегеніміз – ұлттық болмысымызды нығайтып, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету.
Ұлттық болмыс қазақи салт-дәстүр, мәдениет, құндылық­тарымыздан бастау алады десек, орынды. Бүгін сол құндылықтарымызды заманға сай одан әрі байытып, оны бүгінгі ұрпақтың санасы мен тұрмысына сіңіру жаңа ғасырдың жаңа ұрпағын қалыптастыру деген сөз. Қазақ халқының дәстүрлі мадениетін сақтай отырып, келешек дамуға қол жеткізу назарда болуы керек.
ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт болу үшін «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» секілді өміршең жобалар сөзіміздің дәлелі. Мұндай жоба адам тағдыры мен өмірбаяны арқылы заманауи Қазақстанның келбетін айшықтайды. Тәуелсіздіктің нығаюы, дамыған елге айналуымыз үшін батыл қадам басып, жоғары технологияларды меңгеру, озық стратегиялар мен жарақтану, концептуалды жобаларды ілгерілету маңызды.


Ұлжалғас ТАЛПАҚОВА,
И.Әбдікәрімов атындағы
Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің оқытушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!