28 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясы өтті.

Сессия жұмысы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидатты сайлаудан басталды. Кузиев Закиржан көпшіліктің дауысына ие болып, ҚХА атынан ҚР Парламенті мәжілісіне сайланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық қоғамдық даму басқармасының ҚХА хатшылығы-этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Уалихан Ибраев мәлімдеді.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның негізі» атты ХХХІ сессиясы «Ұлт келешегі және ҚХА-ны жаңғырту», «Халық бірлігі; білімнің, мәдениеттің және азаматтық қоғам мен бұқаралық медиа институттарының рөлі» және «Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар сессиясы» секілді үш панелдік отырыстармен жалғасты. Онан соң, 29 сәуірде ХХХІ сессия Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен жалғасты. Сессия барысында Президенттің саяси өзгерістерді жүзеге асыруға бағытталған жаңа бастамалары аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының және оның қоғамдық құрылымдардың рөлі мен маңызы қарастырылып, талқыланады», – деді Уалихан Серікұлы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жаңа сын-қатерлердың туындауына ықпал ететін геосаяси ахуалдың ушығып тұрғанына тоқталды. Мұндай жағдайда еліміздің азаматтық бірегейлігін нығайтып, отаншылдық рухты көтеруге баса мән беру керектігін атады.

Президенттің пікірінше, Ассамблея құрылған уақыттан бері азаматтық бірлікті нығайтуға елеулі еңбек сіңірді.

Сессия делегаттары Қазақстан қоғамның барлық саласы батыл өзгерістер жолына түскенін атап өтті. Осыған байланысты Конституцияға елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін толықтырулар енгізу туралы бастама көтерді. Бұл бастамының ҚХА сессиясында көтерілуі Ассамблея институтының қоғамдық өмірдегі алатын орны мен маңызын айшықтайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!