«Қазақ аруы» – бұл тек сұлулық сайысы ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтар мен заманауи үрдістерді ұштастыратын байқау. Мұнда еліміздің ең көрікті әрі талантты қыздары бақ сынайды. Бұл жобаның мақсаты – білімді, мәдениетті терең құрметтейтін және болашаққа сеніммен қарайтын XXI ғасырдағы қазақ қызының бейнесін қалыптастыру. Байқаудың ұйымдастырушысы, қазақ еліне танымал продюсер – Баян Алакөзова.

Жоба 2011 жылдан бастап жүзеге асуда. Әр жыл сайын «Қазақ аруы» көрерменді таңқалдырады. Осы жолы да шоу басқаларына қарағанда ерекше форматта өтті. Байқауда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 20 ару бақ сынады. Сайыстың жеңімпазы Талдықорған қаласының тумасы – Дәрия Қуатжан атанды. Ол халықтың назарын өзіне аударып, 26 376 дауыс жинады.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы турда арулар өздерін таныстырып, өмірлік құндылықтарымен бөліссе, екінші кезеңде қыздар ән айтып, би билеп, өнерлерін ортаға салды. Үшінші – дефиле. Қыздар қазақстандық брендтердің киімінде подиумды бағындырды. Ал төртінші кезеңде қатысушылар қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрлеріне қатысты сауалдарға және логикалық сұрақтарға жауап берді.

Осы сындардан сүрінбей өткен Дәрия Қуатжан тек сұлулығымен ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлік қырымен де ерекшеленді. Ол небәрі 22 жасында «Darideiya » атты ұлттық нақыштағы сәнді киімдер брендін құрған іскер ару. Бала кезінен қуыршақтарына көйлек тігіп, анасынан кесте тоқуды үйренген Дәрияның сән әлеміне деген қызығушылығы бүгінде үлкен кәсіпке ұласқан.

Байқау барысында Дәрия өзінің «Көшпенді дала ұрпақтары» атты балаларға арналған этно-коллекциясын таныстырды. Бұл топтамада қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері мен тарихи стиль элементтері заманауи дизайнмен үйлесім тапқан. Киім үлгілерінде жүн, зығыр және джинса маталары қолданылып, қазақтың ұлттық сырып тігу тәсілі шебер пайдаланылған. Бұл топтама көшпенділердің қайтпас қайсар рухын, тектілігі мен батылдығын бейнеледі. Ол көрермендер мен сарапшылардың жоғары бағасын алды. Дәрияның өзі айтқандай, «Біздің ұлттық мұрамыз – нағыз қазына, байлық! Оны дәріптеудің бір жолы – күнделікті киюге болатын киім үлгісін жасау».

– Маған дауыс берген барлық жанға шексіз рақмет. Бұл – сіздердің маған кигізген тәждеріңіз. Сол тәжге лайық еңбек етіп, ұлттық мәдениетімізді насихаттауды жалғастырамын. Байқауға қатысқан әр қыз жеңімпаз атағына лайық. Жаса, қазақтың қайсар қыздары, – деп Дәрия Қуатжан өзіне дауыс берген барша халыққа алғысын білдірді.

Әлеуметтік желіде «Қазақ аруына» деген пікір екіге бөлінді. Бірі Дәрияны ең лайықты кандидант десе, екіншісі «Одан да сұлу қыздар барда, Дәрияның «Қазақ аруы» атанғаны дұрыс емес» деп көзқарастарын білдірді. Бірақ бұған қарамастан талдықорғандық арудың осыған дейін атқарған жұмысы, «Instagram», «Tiktok » қосымшаларында жариялаған сапалы бейнежазбалары, сахнада өзін-өзі ұстау әдебі және жеке брендін қалыптастыруы тәжді иеленудегі басты қаруы болды. Ол сын пікірді елемей, жобада жеңіске лайық екенін көрсете алды.

«Қазақ аруы» байқауы жыл сайын қазақ қыздарының сұлулығы мен парасаттылығын паш етіп, олардың заманауи қоғамдағы орнын айқындауға зор үлес қосып келеді. Дәрияның жеңісі – қазақ қызының тек әсемдігімен ғана емес, сонымен бірге іскерлігімен, шығармашылық талантымен және ұлттық рухымен де биік белестерді бағындыра алатынының айқын дәлелі.

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!