Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы еліміз 1998 жылы бас тартқан ынтымақты зейнетақы жүйесін қайтару мәселесін талқылауға шақырды
Мәжіліс депутаттары премьер-министрге зейнет жасын қайта қарау туралы тағы да депутаттық сауал жолдады.
Биыл 27 қаңтарда Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы премьер-министр Асқар Маминге ерлер мен әйелдер үшін зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуді ұсынған еді. Үкімет елде зейнетке шығу жасы қайта қаралмайтынын мәлімдеді. Алайда үкіметтің жауабы мәжілісмендерді қанағаттандырмаған. Осыған байланысты фракция депутаттары зейнет жасын төмендету мәселесін қайта көтерді.
«Сізден 1998 жылы Қазақстан бас тартқан ынтымақты зейнетақы жүйесін қайтару мәселесін талқылауға оралуды сұраймыз. Мұны жалпылама сөздермен емес, жұмыс істейтіндерге тигізетін теріс әсері мен мемлекеттік бюджеттің нақты қаржылық мүмкіндіктерімен негіздеуді өтінеміз», – деді депутат Александр Милютин премьер-министрге.
Айтуынша, үкімет азаматтардың зейнет жасын еңбек жағдайының қиындығына қарай қайта қарау туралы ұсынысты назардан тыс қалдырған.
«Заң бойынша бізде тек күш құрылымдары қызметкерлері ғана зейнетке ерте шыға алады. Алайда бұл кеншілер, металлургтер, өнер адамдары (балериналар) үшін әділетсіз. Өйткені олар еңбекке жарамдылығын 60 жастан ерте жоғалтады. Зейнетақы жүйесі түрлі санаттағы азаматтарды кемсітпеуі тиіс деп санаймыз және еңбек жағдайларының күрделілігін тең дәрежедле ескеруі тиіс», – деді мәжілісмен.
Сонымен қатар Милютин зейнетақы мөлшері туралы да айтты. Ол зейнетақы мөлшерін есептеген кезде заң 46 АЕК көлеміндегі шектеу енгізетінін және зейнеткердің өзі жинаған нақты табысын ескермейтінін атап өтті.
«Үкімет неге осы норманы өзгертіп, Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдарына сәйкес келтіру туралы ұсыныс енгізбейді?», – деді мәжілісмен.
Сонымен қатар, депутат зейнетақыны есептеу кезінде инфляцияны ғана ескермей, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуі негізінде индексациялау қажет деп санайды.
«Орташа статистикалық зейнеткер автокөлік сатып алмайды. Оның зейнетақысы өмір сүруге қажетті әлеуметтік маңызы бар тұтыну тауарлары мен қызметтерді алуға жетуі тиіс. Сол себепті зейнетақыны көтерген кезде нақ осы тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі ескерілуі керек деп есептейміз», – деді Милютин.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!