ЛДПР төрағасы Владимир Жириновский көз жұмды. Бұл туралы Мемлекеттік Дума басшысы Вячеслав Володин мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Айтуынша, Жириновский ұзақ уақыт бойы ауырған.
«Жарқын, талантты саясаткер. Әлемнің қалай ұйымдастырылғанын тереңінен түсінген және көп нәрсені көре білген адам. Мемлекеттік Думада ЛДПР фракциясының көшбасшысы. Ол қашан да оқиғалардың қақ ортасында жүрді.
Оның тұлғасының ауқымдылығы кең, енді заманауи Ресейдің саяси жүйесінің даму тарихын олсыз елестету қиын. Оның қызметінің ең үздік бағасы – дауыс берушілердің қолдауы. Ол туралы жарқын естеліктер әрқашан жүрегімізде қалсын», – деп жазды Володин 6 сәуір күні өзінің Telegram-арнасында.
Айта кетейік, Жириновскийдің қайтыс болғаны туралы ақпарат 25 наурызда да тараған болатын. Алайда ол кезде МемДума саясаткердің көз жұмғанын жоққа шығарды.
Владимир Жириновский 1946 жылдың 25 сәуірінде Алматыда дүниеге келген. 1993 жылдан бастап РФ Мемлекеттік Думасының барлық шақырылымдарының депутаты болды. ЛДПР атынан президенттікке кандидат ретінде бірнеше рет ұсынылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!