Адал ісіне ақы сұрамас еңбекқор жандардың болмыс-бітімі бүгінгі ұрпақтың бағыт алар бағдарына айналары белгілі. Себебі туған жеріне, өскен өңіріне адал қызмет еткен жандар қашан да мақтан төрінде, марапат биігінде. Заман көшінде ілгері басып, саналы ұрпақ тәрбиелеуде өзіндік салмағы бар жандар Сыр өңірінде жетерлік. Қайрат Есіркеев – саналы ғұмырында қажырлы еңбек етіп, көптің көңілінен шыға білген осындай өнегелі өмір иесі.

Әңгіме арқауына айналып отырған Қайрат ағайымыз 1965 жылы Қазалы ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген. 1983 жылы сондағы №100 орта мектебін бітіріп, Кеңес әскерінде екі жыл борышын өтейді. Тек 1987  жылы       Алматы  технология техникумына оқуға түсіп, сәтті тәмамдап шығады. Содан 1990  жылы туған ауылына оралып, еңбек жолын комсомол хатшысы болып бастайды.

Алғаш жұмысын бастағаннан-ақ біліктілігімен көзге түскен ол сатылап көтеріле бастайды. Олай дейтініміз, Қайрат ағайымыз 1992-2000 жылдары №100 орта мектебі жанындағы интернатында тәрбиеші болып жұмыс істейді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін маман мұнымен шектелмей, Ақтөбедегі  Қ.Жұбанов атындағы университеттің Бейнелеу өнері және Сызу  мамандығын алып шығады. Содан 2002 жылы №100 орта мектепке бейнелеу  өнері және сызу, технология  пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады. Міне, бүгінде 20 жылдан аса уақыт табан аудармай өз ауылында, өз саласында еңбек етуде. Қазір білікті ұстаз көркем  еңбек  пәнін де қоса алып жүр.

– Оқушы кезімде мұғалім болам деп ойламадым. Бірақ халыққа  қызмет  етсем, адамдарға мейлінші пайдалы болсам, адамзатқа керек мамандық иесі болсам деп армандайтынмын. Тәңір тілеуімді беріп, өмір ағысы жолымды білім саласымен ұштастырды. Алайда, оған еш өкінген емеспін, өкінбеймін де. Мұғалімдікке ауылдағы ата-анама қарайласу үшін келгеніммен, кейін ұстаздық қызмет шабытымды аша түсті. Әр үйдің еркесін тәрбиелеп, оларға керек дағдыны үйретіп, үлкен өмірге жолдау өмірлік мақсатыма айналды. Содан болар, әлі күнге осы жауапты салада талмай еңбектеніп клемін, – дейді білікті ұстаз.

Жас буынға тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, оған дұрыс бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Бала біткенді білім нәрімен сусындатқан ұстаз диқан секілді. Себебі, ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға қанатын қатайтып ұшырады. Осы аралықта Қайрат Есіркеев мыңдаған оқушыларды тәрбиелеп шығарды. Бүгінде оның тәлім берген түлектері республикамыздың түпкір-түпкірінде әрбір саланың білікті маманы атанып отыр. Уақытында көптеген оқушыларды пәндік олимпиадаларға дайындап жеңімпаз атандырды. Ал біз бертіндегі нәтижелерді түгендейік деп шештік. Сөзіміз құрғақ болмас үшін нақты мысал келтіре кетейік. Мәселен, 2020 жылы облыстық  қашықтықтан   «Менің  отбасым» сурет байқауында Айдын Қоблаш ІІІ орын, республикалық  қашықтықтан өткізілген «Күз бояулары» сурет сайысында Айдос Қалмағанбет І орын, Тәуелсіздікке байланысты облыстық сурет  байқауында            Радомира Айтасқызы  ІІІ орын   иеленсе,  2021 жылы аудандық   «Қазақстан  – бейбіт пен бейбітшілік мекені»   сурет  байқауында    Айзере Жалғасбек  І орын алды. 2022 жылы «Қылқалам  бейнелеген   қазақылық» облыстық сурет байқауында Аяна  Мауленқызы Алғыс хат иеленді. Бұл және жетістіктің бір парасы ғана. Тізе берсек, Қайрат ағайдың үздіктер қатарынан көрінген оқушылары жетерлік.

Саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған жан еткен еңбегі үшін еленді де. Ол 2019-2021 жылдары біршама Халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық көркем еңбек пәнінен олипада, сайыс жүлдегері атанды. Атап айтсақ, 2019 жылы аудандық «Ұлы даланың қасиетті рухани  құндылықтары»  атты көрме байқауында Алғыс хат алса, 2020 жылы «Қазақстанның мәртебелі   педагогы» атанып, мәртебелі педагог  төсбелгісін кеудесіне тақты. Одан бері де бірнеше жыл қатарынан аудандық  білім  бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кететін тағы бір жайт, ол ұстаздық қызметін шығармашылықпен ұштастырып, түрлі басылымдарға мақала жазды. Ұлағатты ұстаздың бүгінгі дейін «Тағлым» республикалық ғылыми әдістемелік журналына «Портрет жанры, портрет түрлері» сабағы және тағы да басқа туындылары жарияланды. Сөйтіп білім саласына да өзіндік қолтаңбасын қалдырып, сүбелі үлес қосты.

Мыңдаған жанның жүрегіне білім нұрын құйған ұлағатты ұстаздың шыққан биігі, елге еткен еңбегі аз емес. Міне, осындай өнегелі тұлғаны ұлықтау, еңбек жолын өскелең ұрпаққа үлгі ету – ұрпақ міндеті.

Альфира НҰРХОЖАЕВА,

Қазалы ауданы, Ақсуат ауыл, №100 орта мектептің кітапханашысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!