Жуырда М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ардагері, ұлағатты ұстаз Тазагүл Сейтжанқызының туғанына 80 жыл толуына орай «Тіл және әдебиет контексіндегі құндылықтар жүйесі: трансформациясы және заманауи әдістемелік ізденістер» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Маңызды жиынға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессорлары, М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің ардагерлері мен ұстаздар қатысты.
Іс-шараның ашылуында Тазагүл Сейтжанқызының өмірін, еңбек жолын еске алуға арналған шағын бейнебаян көрсетілді. Кейін конференцияның модераторы Асқарбек Есжанов қонақтарды таныстырып, сөз кезегін Қорқыт ата атындағы университетінің құрметті профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уәйісқа берді:
– Педагог Тазагүл Сейтжанқызы сөзге шешен, елге қайырымы мол, парасатты, инабатты жан еді. Қызылордадағы байырғы оқу орындарының бірі, үлкен тарихы бар педагогикалық колледждің ақылшы басшылардың бірі болды. Облыста өткен республиканың ғылыми және білім мәдениетіне байланысты шаралардың ұйымдастырушысы болып, өзіндік үлес қосты. Бір жылдары Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі әрі орынбасары ретінде М.Мәметоваға арналған республикалық танымдық ғылыми конференцияға қатыстым. Шараның бірінде Алма Ағдәулетова, Тазагүл Сейтжанқызы, қазақ қызы Надежда Лушникова, ақын Елена Әбдіхалықова болған еді. Сол жиында ғалым ұстаз Тазагүл Сейтжанқызы тебірене сөз сөйледі. Қазақ қызына тән ұлттық болмысты, елге ақылшы пана бола білген аналардың еңбегін жоғары бағалап, дәйекті мысалдар келтірді. Міне, тұнып тұрған тарих, дайын ғылыми еңбек, диссертация. Мен осы жолы Тазагүл апаның еңбегін жаңа қырынан таныдым, – дей келе, Тазагүл Сейтжанқызы туралы естеліктерімен бөлісті.

Конференция барысында бірқатар ғалым мен зерттеушілер баяндама оқыды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Гүлдархан Нұрғазықызы «Қазақ мәдениетіндегі құндылықтар әлемі», әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Анар Салқынбай «Абай іліміндегі «түсіну – меңгеру – тану» қалыбы», ҚХР Бейжің қаласындағы Орталық Ұлттар университетінің доценті, PhD Айнұр Әбіш «Қазақ халқының көшпелі өмірі және ұлттық құндылықтары» тақырыбын жан-жақты қарастырды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Тұрғанбай Маханов, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Әлима Жақыпқызы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Күлдірсін Сейтжанқызы Тазагүл Сейтжанқызының ұстаздық мейірімін, шәкірттеріне берген білімі мен оның кәсіби қасиеттерін дәріптеді.
Іс-шара соңында ұлағатты ұстаз туралы жазылған «Дария – ғұмыр» кітабының тұсауы кесілді.
Кешкен ғұмырында артынан өшпес із қалдырған ұстаздың берген білімі, ұстанған принциптерін шәкірттері әлі де ұмытқан жоқ.
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры Жақсыгүл Тоғанова:
– «Тіл және әдебиет контексіндегі құндылықтар жүйесі: трансформациясы және заманауи әдістемелік ізденістер» тақырыбындағы конференция әрбір оқушыға, білім алушыға, қатысушыға өзіндік рухани азық берді деп ойлаймын. Осы жерге Тазагүл Сейтжанқызы 16 жасында келіп, білім алып, бастауыш мұғалімі ретінде сонау кемелденген ұлағатты ұстазға дейін қызмет жасаған тұлға. Сондықтан оның ойы, пайым-парасаты ой түзейді, бой түзейді. Әлі күнге дейін осы жерде қызмет ететін тәлімгер, сол кісімен жүздескен үзеңгілес ардагер ұстаздарымыз ол кісінің ғибратты өмірін, ғұмырын, еңбек жолын бізге үлгі ретінде айтып отырады, – деді.
Бұл конференция ұлттық құндылықтарды ұлықтап, тіл мен әдебиетті дамытуға жаңа серпін беріп, жас ұрпақтың бойына білім мен рухани байлықты сіңіруге үндеді. Тазагүл Сейтжанқызының есімі мен еңбегі ұстаздар қауымының жүрегінде мәңгі сақталып, оның қалдырған кемелдік ізі кейінгі буынға үлгі болып қала береді.
Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!