Фото: Нұрболат Нұржаубай

Теміржол төңірегіндегі түйткіл көп. Кем-кетік Кеңес дәуірінен қалған тоз-тозы шыққан техника немесе жүрдек пойыздың жадау кейпімен шектелмейді. Ығы-жығы адамның арасында түйілген жүгін түгендеп отырғанда пойыздың кешігуі де зығырданды қайнатады. Билет алудың өзі бас қатыратын мәселеге айналды. ҚТЖ баспасөз қызметінің өкілдері 2023 жылы отандық өнімдегі 94 вагон сатып алынғанын айтқан еді. Ал биыл 62 вагон рейске шығып, 2025 жылдан 2030 жылға дейін Stadler компаниясының 537 вагонын сатып алу жоспарланып, 2030 жылға қарай парктің орташа жасы 13 жылға қысқаратынын мәлімдеді. Бірақ бұл сервис сапасын жақсартып, рельстен шығып, апатты көбейткен жағдайды қаншалықты реттейтіні белгісіз. Мәселеге қатысты депутаттардың да дегбірі қашқан секілді. Күмән көп, сенім аз.

Субсидия: Баға мен сапа сай емес

Жолаушылар шағымы көп-ақ. Тіпті тас қараңғыда түнеп, жаурағаннан сырт киіммен ұйықтап, пойыз еденіне мұз қатқанын айтып мұң шаққандар болды. Билет құны қымбат, ал сапа сын көтермейді. Субсидия сарқылмаған сыңайлы, сонда бөлінген қаржының есебін кім береді? Әлде жыртық жамауға шама келмей жатқаны ма? Өткен жылы Мәжіліс депутаты «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев жолаушылардың мәселесін көтеріп, Үкімет басшысына сауал жолдаған еді.
– «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы 1997 жылы құрылды. Яғни 26 жыл күткеніміз аздай, енді тағы да 7 жыл күтуіміз керек. Күткен үмітіміз ақталатынына, вагондар паркін жаңарту жұмысы тиімді болатынына сеніміміз аз. 2030 жылы қалған вагондар ескіріп, теміржол құрамы паркінің тозуы 55%-дан да асып кетпейтініне кім кепіл?! Кондиционері істемейтін, терезелері ашылмайтын, қабырғасында тарақандар жүретін, қазіргі уақытта тозығы жеткен вагондарға жаз мезгілінде билет сатып алу арман болды. Ал сәті түсіп билет тапқан бақытты жандарды вагон ішіндегі нағыз масқара күтіп тұрады, – деді ол.
Сонымен қатар мәжілісте билет тапшылығы мен шарықтаған бағасы жайлы сөз қозғады.
– Билеттер тапшылығымен қатар, бағасының қымбатшылығын көріп отырмыз. Олар әртүрлі мобильді қосымшаларда сатып алу кезінде ерекшеленеді. Тапшы маршруттарға билеттерді сатып алу кезінде тек жоғарғы орындар қол жетімді. Бұл жыл сайынғы теміржол билеттер құнын субсидиялауға қомақты қаражат бөлінуіне қарамастан орын алып отыр. Онымен қоймай, қымбат бағасына сапасы сай келмейтін пойыздардың жиі кешігуі орын алып жатыр. Соңғы кездері сапардағы азаматтарымыз үшін пойыздардың 1-2 сағат кешігуі үйреншікті жайт болып қалды. Бұл уақытты жоғалтуға ғана емес, кейде қаржылай шығындарға әкеледі, өйткені трансфермен келе жатқан жолаушылар келесі пойызға кешігіп қалады. Бірақ бұл үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға ешкім асықпайды, – деді Е.Сабыржанұлы.
Тоз-тозы шыққан вагондар жүйкені жүндей түтіп жібергені рас. Діттеген жеріне діңкесі құрып жеткен соң да дау көбейіп отыр. Ал ҚТЖ өкілдері пойыз вагондарының жаңаратынын айтып жар салды. Tengritravel.kz редакциясына берген жауабында Ұлттық тасымалдаушының вагон паркінде 2,1 мың бірлік бары айтылған. Оның 1,3 мыңы – стандартты вагондар, 730-ы – Тальго және 100-ден астамы электро-дизельдік пойыздардың вагоны. Олардың орташа жасы – 17 жыл. Парктің орташа тозу деңгейі 44 пайыз. Алдағы уақытта жаңа вагонмен қамтамасыз етілмек. Ұлттық тасымалдаушы жылына орташа есеппен 13,5 миллион жолаушыны тасымалдайды. Қазақстандықтар арасында ең танымал бағыттар: Астана – Алматы, Астана – Шымкент, Алматы – Шымкент, Астана – Семей және Алматы – Семей.


«Darmen» қосымшасының дәрмені қандай?


Жапонияда пойыз он минут кешіксе жолаушылар ашуланатын көрінеді. Содан болар 1 минут бөгелгеннің өзінде кешірім сұрайды екен. Ал дерекке сүйенсек, өткен жылы елімізде 11 және 17 тамыз аралығында пойыздың 50 сағат 40 минутқа кешігіп келуінің 86 жағдайы тіркеліпті. Бәлкім, бұған етіміз үйреніп те кеткен шығар. Нақты себепті есепке алмағанда, жолаушының да мазасы қашатыны айтпаса да түсінікті. Осы орайда елімізде пойыз кешігуі жайлы хабар тарататын «Darmen» қосымшасы жайында естіп пе едіңіз? Ал бұл 2021 жылы іске қосылған. Қазір қосымшаны 400 мыңнан астам адам қолданып отыр. Ақпаратқа сәйкес, алғаш қосымшаға Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалы қосылса, бүгінде 19 вокзалды қамтып отыр. Бірақ Push-хабарламаның пайдасын көргендер сирек секілді. Әйтпесе уақыт шығыны жайында шағым көбеймес еді ғой. Десек те статистика басқаша сөйлейді.
– Біздің қосымша бірнеше бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Соның бірі пойыздардың кешігуі туралы хабарлама жіберу. Мәселен, 2022 жылы «Darmen» мобильді қосымшасы арқылы 3496 рет хабарлама жіберілсе, 2023 жылы 7152 рет хабарлама жолданған. Өткен жылдың қараша айының соңындағы жағдай бойынша біздің қосымшаны 411 668 адам жүктеп алған, – дейді А. Гимранов. Сондай-ақ маркетинг бөлімінің қызметкері қаржыландыру болса қосымшаны дамытуға болатынын да айтты.
– «Darmen» мобильді қосымшасын дамыту жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Пойыздың кешігетіні туралы алдын ала хабарлама жіберу жолаушылар үшін өте тиімді. Соған қарап адамдар уақытын текке өлтірмей, басқа істерін бітіріп алады. Әуежайда ұшақтың кешігуіне байланысты хабар жіберу бұрыннан жолға қойылған. Жолаушылар үнемі «пойыздың кешігетінін өз уақытында хабарлап айтпайсыздар немесе мүлдем хабарлама жібермейсіздер» деп көп шағым айтады. Кейбірі хабар жолдайтын «Darmen» мобильді қосымшасы жайлы біле де бермейді, – дейді ол.
Егер әуежайды мысалға алатын болсақ, пойыздың кемшін тұсы тіпті көбейеді. Мәселен, ұшаққа билетті бір ай бұрын алса, бағасы тиімді. Ал пойызға қай уақытта алсаң да жеңілдік жоқ. Тіпті табан асты таусылғанда тауы шағылған жұрттың алыпсатарларға күні түседі. Дәмеленген делдалдың қолы жүреді мұндайда. Бірақ талай жолаушы билет тапшы болғанымен, бос орынды көріп бас шайқаған. Әйтеуір теміржолға келгенде толассыз мәселенің тіні тарқап, шағым да шегінен асады. «Жемқорлық жайлаған» жолаушылар тасымалын бір жүйеге келтіріп, құзырлы орындардың іске кірісу керегі жиі айтылып-ақ жүр. Бірақ нанымды нәтиже жоқ.

Аймақтағы теміржолдың ахуалы


Қызылорда теміржол вокзалы архитектурасымен айрықша. Әр қатпарында тарихтың таңбасы жатыр. Бүгінде сыртқа және ішкі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 3700 шаршы метр аумаққа асфальт төселген. Теміржол желісінің жалпы ұзындығы 1055 шақырымды құрайды. Облыс аумағынан барлығы 16 жұп жолаушы пойызы өтеді, оның ішінде облыс орталығынан Петропавловск, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан қалаларына 5 жұп жолаушы пойызы ұйымдастырылған. Ал «Қызылорда-Бесарық-Түркістан» жолаушы пойызы облысымыздың оңтүстік бағытындағы 26 елді мекенді көлік қызметімен қамтиды. Өткен жылы қаңтар-тамыз айларында 14,2 мың жолаушы тасымалданды. Жаңғырту жұмысына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев көңіл бөліп, теміржол саласын дамытуға қатысты тапсырмалар берген болатын. Үкімет отырысынан кейін арнайы мәжіліс өткізіп, жиында айтылған мәселелерге толығырақ тоқталды.
– Облыс аумағында «Қазақстан Темір Жолы» ҰК акционерлік қоғамына қарасты 8 теміржол вокзалы және 2 қызмет көрсету пункті бар. 6 вокзал ғимараты жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген. Сексеуіл, Арал теңізі, Қазалы, Жосалы, Қызылорда, Шиелі вокзалдары 1904 жылы салынған. Бүгінде Қызылорда қаласындағы вокзал ғимараттарына және оның іргелес аумағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 577 млн теңгені құрайды. Оған «Қазақстан Темір Жолы» компаниясынан 322 млн теңге және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен 255 млн теңге қаржы бөлінді, – аймақ басшысы.
Өңірдегі вокзалдың өңі де келісті, әрине. Бірақ ескінің сарқыншағы болған кей вагон мен сапасыз сервиске көңілі толмай, әбіржіген жолаушы аз емес. Бәрінің тілегі бір. Құны мен қызметтің сай болуын талап етеді. Сондықтан бір күнде шешімін таппаса да, түйінін тарқатады деп ойлаймыз.


Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!