SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана қалалық сотында әлеуметтік желілер арқылы ұлын емдеуге деп жиналған қаражатты жымқырды және заңсыз жолмен алынған ақшаны заңдастырды деп айыпталған Тотақановтар жұбына қатысты үкім оқылды.

Сот Толқын және Дәулет Тотақановтарды Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («ақпараттық жүйе немесе интернет желісін пайдалана отырып алаяқтық жасау») және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе мүлікті заңдастыру») бойынша кінәлі деп таныды.

Судьяның шешіміне сәйкес, Толқын Тотақанова 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оған қайырымдылық мақсатта қаражат жинаумен айналысу құқығынан 10 жылға айыру және мүлкін тәркілеужазасы тағайындалды. Кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты сот ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес жазаның орындалуын 2 жылға кейінге қалдырды.

Дәулет Тотақанов та 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, 10 жылға қайырымдылық қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Оның да мүлкі тәркіленеді.

Сот шешімімен жәбірленушілердің пайдасына 3,5 млн теңге, 6 млн теңге, тағы үш адамға небәрі 50 мың теңгеден, бір жәбірленушіге 10 мың теңге өндіріп алу белгіленді. Сонымен қатар, әрбір сотталғаннан 20 АЕКмөлшерінде жәбірленушілерге өтемақы қоры үшін қаражат өндіріледі.

Тәркіленетін мүлік қатарына автотұрақ орны, 2022 жылғы Hyundai Sonata көлігі және Қосшы қаласындағы жер телімі кірді.

Тергеу нұсқасына сәйкес, ерлі-зайыптылар ұлын емдеуге деп 1,3 млрд теңге жинаған. Алайда бұл қаражаттың небәрі 6,4 млн теңгесі ғана баланың еміне жұмсалған. Қалған қаражат құмар ойындарға, қымбат мүлік пен сән-салтанатты өмірге пайдаланылған.

Айта кетейік, сот барысында Тотақановтар өз кінәсін мойындаған жоқ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!