Көше бойындағы шимайланған қабырғалар, сынған орындықтар мен бүлінген мүсіндер… Бұл көрініс вандализмнің күнделікті өмірімізге қаншалықты еніп кеткенін көрсетеді.

Дабыл қаққандар көп, бірақ жағдайымыз қалай? Мысалы, кейінгі жылдары вандализм жасаған 5 мыңнан астам адам анықталған.

Вандализм – біреудің немесе қоғамдық меншікті бүлдіру. Бұл сөз 445 жылы Римді тонаған ежелгі герман тайпасы Вандалдардың атынан шыққан. Ол бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы, ескерткіштерді бүлдіру немесе саяси граффитилер салу. Ұрлық немесе тонау мақсатында қылмыстық вандализм жасау. Банкоматтарды бұзу, дүкен терезелерін сындыру. Мейлі, түрлерімен таныстық. Ал себебі неде?

Вандализмнің басты себептері – ішкі агрессия. Көп жағдайда бұл әрекеттерді жастар жасайды, себебі олар өзін қоғамнан шеттетілгендей сезінуі мүмкін. Жалпы, вандализм жеке адамның әрекеті болғанымен, оның түпкі себебі – қоғамдағы мәселелер. Жұмыссыздық, әділетсіздік, әлеуметтік наразылық вандализмге итермелеуі мүмкін. Кейбір зерттеулерге сүйенсек, мұндай әрекеттерді жасаушылар өздерін «көрінбей қалатын» адам ретінде сезінеді және қоғамға қарсы күрестің жалғыз жолы осы деп есептейді.

Психологтардың айтуынша, вандализм әрекетіне психологиялық фактор түрткі болады. Мұндай әрекетке баратын жасөспірімдердің әрекеті төрт деңгейде қарастырылады. Адам ішіндегі ашуын сыртқа шығару мақсатында ішімдік пен есірткі әсерінен бұзақылыққа барады. Бұл – ессіз әрекет. Екіншісі, саналы деңгейде ойын-сауық құру. Бұл деңгейге бәсекелесу, өзгелерге еліктеуді жатады. Ал үшіншісі, мінез-құлық әдеті. Төртіншісі, ішкі наразылық. Вандализм көбінесе агрессиядан басталады.

Шешім бар ма? Вандализмнің алдын алу үшін бірнеше шараны қарастыру қажет. Мысалы, жастарға қоғамдағы өз орнын табуға көмектесу, олардың шығармашылығын қолдау. Бейнебақылау мен қауіпсіздік – заң бұзушыларды анықтау үшін технологияны пайдалану. Альтернативалы ұсыныс ретінде граффити үшін арнайы аймақтар жасау, жастарды әлеуметтік жобаларға тарту. Сонымен қатар вандализмнің салдарын түсіндіретін кампаниялар жүргізу.

Вандализм – жай ғана тәртіп бұзу емес, ол салмақты мәселе. Егер әр адам өз қаласына, айналасына жауапкершілікпен қараса, бұл құбылысты азайтуға болады. Себебі бүлінген орта – тек қоршаған кеңістіктің емес, сонымен қатар біздің сана-сезіміміздің де айнасы.

Динара ЖҰМАДІЛ,
студент

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!