Фото: ашық дереккөзден

Автокөлік нөмірлері тек көліктің идентификациялық белгісі ғана емес, сонымен қатар бүгінде мәртебе мен беделді көрсету құралына айналып отыр. VIP нөмірлер – бұл ерекше немесе сирек кездесетін комбинациялардан тұратын көлік нөмірлері. Қазақстанда аталған санаттағы нөмірлерді сату тәжірибесі 2014 жылы енгізілген болатын. Сатудан түскен қаржы ел бюджетіне түседі. Бағалары комбинацияның ерекшелігіне байланысты 210 000 теңгеден бастап миллион теңгеден асып жығылады.

Нақты мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылы жоғары сұранысқа ие 4539 мемлекеттік тіркеу нөмір белгілері 1,6 млрд теңгеден астам сомаға сатылса, 2018 жылы 14 909 МТНБ сатылып, 3,5 млрд қаражат қазынаға түскен. Сондай-ақ 2019 жылы 12 658 МТНБ 3 млрд теңгеден астам сомаға сатылса, 2020 жылы 3,9 млрд теңге пайда әкелген. Ал 2021 жылы қазақстандықтардың VIP нөмірлерге жұмсаған қаражат көлемі 5,8 млрд теңгені құраса, 2022 жылы 7 млрд теңгеден асып түскен. 2023 жылы мамандандырылған ХҚКО-лар 30 мыңнан астам жоғарғы сұранысқа ие мемлекеттік тіркеу нөмірін сатып, 10 млрд теңге көлімендегі қаражат қазынаға түскен. Ал биыл қазақстандықтар сұранысы жоғары 31 667 көлік нөмірін сатып алған көрінеді.

Аймақтағы ахуал

Қызылордалық көлік тізгіндеген азаматтар арасында да VIP нөмірлерге сұраныс жылдан жылға артып келеді. Облыс тұрғындары арасында 100, 101, 111, 070 және 077 сандары бар нөмірлер танымал. Мамандандырылған ХҚКОмамандарының айтуынша, қызылордалықтар көбінесе 1 саны басым болатын нөмірлерді таңдайтын көрінеді. Бұны жауапты мамандар аймақ коды 11 болуымен байланыстырады.

2021 жылы облысымызда 562 азамат VIP нөмірге қол жеткізген.Көрсеткіш бойынша «001», «007», «777» «707» және «111» сынды нөмірлерге сұраныс артқан. VIP нөмірлердің құны айлық есептік көрсеткіштің мөлшері артқан сайынқымбаттап отырады.

2022 жылы Қызылордада автокөліктің VIP санатындағы 674 мемлекеттік нөмір рәсімделіп, қазынаға 179 млн 411 мың теңге қаражаттүскен.

2023 жылы қызылордалық автокөлік жүргізушілері 1071 жоғары сұранысқа ие VIP нөмірлерге тап- сырыс беріп, нәтижесінде бюджетке 334 млн 13 мың тенге қаражат түскен.

2024 жылы жерлестеріміз сұранысы жоғары 1000-ға жуық мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін (МТНБ) сатып алып, нәтижесінде қазынаға 300 млн-нан аса қаражат түскен.

– Биыл өңірде 070, 077, 101 цифрлық белгісі бар мемлекеттік нөмірлер жоғары сұранысқа ие болып отыр. Әрбір осындай нөмірдің мемлекеттік баж мөлшері 57 айлық есептік көрсеткішті (2024 жылы – 210 330 теңге) құрайды, – деп мәлім етті мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары.

Сонымен қатар елдегі автокөлік нарығы жайлы қызықты деректерге назар аударсақ. Freedom Finance Global талдаушысы Аңсар Әбуевтің Қазақстан автонарығына жасаған зерттеуі боцынша елдегі автомобильдердің орташа жасы – 14,3 жыл. Бір қызығы елімізде 18- 24 жас аралығындағы азаматтар неміс автоөнеркәсібінің өнімін, ал 55 жастан асқан азаматтар қытай автокөліктерін таңдайды екен.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!