Ертеде бір жасыл да көркем алқапта Айбар деген бала өмір сүріпті. Ол табиғатты сүйіп, гүл тергенді жақсы көретін. Бір күні алқаптың шетінде бұрын-соңды көрмеген ерекше гүлді байқайды. Гүлдің түсі алтын сияқты жарқырап, иісі сондай жағымды еді. Иісі аңқыған сайын Айбардың басы айналып, жүрегі біртүрлі соға бастады.
– Бұл қандай керемет гүл! – деп, Айбар оған жақындай түседі.
Сол сәтте ақ сақалды Дана қарт пайда болып:
– Балам, абай бол. Бұл – улы гүл. Иісі тәтті болғанмен, жанды әлсіретеді, – деп ескертеді. Айбар қарттың сөзіне мән бермей, гүлді жұлып алады. Көп ұзамай ол әлсіреп, айналасын анық көре алмай қалады. Достары мен отбасын ұмытып, тек сол гүлді ғана ойлай бастайды. Алқаптағы құстар ұшпай, бұлақтың суы лайланады.
Бір күні Айбар шындықты түсінеді. Ол гүлді алысқа апарып, жерге көміп тастайды. Уақыт өте келе алқап қайтадан жайқалып, Айбардың да денсаулығы қалпына келеді.
Содан бері ол өзгелерге:
– Сырты әдемі, иісі тәтті нәрсенің бәрі пайдалы емес. Адамды әлсірететін нәрседен аулақ болу керек, – деп айтып жүріпті.
Бұл ертегі алдамшы нәрседен сақ болуды үйретеді.
Жамалбек Нұрлыбек, Жанқожа батыр атындағы №269 орта мектептің 8 «Ә» сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!