Фото: Ашық дереккөзден алынды

Ертеде ағайын-туыс жиында, тойда, мерекеде бас қосып, жағдай біліскен. Ал ақпараттық технология дамыған сайын адамдар заман талабына сай ғаламтордың көмегімен бір-бірімен кездеспей-ақ, алыстан хат алмасып, хал-жағдайы туралы хабардар болып жүр. Қазір уақыт тапшы. Осындай кезде ғаламтордың адамзатқа жасаған игілігіне бас иесің. Төменде «ғаламторда танысу дұрыс па, әлде бұрыс па?» сауалын талқылап көрген едік.

Өздеріңіз білетін әлеуметтік желілер адамдардың ыңғайына қарай оңтайландырылып, әрдайым даму үстінде. Тек бір-екі тетікті бассаңыз болғаны, барлық дерлік ақпарат қолыңызда. Осыдан 10 жыл бұрын «Mail.ru агент» арқылы танысып, бүгінде бақытты отбасы болып отырғандар бар. Видео арқылы қоңырау шалу, суреттер жүктеп, пост салу, сондай-ақ тікелей эфир секілді функциялар бейтаныс адамдармен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Яғни, сіз және сізді танымаған жандар интернет арқылы етене жақын бола алады. Мәселен, қазіргі қоғамда жастар бетпе-бет танысуға қарағанда, әлеуметтік желі арқылы байланысқанды ыңғайлы деп есептейді. Расымен де солай, жасқаншақ адамдар үшін кездесіп танысу қиындық тудыратын құбылыс. Сонымен қатар уақыт пен ақша құртып, кездесуге барудың қажеті жоқ. Сол үшін танысуға арналған сайттар мен платформалар жұмыс істей бастады. «Tinder», «Badoo», «Love planet» және т.б әлемге ең танымал танысуға арналған мобильді қолданбалар. Олар арқылы өзіңізге қандай адамдардың ұнайтынын белгілеп, көңіліңізден шығады деген жандармен байланыса аласыз. Хабарламаға міндетті түрде бірден жауап қатуды керек етпейді, сыртқы келбетіңіз үшін алаңдамасаңыз да болады. Егер жұбыңыз басқа қалада тұратын болса, қашықтықтан хабар алмасып тұруға мүмкіндік береді. Сол секілді бірнеше «плюстар» бар.
– Жұбайыммен «Mail.ru агент» арқылы таныстым. Басында хат алмасып, кейіннен дос болып, соңында көңіліміз жарасты. Жеке шекаралардан аспағанымыз сонша, танысқаннан ұзақ уақыт өткен соң білдік бір аудан тұрғыны екенімізді. Сонда да бір-бірімізді әбден танып болған соң ғана кездесуге шықтық. Қазіргі кезде 4 бүлдіршін тәрбиелеп отырған бақытты отбасымыз, – дейді оқырман Гүләйна Бейбітқызы.
Алайда интернет таныстықтың аяғы қайғылы оқиғаларға да ұласқан жағдайлар да аз емес. Бұл ғаламтор арқылы танысудың ең қауіпті тұсы десек те болады. Сөзімізге тұздық ретінде, көптеген нәзік жандылардың әлеуметтік желіде танысқан бейтаныс азаматтардан жапа шегіп, орны толмас қайғыға әкеліп соққан жағдайларын естіп жатамыз. Адамдардың пиғылын жалынды хабарламаларынан білу мүмкін емес. Мысалы, Оңтүстік Қазақстанда әйел адамды ғаламтор кеңістігінде танысқан ер адаммен кездесудің соңы өліммен аяқталды. Алматы қаласында болған 19 жасар Аяжан Еділбаеваның да жан түршіктірерлік қазасы үрей тудырады. «Махаббатты» сылтауратып, алаяқтарға жем болғандар біршама. Тағы да айта кететін жайт, желіде буллингке ұшырау қаупі басым. Себебі психикасы нашар, сізді қорлап, намысыңызға тиетін әрекет жасайтын адамдар болуы ғажап емес. Жаман айтпай жақсы жоқ, алайда олар қауіп төндірмейтініне ешкім кепіл берілмейді.
– Менің ойымша, ғаламтор арқылы танысатын уақыттан өтіп кеттік. Қазір адамдардың ниетін іс әрекеттен ұғатын кез. Заман дамыған сайын оның қаупі де екі еселенуде. Егер бірін бірі сырттай танитын жандар болса, оларға қарапайым өмірде байланысу ыңғайсыздық тудырса, сол кезде ғана әлеуметтік желіде танысқанның еш әбестігі жоқ. Кейбір адамдар жай ермек үшін ғана желі арқылы танысуды ұсынуы мүмкін, ал жапа шегетін сіз, – дейді қала тұрғыны Досымжан Іскендір.
Психологтардың айтуынша, виртуалды танысу адамның жан дүниесін ұғып бағуға тосқауыл болады. Яғни эмоция шынайы болмайды. Сондай-ақ жұптардың сәтті қосылғанын жоққа шығармайды, алайда бұл үштің біреуіне ғана бұйыратын бақ дейді мамандар. Иә, интернетте танысудың пайдасы да бар, қаупі де зор. Ал тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шығару сіздің қолыңызда. Виртуалды махаббатқа сенейік пе, сенбейік пе?


Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!