Фото: taunews.kz

Бес парыздың бірі – зекет құлшылығы. Қоғамда маңызы жоғары тұратын ғибадат. Бұл дүние-мүлік арқылы орындалады. Зекет сөздікте тазалық, берекет, көбею, арту, өсу сынды мағыналарды береді. Шариғат талабын орындап, парыз болған зекетін уақытылы өтеген адамның дүние-мүлкіне Алла береке береді. Ең лас дүниеден берген зекеті тазалайды. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мал-мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар, ауруларыңды садақамен емдеңдер және бәлеге қарсы дұға әзірлеңдер», – деп айтқан. Зекет ғибадатының түпкі мақсаты – қоғамдағы мұқтаж жандардың қажеттілігін өтеу.

Алла Тағала зекет құлшылығын ислам дінінің негіздерінің бірі ретінде бекітіп, оны әл-ауқатты мұсылманға парыз етіп бұйырған. Құранда: «Әрі намазды толық орындаңдар, зекетті беріңдер!», – делінеді («Бақара» сүресі, 43-аят). Осы аяттан зекеттің парыздығы намаз құлшылығымен қатар бұйырылғанын көруге болады. Айтпақшы, зекет сөзі Құранда жиырма жеті жерде намазбен бірге аталады екен. Мұндағы мақсат – намаз оқушылардың зекет берушілерден екенін баяндаса керек.

Шариғаттағы зекет сөзінің мағынасына келсек, белгілі бір өлшемдегі мал-мүліктің белгіленген бір бөлігін Алла Тағаланың разылығы үшін тиісті кісінің меншігіне беру дегенді білдіреді. Шәкәрім бабамыз: «Құдай Тағаланың пақырлар үшін жүз қойдан бір қой зекет бізге осынша ауыр көрінгені қалай? Тегінде байқасаңыз бізге көрінбей тұрса да, бізді теріс жолға қызықтырып, оң жолдан жиіркендіріп тұрған бір нәрсе бар емес пе? Сол шайтан деген жауыңыз. Не қылсаңыз соған алдатпа», – деп зекеттің парыз екендігін айтқан.

Зекет беру ауқатты мұсылманға ауыр көрінбеу керек. Мал-дүниенің, байлықтың белгіленген бір бөлігін Алла разылығы үшін «зекетім» деп атап тұрып, шын көңілмен беру жай нәрсе емес. Себебі, берілген зекетіміз арқылы қолда қалған дүние-мүлкіміз рухани ластықтан түгел тазарып, орнына береке мен көбею келе бастайды. Нағыз береке деген осы емес пе?!

Зекет беру кезінде адамның нәпсісі сыналады. Құранда:«Кім өзінің сараңдығынан сақталған болса, міне, солар – табысқа жетушілер», – деп айтқан («Хашр» сүресі, 9-аят). Зекет беру арқылы адам бойындағы сараңдық сынды жағымсыз істер жойылып, жомарттық, сақилық сынды қасиеттер артады. Жоқ-жітіктерге деген мейірімі оянады. Осындай жақсы қасиеттер адамды сауапты істерге жетелеп, дүние-мүлкінің берекесін кіргізеді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әр күні таңертең екі періште түседі. Бірі: «Ей, Раббым! Садақа бергенге садақасына қайтарым ретінде жаңасын нәсіп ет», – десе, екіншісі: «Ей, Раббым! Сараңдық еткенге мал-дүниесін опат ет», – деп дұға етеді», – деп айтқан.

Әрбір құлшылықтың өзіне тән даналығы бар. Зекет – ауқатты, дәулетті кісінің мұқтажға беруі тиіс Алла белгілеген мойнындағы қарызы. Өмір – сынақ. Сол секілді қолдағы байлық та бір сынақ. Жоқшылық пен таршылық та сынақ. Бай адамның қолындағы көл-көсір дүниенің де сұрауы бар. Мәселен, қайдан тауып, қалай жұмсағандығы, адал жолмен тапты ма, жоқ арам жолдан келген дүние ме, міне Алла алдында осындай есебі болады. Бай адам байлығының бір бөлігін кедей, мұқтаж жандарға беруге міндетті. Құранда: «Сұраған мұқтаждың немесе ар-намысынан себеп ұялып сұрай алмағанның байлықта белгілі бір хақы бар», – деп келеді («Зәрият» сүресі, 19-аят). Осы тұрғыдан қарасақ, байлығы оған бір сынақ. Сондықтан, жыл сайын зекетін беріп, мал-дүниені адалдан табу, берекесін сақтау өте маңызды.

Расында зекет құндылығын, оның парыз болу хикметін бай мен кедей түсіне білсе, араларында кек сақтау, өшпенділік секілді жағымсыз істер жойылып, тек бір-біріне деген сүйіспеншіліктері артып, сыйластықтары нығая түсер еді. Қоғамның тыныштығы бай мен кедейдің бір-бірін жете түсінуінде жатыр. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Малыңның зекетін бергенде, кедейдің өзіңнің малыңдағы ақысын төлеген боласың», – деген екен. Кедейдің ақысы зекетті дер уағында беруімен өтеледі. Қоғамда тыныштық орнайды. Зекетін есептеп, дәл уағында әрбір адам беретін болса, қоғамдағы кедейліктің саны азайып, қиыншылықта жүрген адамның тұрмысы әжептеуір түзеле түседі.

Білесіз бе?! Дүниесі жоқ кедей адамның да өзінің өмірдегі сынағы болады. Жоқшылыққа сабыр көрсете алады ма, жоқ әлде күпірлік етеді ме?! Тағдырға разылығы не болмаса оның наразылығы кедейлік кезде байқалады. Адамдарға қол жайып масылдық танытпай, адал еңбек етуі сынды өзіндік сынағы көрініс беріп тұрады. Сондықтан, кедейлік сәтінде тағдырға разы болу, қиыншылыққа сабыр көрсету, дүние үшін ар-намысын сатпау, мінез-құлқын бұзбау – Алланың разылығына жеткізетін амал. Қоғамда байлық мен кедейліктің болып тұруы заңдылық. Өмірде мұндай бір-біріне қарама-қайшы жағдайлардың болуы өмірдің сынақ мекені екенін аңғартса керек. Демек, байлық абырой емес, кедейлік қорлық емес. Бұлар жәй ғана сынақ болып табылады.

Зекет беру біз ойлағандай жатқан шығын емес, бұл – шүкіршілік болып табылады. Ал, шүкіршілікті жәй тілмен емес, мүлік иесі Алланың әміріне сай зекетті өтеу арқылы білдірсе, иігілігі артып, дүниесі көбейе түседі. Алла Тағала былай дейді: «Егер шүкір етсеңдер, сөзсіз, (берген игіліктеріме алғыс білдірсеңдер), сендерге оны міндетті түрде арттыра беремін. Ал күпірлік қылсаңдар, сөзсіз, Менің азабым тым қатты» («Ибраһим» сүресі, 7-аят). Зекет – «мен таптым» деген күпірліктен сақтап, дүние- мүлікті берген «Алла» деген ақиқатқа жеткізеді. Зекет – дүниені жүрекке кіргізіп алудан қорғап, пенде баласын Аллаға жақындататын ғибадат.

Шариғат қағидасымен қарасақ, негізгі қажеттіліктері мен қарызынан тыс нисаб мөлшеріндей зекеті берілетін және бір жыл өткен мүлікке ие адам зекетін кешіктірмей беруі парыз болып табылады. Зекетті қандай да бір себепсіз кешіктіріп, әдейіге бермей жүрсе, күнәһар болып табылады. Өйткені, зекет жоқ-жітіктің мойнындағы ақысы болып табылады. Зекет мұқтаждың қажеттілігін өтеу үшін парыз етілген болса, демек оны дер уағында беру парыз екенін ұмытпаған жөн.

Зекет беруге міндетті болу үшін әуелі адамның бойында мынадай шарттар болуы тиіс. Зекет беретін адам мұсылман болуы, бас бостандығы болуы және ақыл-есі дұрыс, балиғат жасқа жеткен болуы керек. Сонымен қатар зекет беретін адамның негізгі қажеттіліктерінен және қарыздарынан тыс нисаб мөлшеріндей немесе онан да көп мал-мүлікке ие болуы керек. Нисаб деп мал-мүліктің зекетін беруді қажет ететін мөлшерді айтады. Зекет беруші мал-мүлікке толық иелік етуі керек. Яғни, зекеті берілетін мал-мүлік кісінің өз иелігінде болуы қажет. Қарыздар болмауы. Адамның мойнындағы берешегі зекеттің оған парыз болуына кедергі болады. Сондықтан ең алдымен қарыздан құтылу қажет.

Зекетті өтеу мәселесіне келсек, алтын, күміс, ақша немесе әртүрлі сауда заттары мен төрт түлік мал нисаб (шариғат бекіткен) мөлшеріне жетіп тұрса, әр жылы бір рет зекет беру парыз болып табылады. Зекетті өмірде бір рет қана беру керек деп түсіну де қате пікір. Әрбір жылы шариғат бекіткен нисаб мөлшеріне жетуімен зекет парыздығы өтеліп тұруы тиіс. Дүние мүлкі көбейген әрбір мұсылман жылына бір рет зекетін тиісті орынға есептетіп, өзіне парыз болған зекетін уақытымен өтеуді борышым деп біліп, жауапкершілікпен іске асыруы тиіс. Бұл шариғаттың талабы екенін ұмытпағанымыз абзал.

Оңталап ЖИДЕБАЙ,
«Зекет» қайырымдылық қорының
Қызылорда облысы бойынша өкілі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!