Ерте, ерте, ертеде бір бағбанның бақшасында арманшыл картоп өмір сүріпті. Ол аспанда қалықтап ұшуды армандаған екен. Жанындағы басқа көкөністер оған күле қарап: «О заман да бұ заман картоптың ұшқанын қайдан көрдің?», «Біз бар болғаны көкөніспіз ғой» дейді екен. Бірақ бұл сөздер арманшыл картоптың  арманынан бас тартуына еш кедергі келтірмейді. Ол күні-түні аспанға қарап, құстар мен ұша алатын түрлі жәндіктерді қызыға бақылаумен жүреді.

Бір мезетте сол картоп өмір сүретін бақшаның бір ағашына шымшық құс ұя салады. Картоп ол құспен достасуды ойлайды.

– Сәлем! Пс, сәлееем!

Құс болса жалтақ дауыс қайдан шығып жатқанын іздейді.

– Мен төмендемін.

Құс жерге қараса, бір домалақ картоп шақырып жатыр екен. Құс жерге түсіп, картопты айнала секіріп қарап-қарап, қайта ұясына ұша жөнеледі. Картоп құстың бұнысын түсінбей «Әй, бұның не, мен сенімен достасайын деп келдім» дейді. Құс қайта жерге түсіп, «құс пен картоп дос бола алмайды» деп картоп таң қалып қарап тұрады. «Менен қорықпайсың ба? Сені шұқып-шұқып жеп қойсам қайтесің?!» дейді. Картоп қорқып қалады. Бұны көріп құс мысқылдап күліп, ұясына ұшып кетеді. Көңіл-күйі түскен картоп өз орнына барып жайғасады.

Солай күндер өте береді. Бір күні қатты жел тұрады, барлық көкөністер жердің астына тығылады. Ал шымшық құс қайда барарын білмей шыр айнала ұшады. Қатты желді көтере алмай құс желдің екпінімен барып бір темірге соғылып, қанатын бір шегеге жаралап алады. Біршама уақыттан соң жел тоқтап, күн көзі көрінеді. Көкөністер жерден шығады. Құс бар күшімен бір қанатын сүйрелеп, ұясы бар ағашқа келеді. Қараса ұясын жел бұзып кетіпті. Осының бәрін көріп, құс қиналып жылай бастайды.

– Ей, бұның не, неге жылайсың? – дейді картоп жанына келіп. Құс үн қатпайды. «Жарайды, айтқың келмесе өзің біл» деп кетіп бара жатқанда әлгі құс:

– «Тоқта, сені ренжіткенім үшін кешір, мен дәрменсіз күйдемін. Жылы ұямды жел ұшырды, қанатым жаралы, сол үшін жылаймын», – деді. Құстың үн қатқанына картоп  қуанып кетеді.

– «Уайымдама, мен саған көмектесемін», – дейді. «Қазір, күте тұр» деп кетіп қалады. Сәлден соң бір пышақ сынығын тауып әкеліп, жанында өсіп тұрған емдік шөптен бір бөлігін кесіп алады. Соны алып келіп, құстың қанатына жауып, ұзын сабағымен орап береді. Ұясын қайта жасауға көмектеседі. Сабақтарын тамырымен жалғап ағаш басына көтереді. Бірнеше күндер бойы жаралы құсқа қарайласып, жәрдемдесіп жүреді. Екеуі жақсы дос болады. Осындай қамқорлық арқасында құстың қанаты тез-ақ жазылып кетеді.

Бірде екі дос ағаш басында түнгі аспанға қарап қиялдап отырады. Картоп: «Досым, білесің бе, менің үлкен, орындалмас бір арманым бар, аспанда сен секілді қалықтап ұшқым келеді. Бірақ оның орындалуы мүмкін емес қой… Эх, жақсы, сау бол, мен орныма барайын» деп қоштасып, көңіл-күйі болмаған қалпында үйіне кетіп қалады.

Құс түні бойы досының айтқан сөзін ойлап, ұйықтай алмайды. «Мен досымның арманын орындай аламын ғой, ол маған осы кезге дейін қаншама жақсылық жасады. Менің де бір септігім тисін» деп ойлайды. Ұшып жүрген кезінде көрген жерлерінен, бір жіп пен қажетті заттарды тауып әкеледі.

Ертесіне таң атысымен досына келіп:

– Картоп досым, оян! – Кеттік!

– А? Қайда?

– Кел мында отыр, аспанға ұшамыз! – дейді.

Қараса құс жіпке кішігірім қақпақты байлап, әткеншек секілді бір бұйым жасапты. Картоп оған отырып, құс жіпті тұмсығымен тістеп екеуі аспанға самғап ұша жөнеледі. Картоптың қуанышында шек болмайды.

«Әлемдегі аспан көгіне шыққан ең бірінші ұшқыш картоп мен болдым!» деп қуаныштан айқай салады.

Армандар орындалады, тек қана сол жолда үміт үзбей, талаптана білу қажет. Әрдайым өзіміз жетеміз деген биік армандарға ұмтылайық, достар!

Шәдібай КЕНЖЕБЕК,

М.Дүйсенов атындағы жалпы білім беретін №15 мектеп-лицейінің оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!