Фото: ашық дереккөзден

Бала махаббат, мәңгілік махаббат, шынайы махаббат деп жатамыз ғой, осылардың ішіндегі ең тұрақтысы, адал көңілмен, ешбір арам ойсыз, астыртын пиғылсыз, пайда үшін емес шын көңілмен ұнататыны бала махаббат екен десем сенер ме едіңіз? Иә, бұған әу баста өзім де сенбедім, қазір, міне, сенбеске шара жоқ, көзімді әбден жеткізді.

Өмірдің қиын тұстарын көрмейтін, өмірге тек күліп, жеңіл қарайтын, есеюді аңсайтын балғын балалық шағымыз. Бастауыш сыныпта оқимыз. Бала махаббаттың мәңгілік, шынайы махаббат екеніне көзімді жеткізген Ол орта бойлы, кең маңдайлы, аққұба келген бала еді. Екеуміз бір сыныпта оқимыз. Мектепте бір бала мені мазақ етіп, келеке қылса, солармен шекісуге дайын тұратын. Қыздармен сөзге келіп қалсақ та менің жағыма шығып, сөзімді сөйлеп, дұрыс айтқандығымды дәлелдеумен әлек болатын. Тақтаға шыққанымда да ол үшін мен шығарған есептің бәрі дұрыс, жазған әр сөзім қатесіз еді.

Мектептен қайтар кезде қояр да қоймай сөмкемді өзі көтеріп алып, «Саған ауыр болады, жүр мен алып жүремін», – деп сылтауратып үйге дейін бірге келетін. Сонда жасымыз онға әлі келе қоймаған да болу керек. Кіп-кішкентай бала қалай мұншалықты біреуді жақсы көріп, ол үшін батыл қадамдар жасайды екен? «Ой, сіздерде романтика болмаған ғой», – дейді. Романтика бізден қалған, әр күні үстелімнің үстіне тәтті шоколадтар, қолдан жасалған небір раушан гүлдерін қалдырып кетуші еді. Сонда кішкентай бала көңіл ересектерге тән осы бір әрекеттерді қайдан, кімнен үйренді екен?

Балалық шақ батыл қадамдармен қатар, батыл сөздер айтудан да қорықпайтын, ойды бүкпесіз, ешбір өңдеусіз айтатын кез ғой. Сен соны білемісің дегендей, әр күні қасыма келіп, «сені ұнатамын» деп айтып жүруші еді.

Мүмкін, ақымақтық дерсіз, мен сезімімді ақылға құратынмын. Ешқашан біреуге құштар болып, оны өліп-өшіп сүймеппін. Ол балаға деген сезімімді де ақылмен сабақтастырып, оны шынайы, кіршіксіз көңілмен сыйлайтынмын, қадірлейтінмін, бірақ оған мектеп бітіргенше өзі күткен «мен де сені ұнатамын» деген сөзді айтпадым, айту қолымнан келмеді.

Мектеп бітірген соң ол әскерге кетті. Ол жақта жүріп те үнемі хат жолдауын тоқтатпады. Келген соң үйленуге ұсыныс та жасады. Оны қанша ренжітпеуге тырыссам да, сол күнгі менің оған берген жауабымнан кейін мүлдем көріспей кеттік. Мен қалаға оқуға кеттім, ол ауылда қалды.

Содан бері, міне, 22 жыл өтіпті. Жоғары оқу орнын аяқтадым. Белді, беделді орындарда да қызмет еттім. Өзім қалағандай махаббатымды ақылмен сараптап тұрмыс құрдым. Жолдасым екеумізде бір-бірімізге деген ынтық сезім болмаса да, сыйластық бар. Құдай берген бір ұл, бір қызымыз бар.

Ауылыма арасында төркіндеп барып тұрамын. Сыныптастарымды сұрай бастағанда кезіндегі сол бала туралы да ұмытпаймын. Ол да үйленіпті, сұлу келіншегі, үш қыз, бір ұлы бар екен. Ауылдың сыйлы азаматы болып, мектепте қызмет жасайды.

Біздің ауылымыз шағын ғана, бір отбасы той жасаса, сол тойдан іздеген адамыңның бәрін табасың. Ауылға бір келгенімде сондай тойдың үстінен түстім. Құтты болсын айтып үй иелеріне кіріп шықпақ болғанымда сол маған ғашық болған жігітті араға қаншама жылдар салып кездестіріп қалдым. Сол сымбатты қалпы, жас келген соң біраз ет жинап толған екен. Жанында өзінен айнымайтын сұлу, жасы он сегіздер шамасындағы бойжеткен бар. Иә, бұл қыз – оның тұңғышы, қызығы қыздың есімі де менімен аттас екен.

Ол сол күні мені үйіне қонаққа шақырып, әйелімен, балаларымен таныстырды. Өткен-кеткен оқиғаларды біраз әңгімеледік.

Сол кеште ол маған әдеттегідей «Мен сені ұнатамын» емес, «Мен сені ұнатқанмын», – деді.

Айдана ЖАЛҒАС,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті
пәні мұғалімдерін даярлау
мамандығының студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!