6 желтоқсан – Прокуратура күні. Прокуратура – Республикада жоғары қадағалау қызметін жүзеге асыратын жалғыз мемлекеттік орган. Заңды мен құқықтың ұлықтылығын қамтамасыз етуде, әділетті қоғам құруда басты рөл атқаратын сала қызметкерлерінің жұмысы аса маңызды. Қателікке бой алдырмай, босаңсудың кешірмейтін саланың мамандарына да құрмет әрқашан жоғары.
Прокуратура органдары қызметкерлерінің жоғары кәсіпқойлығы, олардың өз ісіне берілгендігі мен адалдығы, кез келген заң бұзушылыққа ымырасыз көзқарасы және көтеріңкі жауапкершілігі азаматтарға заңның жеңісіне деген сенімін сақтауға көмектеседі.
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Қызылордада «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық кеңестің отырысы өтті. Кеңес отырысында Қызылорда қаласы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының аймақта 2025 жылы іске асырылу барысы қаралды.
Басқосуға облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, Қазақстан мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Мирамкүл Бибітова, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы Мұрат Тасқараев, кеңес мүшелері және партияның қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева мен партияның қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мейрамбек Есжанов қатысты.
Кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы «Заң және тәртіп» қағидасы құқық бұзушылыққа жол бермеу, заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстанымы мемлекетіміздің мызғымас тұғыры екенін тілге тиек етіп, бұл мәселе партияның ерекше бақылауында тұрғанына ерекше тоқталды. Соған сәйкес партия жанынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша кеңес пен партиялық бақылау комиссиясы жұмыс атқаратынын, жиын барысында түскен ұсыныстар тиісті органдарға жолданатынын атап өтті.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы Мұрат Тасқараев хабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Бұл мәселе тұрақты назарда тұр. Қала әкімдігінің құрылымында «Ашық әкімдік» («Open Space») форматы қолданысқа енгізіліп, бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында қала әкімдігіне қарасты Тасбөгет кенті мен Ақсуат, Ақжарма, Қосшыңырау, Қарауылтөбе, Қызылөзек ауылдық округ әкімдерінің аппараттарының ғимараттары «Ашық әкімдік» форматына көшірілген. Бұл бастама мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы кедергілерді жою бағытында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға өз септігін тигізіп жатыр, – деді Мұрат Тасқараев.
Аппарат басшысының айтуынша, сыбайластық сипатындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау бағытында қала әкімдігі құрылымындағы барлық мекемеде профилактикалық жұмыстар ұйымдастырып, басшылар мен лауазымды тұлғалардың жауапкершіліктерін арттыру көзделген. Осы мақсатта Қызылорда қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілінің функциясы аппарат басшысына жүктелген. Қызылорда қаласы әкімдігі жанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның 2025 жылға арнайы жұмыс жоспары бекітіліп, жоспар аясында комиссияның отырысында әлеуметтік салада, бизнес қоғамдастығында және жалпы қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы мәселелер қаралды.

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қоғам тарапынан қадағалау шараларын арттыру мақсатында қала әкімі жанынан арнайы комиссиялар жұмыс істейді. Соның бірі – жер комиссиясы құрамы кәсіпкерлер мен қоғам белсенділерінен және азаматтық қоғам өкілдерінен жасақталған. Әрбір комиссия отырысы бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен интернет ресурстарында тікелей көрсетілім арқылы ашық түрде өтіп жатыр. Бүгінде жер қатынастары саласындағы барлық құжат айналым «Бір терезе» қағидасы бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталығы» арқылы жүргізіліп жатыр.
Тұрғындарды көп толғандыратын жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер телімдері мен тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтардың реттілігі туралы ақпараттар қала әкімдігінің ресми сайтында, жергілікті баспасөз беттерінде және арнайы «Kezekte.kz» сайтында жарияланып, өз мерзімінде жаңартылып жатқаны айтылды.
Бұған қоса қоғаммен ашық байланыс орнату үшін «Open Қызылорда» жобасы жұмыс істеуде. Жыл басынан бері аталған жоба бойынша әлеуметтік желілер мен хабарламалар арқылы тұрғындардан 1 300-ден астам өтініш түсіп, тиісті сала мамандарымен дер кезінде нақты жауаптар берілген. Кейінгі 3 жылда аталған жоба арқылы 20 мыңға жуық тұрғынның ұсыныс-пікірлері тыңдалып, халық пен билік арасында ашық диалог орнатудың ең тиімді тәсіліне айналған.
Жалпы 2025 жылы қала әкімдігімен 80 қызмет түрі бойынша 126 мың 905 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 40%-ы «Электрондық үкімет порталы» арқылы жүргізілген. Оның ішінде соңғы 4 жылда электронды түрде көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны 2 есеге артқан. Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы бұл өз кезегінде жауапты мамандардың жеке және заңды тұлғалармен тікелей қарым-қатынасын болдырмауға, уақытылы және сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп отырғанын жеткізді.
Осы орайда айта кету керек, комиссия халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру мақсатында жергілікті телеарналардан 50 сюжет, жергілікті баспасөз беттерінен 35 мақала, әлеуметтік желілер арқылы посттар мен инфографикалар жариялаған. Сонымен қатар халық көп шоғырланатын орындарда, әлеуметтік нысандар мен қала көшелерінде орналасқан ЛЭД экрандармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы әлеуметтік бейнероликтер тұрақты түрде көрсетіліп жатыр. Мұнан бөлек, «Арыңды сатпа!», «Пара туралы хабарла», «Барыңды бағала, «Пара берме» тақырыптарында арнайы сыртқы көрнекі ақпараттық билбордтар орналастырған.
Жиында филиал төрағасы Жандос Базартай және Кеңес мүшелері тиісті жұмысты жетілдіру бағытындағы ойларын ортаға салып, нақты ұсыныстарын жеткізді. Көтерілген ұсыныстар хаттамаланып, тиісті органдарға жолданады.
Қуаныш АРҚА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!