Осы уақытқа дейін шетелдік жүйеге, әсіресе арабтардың дүние есігін ашқан әр сәбиге инвестиция салатынына қызығып қарағанымыз жасырын емес. «Араб арманы» деп аталатын түсінік қалыптасқан бұл бағдарламаның Қазақстанда да қолға алынатыны дүйім жұртты қуантпай қоймады.
Көптің көңіліне сенім сыйлаған бірегей бағдарлама жайлы жариялаған «Әділетті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Президент Жолдауында айтылды. Мемлекет басшысы ерекше мән берген бұл бастама әділетті қоғамның орнауына ықпал етпек. Себебі ұлт байлығын тең бөлу, баршаға бірдей мүмкіндік беру қоғамдағы тұрақтылық пен сенімділікті қалыптастыратыны сөзсіз.
«Біз Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған «Балалар жылының» аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын», – деді Қ.Тоқаев.
Жағымды жаңалықтан хабардар болып, бір-біріне сүйіншілеген халықты әр баланың еншісіне шамамен қанша көлемде қаржы бұйыратыны қызықтырғаны рас. Аталған сауалға сарапшылар да мүмкіндігінше пікір білдіріп, өз пайымдарын жеткізді. Ал көпшілікті ойлантқан сауалдың нақты жауабы жайлы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-те жазды.
«Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады.
Жинаққа банк сыйақысы есептелетінін растады: «Норма 2024 жылы күшіне енгенде 18 жасқа толмаған барлық баланың атына арнаулы шот ашылады. Олар кәмелеттік жасқа толғанша қаржы түсіп тұрады. Шоттағы қаражат шетел валютасында сақталады. Сонымен қатар жинақ бойынша пайыздар есептеледі. Бұл шаралар шоттағы қаржыны инфляция қорғауға мүмкіндік береді» делінген оның жазбасында.
Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Ұлттық қор 2001 жылы іске кіріскелі бері 25,5 трлн теңгеден астам инвестициялық табыс тауыпты. Оның шамамен 77 пайызы немесе 19,8 трлн теңгесі валюта бағамының айырмасынан алынған, яғни долларға шаққанда теңгені девальвациялаудан түскен қаржы. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастаманы билік 20 жыл бұрын қолға алғанда қазақстандық балалардың есепшотында елеулі сома жиналатын мүмкіндік болған.
Ал Есеп комитетінің хабарламасында Ұлттық қордың инвесттабыстары кейбір жылдары әлдеқайда жоғары көрсеткішке ие болғаны көрсетілген. Мәселен, 2015 жылы табыстылық жөнінен рекорд орнап, бұл көрсеткіш 10,2 триллион теңгеге жеткен. Егер қор сол жетістігін қайталай алса, оның жартысынан балалардың әрқайсысының есепшотына 718 мың теңгеден құйылмақ, нәтижесінде жинақ сомасының ұлғаюы жеделдей түседі. Себебі жыл сайын 718 мың теңгеден түсіп тұрса, 18 жылда 13 миллион теңгедей қаржы жинауға мүмкіндік болады.
Дүниеге келген әр бала кәмелетке толғанша есепшотына қаржы аудару туралы бағдарламаның жүзеге асуына 2024 жылға дейін уақыт берілді. Оған дейін бастаманы сәтті жүзеге асырудың жолы жан-жақты зерттелетін болады. Айта кетейік, аталған бастаманың басқа шет мемлекеттерде бірнеше нұсқасы бар. Сондықтан нақты шешімге келмес бұрын тәжірибеге сүйенген артық етпейді. Бұл туралы белгілі экономист Олжас Құдайбергенов келесідей ұтымды ойын білдірді.
«Осындай ұқсас жобалардың екі түрі бар. Біріншісі – Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасында, онда мұндай жоба «Ана капиталы» деп аталады. Бірақ бұл мемлекеттерде бірден шамамен 10 мың доллар бөлінеді, оны бала 18 жасқа толғанға дейін қолдануға болмайды. Бұл қаржыны да тұрғын үйге немесе білім алуға жұмсауға болады. Сондай-ақ Аляска мұнай қорының осыған ұқсас тәжірибесі бар. Алайда олар балаларға ғана емес, Алясканың әр тұрғынына жылына 2 мың доллар төлейді. Ал бұл төлемді алушылар қалағанынша жұмсай алады. Төлемнің жалғыз шарты – алушы адам сотталмаған болуы керек. Ал елімізде Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ын әрбір балаға бөлетін болды. Бұл жылына шамамен 250 доллар болады. Осы орайда тұрғын үй сатып алуды одан әрі жоспарлау оңай болуы үшін есепшотты бірден Отбасы банкінен ашылатындай етіп жасаған дұрыс деп ойлаймын. Жалпы алғанда, бұл бастаманың теріс ықпалы бар дейтіндей қауіп жоқ, инфляцияға да қысым болмайды. Әсіресе алғашқы 18 жылда байқала қоймайды. Болашақта Ұлттық қордың табысы өсіп, бұл төлемдерді одан сайын көбейтуге мүмкіндік туады деп үміттенеміз», – дейді О.Құдайбергенов.
Жуырда ғана жарияланған Жолдау халықтың болашаққа деген сенімін нығайта түсті. Енді балаларға бөлінетін инвестиция да көп ұзамай оң нәтижесін береді деген үміт мол.
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!