Ауада қазан жаппаның, ыстық бауырсақ пен самаурынның түтіні бұрқырап, ерекше дәммен, қайталанбас лебіменен әз-Наурыз мейрамы да келіп қалды. Көктемнің шуақты күндерімен қатар келген «Наурызнама» онкүндігі аясында Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні «Анаға тағзым» орталығының төрінде көрініс тапты. Мұнда дүйім жұрттың басын қосқан «Ұлт уызы» этно-мәдени фестивалі өтті.
Орталыққа қала іргесіндегі Тасбөгет, Белкөл кенттері мен Ақжарма, Қызылөзек, Қарауылтөбе, Қызылжарма, Талсуат және Қосшыңырау ауылдық округтерінен өнерпаздар жиналды. Олардың әрқайсысы бүгінгі мерекеге өнерге толы қоржын ала келген. Бірі ши тоқыса, екіншісі саз балшықтан құмыра илеп, енді бірі құрғақ жүннен көз жауын алатын бұйымдар жасауда.
«Ақыл көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер» дейді қазақта. Шынымен өнерпаздар дайындаған шығармашылық нөмірлер ешкімді бей-жай қалдырмады. Сахна төрінде ән әуелеп, бишілер бұрала өнер көрсетті. Әрбір ауыл өздерінің дайындаған концерттік нөмірлерін – халық әндерін, этно-композициялар мен театрландырылған көріністерді тарту етті. Сахнада бірде әжелер хоры ән салса, бірде жастар «сырға салу» рәсімімен «беташарды» жаңғыртты.
Фестивальға қатысқан қала тұрғындары ұйымдастырушыларға өз лебізін жеткізді.
– Фестиваль маған қатты ұнады. Әр округтен келген өнерпаздар өнерін паш етіп, қызықтырды. Оның ішінде «беташар» рәсімін қойылымда жаңғыртқан жастар туралы айтып өтпеске болмайды. Қойылымда қатысушының айтқан өсиеті маған ерекше әсер етті. Кейде біздің «беташарлар» жаттан- ды болып кеткен секілді көрінеді. Құлағымыз оған үйренген де секілді. Ал мұнда ол басқаша, жылы леппен айтылды, – дейді қала тұрғыны Зина Бисенова.
Әрі қарай ортаға ауылдың ер азаматтары бастаған топ бірліктің символы саналатын киелі шаңырақтарды көтеріп шықты. Ал ортадағы үлкен тайқазанға әжелеріміз ырыс-несібесін, салт дәстүрімен біте қайнасқан дәмдерін қосып жатыр. Елдің бірлігі мен молшылығын дәріптеген бұл салтанатты шеру Қыдыр ата, Ұлт анасы мен жас баланың жүрек тебірентерлік сахналық қойылымымен ерекшеленді.
Кеш марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Қатысушыларға алғыс хаттар, арнайы номинациялар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!