Қай кезеңде болсын, әр мемлекет болашақ ұрпаққа өткені мен бүгінін баяндайтын тарих пәнінің маңызын мойындаған. Сонымен қатар идеологиялық бағыттағы саясатқа да ерекше мән берген.
Тереңірек үңілсек, бүгінде тарихи сананы жаңғыртуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Ұлт тарихын заманауи талаптар мен өркениеттік, ұлттық, мемлекеттілік тұрғыдан қайта саралап, жаңа академиялық басылымдар мен жас ұрпаққа арналған оқулықтар әзірлеу ісіне әлем елдері белсенді түрде кірісіп жатыр. Бұл – тек бізге ғана тән үрдіс емес, ұлт мүддесі мен ел бірлігін көздеген кез келген мемлекеттің ұстанымы.
Қазіргі таңда отандық тарихшылардың басты мақсаты – ұлттық тарихымыздың тұтас бейнесін жасап, бүгінгі және болашақ ұрпақ тың тарихи жадын жаңғырту. Сондықтан сабақтастық, жасампаздық қағидаттарына ерекше назар аудару керек.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ақтаңдақтарымызды айқындап, жаралы да жанды тұстарымызды зерделедік, жоғымызды түгендедік. Ал сол тұстағы басты мақсат – тәуелсіздіктің бізге оңайлықпен келмегенін, ол ата-бабаларымыздың маңдай тері мен ғасырлар бойғы күресінің нәтижесі екенін тарихи жадымызда сақтап қалу болды.
Бұл тұста алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел – қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Дүние де өңге жұрттар қатарында кім қор болмайын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дəрежесінде ұғып білуге тиіс болады», − деп айтқаны ойға оралады.
Шын мәнінде, біз 30 жылдан астам уақытта жеткен жетістіктерді, орындалған мақсаттар мен оң шешімін тапқан мәселелерді бағалай отырып, проблемалардың маңызын айқындай отырып, болашаққа сеніммен қарай аламыз. Халқы 20 миллионға жеткен Қазақстан енді арман-мақсаттарын бір арнаға тоғыстырып, тың серпінмен алға басуға дайын.
Бүгінге дейін жеткен жетістік те, толағай табыс та тарих қойнауында қала бермек. Ендігі кезек көзі ашық, көкірегі ояу, білім мен ғылымды игерген, тәуелсіз елдің еркін ұрпағында.
Мөлдір ШАРИЕВА,
№266 мектеп-лицейдің
тарих пәні мұғалімі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!