Елімізде баспана мәселесін шешу үшін біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану ережелері әзірленді. Бірақ бұл нормалар әлі талқылану кезеңінде. Бұған дейін жарияланған ақпарат бойынша мынадай талаптар ұсынылған еді.
Біріншіден, тұрғын үйді алғашқы және қайталама нарықтан сатып алуға болады. Бұған қоса жер учаскелерін сатып алу мәселесі де қарастырылған.
Екіншіден, ипотека алатын болса, соның алғашқы жарнасын зейнетақы қорынан төлеуге болады.
Үшіншіден, бұған дейін алған ипотекаңыздың қарызын жабуға мүмкіндік бар. Ескеретіні, кез-келген банктегі ашылған ипотека және барлық бағдарлама бойынша өтеу жағы қарастырылуда.
Төртіншіден, жеке тұрғын үй салу немесе үйді жөндеу жұмыстарына зейнетақы қорындағы қаражатыңызды жұмсай аласыз.
Жинақтағы қаражатты тағы қалай жұмсауға болады?
- Жекешелендіру арқылы алатын үйге, бөліп төлеу арқылы сатып алатын үйге, айырбастау арқылы алатын үйге жұмсауға болады;
- Ипотекалық қарыздың бір бөлігін немесе толықтай төлеуге болады. Тіпті, қордағы ақшаға айыппұлды қосып төлеу жағы да қарастырылған.
- Бұл тізімге сатып алу құқығымен берілетін баспана да еніп отыр. Бұл жобаның жалғыз операторы − Samruk Kazyna Construction.
- Жеке үй салуға және жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін сатып алу көзделмек.
- Жақын туыстары бір-бірінің (ата-анасы, баласы, ағасы мен әпкесі, ата- әжеcі, немереcі) пәтер алу үшін зейнетақы қорындағы қаражатын қолдана алады.
Ескеретіні:
- Бұл бағдарламаға басында баспанасы бар, жеке секторда үйі барлар да қатыса алады.
- Зейнетақы қоры арқылы пәтер алғаннан кейін оны сатуға болмайды.
- Зейнетақы қорынан үй алуға берілетін қаражат қолма-қол берілмейді.
- Мүлікті отбасы мүшелеріне (жұбайына, ата-анасына, баласына, бауырына, әпкесіне, атасына, әжесіне, немересіне рәсімдеуге болады.
Пәтер алу қалай жүзеге асады?
- «Отбасы банкінің» сайтында ЭЦҚ арқылы кіру керек;
- Жеке кабинет ашу керек;
- Одан кейін біржолғы зейнетақы төлемін алу үшін өтініш толтыру қажет;
- Қол қойылғаннан кейін электрондық өтінім БЖЗҚ-ға түседі;
- БЖЗҚ бес жұмыс күні ішінде сұралған соманы операторға аударады (бірақ алуға рұқсат етілген шекті мөлшерден аспайды);
- Сома қаражат алушының арнайы шотына аударылады. Егер туысына баспана сатып алатын болса, жеке шоттағы төлемді тағайындау туралы келісім болуы тиіс. Ол ЭСҚ-мен куәландырылады;
- Оператор құжаттарды тексеріп, үш жұмыс күні ішінде (оларды алған күннен бастап) төлемді банкке аударады;
- Екі ай ішінде төлем қолданылмаған жағдайда (шотқа түскен күннен бастап) уәкілетті оператор қаражатты БЖЗҚ-ға қайтарады.
Бекітілген соңғы нұсқа жыл соңында дайын болады. 2021 жылдың басында қазақстандықтар аталған зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін баспана мәселесін шешуге қолдана алады. Зейнетақы жинақтарын төлеу арқылы тұрғын үй жағдайын жақсарту тәртібін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекітеді.
Белгілі болғандай, қордағы қаражатты пайдалану бойынша қоғамдық талқылау 2020 жылдың 22 желтоқсанына дейін жалғасады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!