Қоғамдағы әрбір азамат өзінің қызметінде теңізге тамған тамшыдай болса да, ұлттық мүддені басты орынға қойғаны ләзім. Мен тау халқын құрметтеймін, өйткені, олар қай тілде сөйлесе де, өздерінің ұлтын айқындап тұрады. Мен – дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін. Ұстаздық жолдағы басымдығым – қазақы қалпымды жоғалтпау. Шәкірттеріме де осы бағыт-бағдарды беру.

Ұлтыңды сүю күнделікті қадамыңнан-ақ көрініп тұруы керек. Біз мектеп бағдарламасы бойынша балаларға тек білім берумен шектелмейміз. Әрбір сабақтың бір ұшы ұлттық тәрбиеге негізделуі керек. Міне, сондықтан, ұлттық ойындарды үнемі алдыңғы қатарға қоямыз. Балалардың әрбірі ұлттық ойындарға бейім екенін аңғартады. Өйткені, қандай да бір спорт түрінің іргетасы – бұқаралық спорт. Ал бұқаралық спорт қазақтың ұлттық ойындарынан бастау алады. Қарапайым ләңгі тебуден бастап, асық, ат үстінде ойналатын ойындар, күрес түрлері, тағы басқалар.

Бұл біріншіден, қазақтығымызды, азаттығымызды ұлықтау. Өйткені, қазақы қалпымыздан айырылмауымыз керек. Қазақ ықылым заманнан талай нәубетті бастан өткерді. Бірақ соған қарамастан тілі де, діні де, ділі де сақталып, ұлылығын мойындатқан. Ел басына күн туғанда осы нәубеттерден аман өткен бабаларымыздың алдында егемен елдің төрінде құндылықтардан айырылғанымыз жарамас. Міне, бұл – әрбір ұстаздың бойында болу керек ұғым.

Екіншіден, қазақтан асқан дана жоқ. Неге дейсіз бе? Қарапайым ләңгі тебудің өзі бүкіл дене мүшеңді қозғалысқа салады. Көп адамның бойында астеохондроз тәрізді аурулар бар. Оның бәрі неден шығады?! Салауатты өмір салтын сақтамай, таяқ тастам жерге көлікпен барады, таңнан кешке дейін жұмыс үстелінде отырады. Қозғалыс та, қан айналым да жөнді емес. Ләңгі тебудің тереңіне бойласақ, осы нәрселерге тоқтам қоя аламыз.

Үшіншіден, ұлттық ойындардың әрбірі адамның қабілетін оятады. Мәселен, асық ойыны мергендікке, ойды жинақтауға, алдына мақсат қоюға, оған жетуге баулиды. Тіпті көзді де жақсы көретін қабілетке жетелейді.

Міне, осындай ұлттық ойындардың қасиетін біз дене шынықтыру сабағында кең қолданысқа енгізгенбіз. Ұстаздың қай пәннен сабақ беруі маңызды емес, әрбір ұстаз қазақ балаларының бойына ұлттық құндылықты сіңіре білуі керек. Арқан тартыста қандай ұйымшылдық қажет болса, мұғалімнің әр сабағындағы «әр қазақ менің жалғызым» деген ұстаным осындай ойға жетелеу керек. Бір адаммын, не шешемін деген ұғым болмаған жөн. Мәселен, мен дене шынықтыру сабағында ұлттық ойындарды қолданып, балалардың бойындағы қазақы болмысты нығайтып жүрмін. Ал сіздің қандай тәсіліңіз бар, құрметтім?!

Алмат КӨМІРБАЕВ,
№268 мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!