Қазіргі таңда болашақ ұрпақты өз халқының тарихы мен тегін, салт-дәстүрін, тілін, білімін, адами қасиетті тереңнен түсіне алатын шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – заман талабы мен қоғам қажеттілігіне айналды.
Тұлғаны қалыптастырудағы басты құндылықтардың бірі – өз елі, тарихы, халқы үшін мақтаныш сезімі. Өз халқының тарихын, салтын, әдет-ғұрпын білетін, өз Отанын құрметтейтін, еліне жаны ашитын, ол үшін жауапкершілікті сезінетін тұлғаның патриоттық тәрбиесі ұлттық тәрбиенің өзегі болып табылады. Білім алушылардың бойында осы қасиеттерді қалыптастыруда бірден-бір әсер ететін – білім саласында жүргізілетін тәрбиелік іс-шаралар. Адамның бойына жақсы адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы, өнер-білімді игеруі – тәрбиеге, өскен ортаға, үлгі-өнеге берер ұстазға және ұядан алған тәрбиеге байланысты.
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп Әбу Насыр әл-Фараби өз қағидасында тұжырымдағандай, оқу мен тәрбие егіз. Оқу мен тәрбие ықпалдастығы бірін-бірі толықтырып отырады.
Ұлттық мәдени құндылықтарды қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, белгілі бір ұлтқа тәнадами қадір-қасиет, халықтың сан ғасырлар бойы жинақталған ұлттық рухани және материалдық құндылықтары.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына сәйкес «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылыммен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім үшін қажетті жағдайлар жасау; жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту».
Қазақстан – бай тарихи және мәдени мұрасы бар көпұлтты және көпмәдениетті мемлекет. Ұлттық құндылықтар азаматтардың бірегейлігі мен құндылық бағдарын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Әр ұлттың өзінің ұлттық құндылықтары болады. Бір ұлтты ерекшелендіріп тұратыны оның тілі, ертегілері, мақал-мәтелдері, лиро-эпостық және батырлар жырлары, әдет- ғұрпы, салт-санасы, менталитеті, мәдениеті, өнері, тағамдары, ұлттық қолөнері, тұрмыстық бұйымдары, ұлттық ойындары, т.б. өзгелерге ұқсамайтын қасиеттері. Осылардың бәрі – ұлттық құндылықтарға жатады. Ұлттық құндылықтарды әр ұлттың ата-бабалары өздерінің өмір сүру салтына байланысты шығарып, пайдаланып, дамытып ұрпақтарына мұра етіп қалдырып отырған. Сондықтан ұлттық құндылықтар сол ұлттың меншігі болып есептеледі. Бір ұлтты басқа ұлттан даралайтын – оның ұлттық құндылықтары, яғни, әдеби мұрасы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мәдениеті, өнері, тұрмыстық бұйымдары, ұлттық ойындары, т.б. өзгелерге ұқсамайтын қасиеттері. Ұлттық құндылықтарымыз шын бағасын алғанда ғана, жоғымыз түгенделіп, өшкеніміз жана бермек.
Адам өміріндегі тәрбие, ұлттық сана басты мәселе болуы тиіс. Адам болып туылу оңай, ал адам болып қалыптасу қиын. Адамдық қасиетке бірден бір әсер етуші фактор – ол тәрбие, ұлттық салтымыз. Халық даналығы қорытқан қазына байлық, тәжірибені халық игілігіне жарату, үлгі етіп ұсыну жас ұрпақтың еншісінде.
Жадыра БЕРДЕШЕВА,
Қазалы ауданы, Ақсуат ауылы,
№100 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!