Солтүстік Қазақстан облысында ұлы мен қызына үш жылдан бері жыныстық зорлық көрсеткен ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: news.ivest
Өзбекстан азаматы Бекниязов отбасымен бірге Солтүстік Қазақстан облысы М. Жұмабаев ауданында тұрған. Оған қатысты қылмыстық іс сотта жабық қаралды.
СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, ер адам 2020 жылдан бастап осы жылдың 30 қаңтарына дейін кәмелет жасына толмаған қызы мен ұлын бірнеше рет зорлаған. Оның кінәсі толық дәлелденді.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, жәбірленушілердің заңды өкілінің, куәгерінің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен толық дәлелденді. Сотталушы мен оның адвокаты айыптаумен келіспей, ақтауды сұрады.
Сот жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстың мас күйінде жасалғанын есепке алды. Алайда сот ер адамның жазасын жеңілдететін мән-жайларды анықтаған жоқ.
«Жасалған қылмыстардың аса ауыр қылмыстар санатына жататынын және қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің мән-жайларын, кінәлінің жеке басын ескере отырып, сот барынша қатаң жаза тағайындау қажеттігі туралы қорытындыға келді. Сот ер адамға педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті», – делінген хабарламада.
Сотталған жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін полиция департаментінде ер адамның мас күйінде қызы мен ұлын зорлағаны туралы айтылған еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!