Қазанның алтын шуақты күндерімен бірге елімізде ең құрметті мерекелердің бірі – Ұстаздар күні де келіп жетті. Осыған орай Қызылорда облыстық «Ауыл» партиясы филиалында аймақтың әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосқан, өз ісінің майталманы атанған ұстаздарға құрмет көрсетілді. 

Аталған іс-шарада облыс ұстаздарының қоғам мен партия өміріндегі белсенділігі ерекше аталып өтті. Ұстаз – тек білім беруші емес, елдің ертеңін қалыптастыратын тұлға екенін айтқан «Ауыл» партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Садық Шоңмұрынұлы ардагер және жас педагогтарды мерекемен құттықтап, ұстаз еңбегінің қоғамдағы маңызын атап өтті. Ол өз сөзінде:

– Ұстаз – адам өміріндегі ең сенімді бағыттаушы. Біздің елдің рухани және интеллектуалдық деңгейі – ұстаздардың қолында. Сол себепті олардың еңбегін бағалау, қолдау – біздің азаматтық парызымыз, – деді. 

Салтанатты жиынға қалалық мәслихат депутаты, «Қыран» ЖШС директоры Бақтияр Нұрділдаұлы мен Сырдария ауданының мәслихат депутаты, «Мейірім құшағы» комиссиясының төрайымы Динара Дүйсенбекқызы қатысып, жылы лебіздері мен құттықтауларын жеткізді. Олар ұстаздардың қоғамдағы рөлін айрықша атап өтіп, «Ауыл» партиясының 25 жылдық мерекелік медалін еңбегімен дараланған ұстаздарға табыстады. 

Бұл марапат – тек еңбектің еленуі ғана емес, ұстаздар қауымының партия жұмысына қосқан үлесіне берілген жоғары баға. Себебі ұстаз – тек мектеп қабырғасындағы білім мен тәрбиенің иесі емес, сонымен қатар қоғамның дамуына серпін беретін, азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсететін тұлға. 

Жиын барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, білім саласын дамыту мен ауылдық жерлердегі педагогтардың жағдайын жақсарту мәселелерін талқылады. Мұғалімдер заманауи білім беру жүйесіндегі өзекті проблемаларды көтеріп, оларды шешу бағытында ұсыныстар айтты. Әсіресе, жас мамандарды ауыл мектептеріне тарту, педагог мәртебесін арттыру және материалдық қолдау тетіктері жайлы ойлар ортаға салынды. 

Ұстаздар өз кезегінде партияның әлеуметтік бастамалары мен аймақтық жобаларына белсенді қатысуға дайын екендерін білдірді. «Ауыл» партиясының филиалы да мұғалімдердің ұсыныстарын назарға алып, алдағы уақытта нақты жұмыстар атқарылатынын жеткізді. 

Мерекелік іс-шара жылы шырайлы кездесуге ұласып, ұстаздарға гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табысталды. Қатысушылар көтеріңкі көңіл күймен тарқасты. 

Бүгінде ауыл мектептерінде еңбек етіп жүрген мұғалімдер – нағыз ел ертеңін қалыптастырып отырған жандар. Олардың еңбегі мен ізгі ықыласы жас ұрпақтың рухани және адами бейнесін қалыптастырады. Сол себепті мұндай құрмет – ұстаздарға деген қоғамның шынайы ризашылығының көрінісі. 

Қорыта айтқанда, Қызылорда облыстық «Ауыл» партиясы филиалы ұйымдастырған бұл шара – ұстаз мәртебесін көтеруге, олардың еңбегін бағалауға бағытталған игі қадам. Ұстазға құрмет – ұлтқа құрмет. Ал ұстаз еңбегі – елдің болашағына салынған ең қымбат инвестиция.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!