Қоғамның басты байлығы – адам денсаулығы екені рас. Бас ауырып, балтыры сыздағаннан шыбын жаны шырқырап, дертіне дауа іздеп, шипалы ем үшін шетелге шығып жатқандарды ды білеміз. Өйткені өмірде саулықтың маңызы зор. Он екі мүшенің сау, бауырдың бүтін болғанынан асқан бақыт жоқ шығар?! Қандай да бір кесел кесір құрттай денені дендегенде дегбір қашып, сананы сары уайым мен көңілді күдік басады. Сонда да өмір үшін күресте аурумен арпылысып, дертке дес бермей жатқан мықты адамдар бар. Ал «ауруды сатып алатындарды» қалай ақтап алуға болады?

Саулығына салғырт қарап, сырттан сырқат табатындар тәнін тоздырып, жанын аздырып алатынынан бейхабар секілді. Бүгінде жастар ерсі әрекетке ерік беріп, зиянды дегенді жанына жуытуға, тыйым салынғанды тұтынуға әуес. Иә, біз денсаулықтың түбіне жететін темекі мен оның түрлерін айтып отырмыз. Темекіге тәуелділік ақыл-ойды күйзелтіп, күйреуге ұшыратады. Тіпті бұдан көз жұмғандар да аз емес.
Түтіндетіп темекі шегетіндер, енді «вейп» деп аталатын электронды шылымды будақтатып жүр. Зиянын санасымен сезінсе де қолдануға ерікті түрде баратын бозбала мен бойжеткеннің болашағы алаңдататыны ақиқат. Қызықтан туындаған тәуелділіктің түбіне жететінін біле тұра арылмау өлімге жақындағанмен бірдей шығар. Әйтпесе өзгелер «асқынған дертін айықтырамын» деп аласұрып жүргенде, ауруда қолдан жасап отырғандардың ісі қынжылтады. Ер баламен қатар қыздар қауымының да шылым шегуден қалыспауы жаға ұстатады. Тіпті көпшілік орында қалтасынан шығарып, именбей бұрқыратып отыратындарды көзіміз көріп жүрміз. Әлбетте «әркімнің өз өмірі» деп еркіне салуға болар, бірақ бұлай берсе қоғамның бұзылуы әбден мүмкін. Онсызда көшедегі екінің бірінің қолында электронды темекі. Басшылықты басты мәселеге баса назар аударуда. Respublica партиясының мүшесі, депутат Нұргүл Тау вейптер мен оның басқа түрлерін сатуға толығымен тыйым салуды ұсынды.
Депутаттың сөзінше, елімізде электронды темекі бұйымдарын бақылаусыз сатуға байланысты оны қолдану жағдайы жоғары. Ол барлық сауда орындарында, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы қолжетімді бағада сатылады. Бағасы орташа есеппен 2000 теңгеден аспайды екен.
– Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, никотинді тұтынудың электрондық құралда­рының нарығы 2020 жылдан 2022 жылға дейін 292 есеге артты. Сонымен бірге бұл өнімді әкелудің заңдылығы күмән туғызады. Барлығы аталған жылдар ішінде СЭҚ ТН 85434000000 «Осы топтың басқа жерінде аталмаған немесе енгізілмеген жеке функциялары бар электр машиналары мен аппара­турасы» кодымен жүргізілген 10 006 432 АҚШ доллары сомасына 2 954 182 дана электрондық темекі әкелінді. Бұл код акциз­делмеген және бұл мемлекеттік бюджетке 3 млн данаға жуық өнімнен акциздік түсім түспегенін білдіреді.
Сондай-ақ, электронды темекілер сырт пішінімен, хош иістермен балалар мен жастарды еліктіруде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстанда жүргізген зерттеуінің қорытындысына сәйкес 11 мен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында электронды темекіні тұтыну төрт жыл ішінде үш есе өскен, ұлдардың 15 пайызы және қыздардың 6 пайызы электронды темекіні бір рет болсын қолданып көрген, – дейді депутат.
Ста­тис­тикаға сүйенсек, кәмелет жасқа толмағанның өзі темекі дәмін татып көрген. Бұл өкпе мен ба­уыр­дың жұмы­сын тежеп, дерттің денені ден­деуіне дейін апа­рады. Ата-ана мен мектептегі мұғалімнің сөзі жетесіне жетпегендік­тен бе теріс әре­кеттің тамы­рын балта­лауға жастар құлықты емес. Дәрігердің қаққан дабылын ести тұра доғар­мау да кейбір жас­тың бағы­тының бұрыс­тығын білдіреді.
– Жан-жағымда «одноразка» шегетіндер өте көп. Тіпті 6-сыныптың балалары да көшеде түтін­детіп жүре­ді. Бірақ өзім бұл дүниелерге әуес емеспін. Сол үшін оларға электронды сигареттердің зиян екенін көп айтамын. Құлақ асқаны бірен-саран. Жақында досым үйінен сыныптастармен жиналамыз деп 6000 теңге сұрап, алып шыққан. Соны­мен ол ақшаға «қол калья­нын» алып, біраз уақыт пайда­ланып жүрді. Тіпті, мектепте де жасырынып тұтынып, басқа балалардың да қызығушы­лығын тудырды. Тәуелді болғандықтан жан-жағынан қарызға ақша сұрап, қызық үшін қиындыққа тап болғанын өзі де аңғармай қалды, – деді аты-жөнін жасыруды сұраған жасөспірім.
Иә, ұрлық-қарлық сынды қылмыстың түр-түрі осындай тәуелділіктен туындайтыны жасырын емес. Сондықтан, ондай өнімдерді сату, тасымалдау секілді жұмыс жүйесін тоқтатып, тыйым салған дұрыс-ақ. Өз болашағына балта шауып жүргендер кейін өкінгенде тым кеш болуы мүмкін. Әсіресе, бойжеткендер шылым шегуін табиғатына тән емес, жаратылысына жат екенін ерте түсінгені ләзім.
Хош иісін алданыш етіп, қаупі жоқ деп өзін жұбататындар ғұмырының құрдымға кеткенін аңғармай да қалады. Дерекке көз жүгіртсек, темекі түтінінің құрамындағы улы заттар денсаулыққа теріс әсер етеді, тыныс алу жолдары мен қан тамырларының шырышты қабығының қабынуын, склеротикалық өзгерістерді және қатерлі ісіктердің пайда болуын тудырады. Сонымен қатар, темекі шегудің өкпеге зиянды әсері дәлелденген факт.
Бүгінде ағзаға зиянсыз деп айтылған электронды темекі, керісінше, денсаулыққа өте қауіпті өнім болып табылады және адам ағзасында түрлі ауыр ауруларды тудырады. Яғни, электронды темекі шегу процесінде никотин, хош иісті, тәтті дәмі бар басқа да химиялық заттар ағзаға зиянды әсер етеді. Сонымен қатар, электронды вейп әдеттегі темекі сияқты өкпе, жүрек-қан тамырлары ауруларын, иммунитетті әлсіретеді.
Қорыта келе, жүйке жүйесі сыр беріп, жан жүдемесін, жүрекке жүк түспесін десек саулыққа салғырт қарамаған абзал. Қызықтың соңынан қуып, жаман әдетке үйір болу келешекті күңгірт етпек. Ендеше жас буын басқан әр қадамын қадағалап, өзгенің қаңсығын таңсық етуін доғарғаны жөн.


Нәзік АХМЕТ