Білім беру саласында жоғары оқу орындарының рөлі зор. Себебі бұл алаңды барлық мамандық иелерін шығаратын зауыт десек те болады. Жалпы, университеттің басты міндеті – сапалы білім беру, ғылыми ізденісті дамыту және қоғамға пайдалы тұлға тәрбиелеу. Бірақ осы миссияны жүзеге асыру үшін әуелі қабілетті, мақсатшыл студент қажет. Ал ондай жастарды оқу орнына тарту – кездейсоқтық емес, жүйелі еңбекті қажет ететін процесс. Бұл – рекрутинг.

Университеттің тұрақты дамуы үшін жыл сайын жеткілікті көлемде талантты студенттерді қабылдау өте маңызды. Рекрутинг – осы мақсатқа жетудің басты құралы. Белсенді рекрутинг арқылы оқу орындары мектеп бітірушілер мен басқа да үміткерлерді өздеріне тартып, өтініш берушілердің санын арттыра алады. Бұл әсіресе бүгінгі жоғары білім нарығында өзекті, себебі көптеген елде демографиялық өзгерістер мен бәсекелестік әсерінен әрбір студент үшін талас күшейген. Сол себепті университеттер үміткерлермен ертерек байланыс орнатып, оқу орнының артықшылықтарын таныстыруға тырысады.

Рекрутингтің нақты нәтижесін сандар арқылы көрсетсек. Мысалы, шетелдік зерттеу барысында университетке қызығушылық білдірген талапкерге оқу орны тарапынан дер кезінде хабарласып, ақпарат беру оның сол университетке оқуға түсу ықтималдығын 20 есеге дейін арттырған. Бұл дерек белсенді байланыс пен жүйелі жұмыстың үміткерді нақты студентке айналдыруда шешуші екенін айғақтайды. Сонымен бірге рекрутинг – бренд қалыптастыру құралы. Мектептерде, колледждерде таныстырылымдар өткізу, әлеуметтік желідегі мазмұндар арқылы университетті тартымды ету – қабілетті жастарды тартудың басты жолы.

Аймақтағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті де еліміздегі рекрутинг бағытын ерекше дамытқан жоғары оқу орындары қатарында. 2019 жылы жұмысын бастаған рекрутинг бөлімі бүгінде қоғам алдында өздерін мойындатқан. Өз мүмкіншіліктерін ашық түрде түсіндіру арқылы, тіпті профориентация, грантолог бағыттарында шынайы, тегін қызмет көрсету арқылы ата-ана мен талапкерлердің көңілінен шығуда.

– Жыл бойы біз еліміздің әр өңіріндегі мектеп түлектерімен жүздесіп, ҰБТ мен гранттық конкурстың мазмұнына байланысты ақпараттық-танымдық жұмыстар жүргіздік. Себебі біз үшін тек маман тарту емес, ең бастысы, талапкердің болашағына дұрыс бағдар беру маңызды. Көптеген талапкер ҰБТ-дан жоғары балл жинаған соң, кез келген мамандық пен университетке автоматты түрде грантқа түсіп кетемін деп ойлайды. Бұл – жиі кездесетін қате түсінік. Себебі гранттар жалпы конкурстан бөлек, нақты бағыттарға бөлінеді. Ол педагогикалық, техникалық, медициналық, тағы басқа. Мәселен, сіз 110 балл жинасаңыз да, егер таңдаған мамандығыңызда грант саны аз, бәсеке жоғары болса, сізден төмен балл жинаған басқа талапкер арнайы квота арқылы грант ұтып кетуі мүмкін. Міне, осы сәтте сарапшы кеңесі, мамандық құрылымын білу, гранттық квоталардың бөлінісі секілді факторлар шешуші рөл ойнайды. Біздің бөлім жыл сайын осы бағытта жұмыс жүргізіп, түлектерге ақпарат емес, түсінік береді. Себебі ақпаратты кез келген жерден табуға болады, ал дұрыс талдау жасау мен бағыт беру – кәсіби тәжірибе ісі, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Рекрутинг және мансап бөлімінің басшысы Асхат Мырзабай.

Биылғы мектеп бітірушілердің мемлекеттік гранттық конкурсқа қатысуына қолайлы мүмкіндіктер жасалған. Ауыл-аймақтан келуге қиындық туғызатын талапкерді әлеуметтік теңсіздікке ұшыратпай, 5 ауданға кеңес беру, құжат тіркеу бойынша мамандар жіберілген. Нәтижесінде, биыл Қызылорда қаласы мен кейбір аудандарда орналасқан кеңес беру пунктінде 6 мыңға жуық талапкерге нақты бағыт берілген. Олардың таңдаулары, балдары, мамандықтарына қатысты сұрақтары бойынша тегін консультация беріп, көптеген ата-анамен жеке сөйлескен. Осылайша, Қызылорда облысындағы беделді жоғары оқу орнына 1280 талапкер мемлекеттік грантқа түсті.

– Таңдау жасауда көпшілік біле бермейтін бір жайт – әр университет өз ішкі шекті балын бекітеді. Мысалы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде дене шынықтыру пәні кемінде 115 балл, ағылшын тілі мұғалімі 80 балл, барлық педагогикалық мамандықтарға 75 балл және басқа мамандықтар кемінде 50 балл қажет, яғни егер талапкер тест орталығы бекіткен шекті балды жинаса да, біздің университеттің сол мамандығына сәйкес шекті межені жинамаса, ол грантқа да, ақылы бөлімге де тапсыра алмайды. Бұл да – ата-ана мен талапкер алдын ала біліп отыруы тиіс мәліметтердің бірі. ҰБТ нәтижесіне қатысты тағы бір маңызды жайт – гранттық конкурстағы бәсекелестіктің күрт артуы. Биыл түлектер саны артқандықтан, жоғары оқу орындарындағы білім беру гранттарына талас та күшейе түсті. Мәселен, топ ондыққа кіретін ең жиі таңдаған мамандықтың көшін бастап тұрған ақпараттық технологияларға 11740 өтініш түсті. Одан кейін дене шынықтыру мұғалімін даярлауға 6003, медицина 4536, шет тілі мұғалімдерін даярлауға 3960 өтініш қабылданды, – деді ол.

Рекрутинг дұрыс жолға қойылса, студент саны артып қана қоймайды, университеттің беделі көтеріледі, халықаралық деңгейде аты танылып, кампустағы академиялық орта жаңа серпін алады.

Азамат САМАТҰЛЫ,
Қорқыт ата атындағы ҚУ,
Рекрутинг және мансап бөлімінің маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!