Қазақ халқы әлемге зергерлік өнерімен танылған. Осы орайда көз алдымызға түркі кезеңінен қалған бұйымдар мен Алтын адам бейнесі елестейтіні сөзсіз. Ұзақ уақыт бойы сақталған зергерлік өнер қазірде жастардың сүйіктісі. Әсіресе ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы жақындағанда қазақ қызы бұрымына шашбау, құлағына сыңғырлаған күміс сырға мен қолдың көркін келтіретін жүзік тағады. Осымен-ақ мерекенің көркі кіреді.
Жылдың басы жақындағанда жастарға көз тоймайды. Бәрі шетінен ажарлана түседі. Көктем бе екен? Әлде, біздің әз мейрамның сыйы ма? Сірә, бұл құбылыста біздің зергерлік өнердің әсері бар-ау.
Білектей арқасында өрген бұрым, Шолпысы сылдыр қағып, жүрсе ақырын. Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін? – деп жырлады қазақ елінің ақыны – Абай.
Сырға, сақина, алқа. Бұлар басқа елдердің де мәдениетінен орын тапқан бұйымдар. Сондықтан сөз алдын қазақ қыздарының ажырамас сәніне айналған бұйымдардың бірі – шашбау мен шолпыдан бастайық. Бұл бұйымдар шаштың ұшына немесе бұрымға қосып өреді. Бір қарағанда, бұл тек шашты ұзын етіп көрсету немесе әдемілік үшін жасалған дүние болып көрінуі мүмкін. Алайда этнограф-ғалымдар мұның астарында үлкен тәрбиелік және медициналық мән жатқанын айтады.
Белгілі этнограф-зерттеуші Шайзада Тоқтабаева өзінің еңбектерінде шашбаудың дыбыстық функциясына ерекше назар аударады. «Қазақ ұғымында жындар мен шайтандар, жаман рухтар сыңғырлаған таза дыбыстан қорқады. Сондықтан қыз баланың бұрымындағы күміс шолпының сыңғыры оны тіл-көзден, жын-періден қорғайтын тұмар қызметін атқарған» – деп жазды ол.
Бұдан бөлек халық арасында шолпы туралы айтылатын ырым-тиымдар бар. Бірде «шолпының дауысы шықпау керек» десе, бірде «шашбаудың сыңғыр дауысын естігенде, ерлер дөрекі сөздерден аулақ болады» деп те айтады. Ал бұл әшекейді сататын сатушылар оның қадір-қасиетін үш тұрғыдан сипаттайды. Біріншіден шашбау бұрымды төмен тартып тұратындықтан, қыз бала басын тік, арқасын түзу ұстауға дағдыланады. Яғни, шолпы қыздың жүрісін, дене бітімін қалыптастыратын ортопедиялық құрал болған. Оған қоса сыңғыр дауысты бұйым бас терісін тартып, қан айналымын жақсартады. Ал бұл шаштың қалың әрі тез өсуіне ықпал етеді. Үшіншіден, шолпы таққан қыз асығыс қимылдай алмайды. Себебі күміс теңгелер бір-біріне соғылып, қатты дыбыс шығарады. Сондықтан қыз бала байсалды, биязы, баяу жүріп-тұруға үйренген. Қыздың келе жатқанын шолпысының сыңғырынан алдын ала білген үлкендер немесе ер адамдар өздерін жинақтап, әдеп сақтаған.
Жүзіктің де жүзі бар
Қазақтың зергелік өнерінде жүзіктің де алар орны бөлек. Бұл әшекейдің сыры тек жасалған таста емес, әуелі иесінің ниетінде. Ниет таза болса, күмістің сыңғыры да, алтынның жылуы да өмірге сән береді. Онымен қоса жүзіктің де түрлері көп. Ол туралы «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының кіші қызметкері И.Жалишева «Жүзік жалпы әйел заты саусаққа тағуға арналған сәндік әшекей бұйымдарының бірі саналғанымен, жүзікті ерлер де тағады. Бірақ әйелдер барлық саусағына екі-үштен қосарлап сала береді де, ерлер бір ғана саусағына және біреуін-ақ салады. Ертерек кезде ерлер көбіне көзі жоқ бірыңғай жасалынған балдақ салатын болған. Ал жүзік жасау анағұрлым күрделі және оның сан алуан түрі болады», – деп жазған еді.
Маманның сөзіне сүйенсек, қазақ халқы асыл тастардан көз қондырылғанын – жүзік, тасы жоқ, тек алтын, күмістің өзінен ғана көз шығарғанын – сақина, көзі жоқ шығыр түрін – балдақ деп атаған. Жүзіктер жасалу мәнеріне қарай немесе көздеріндегі тастардың атымен «көзді жүзік», «құдағи жүзік», «отау жүзік», «құс тұмсық жүзік», «күмбезді жүзік», сондай-ақ ертеректе хан, би, болыстардың мөр, қолтаңба орнына қолданатын жүзіктері «мөрлі жүзік» деп аталған. Бұл қосымша мүсіндер жүзік сақинасының үстіңгі жағына дәнекерленеді.
Жүзікпен қатар қазақта сақинаның да айтылатыны жайдан жай емес. Бұл екі бұйым қолдану жағынан бірдей болғанымен жасалуы екітүрлі. Бұл туралы Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері Назерке Жартынқызы «Орталық Қазақстан» газетінде «Сақинаны, көбінесе күмістен немесе алтыннан жасатады. Сақинаның жасалуы жүзікке қарағанда оңай. Оның сыртына шапқымен шеку, бізбен безеу әдісімен орнатылатын қарапайым ою-өрнектерден басқа ештеңе жүргізілмейді. Кейде, тіпті, ешбір ою-өрнектерсіз жасалатындары да аз емес. Ал жүзік жасау анағұрлым күрделі. Және оның сан алуан түрлері болады. Жүзіктің үстіңгі бетіне әртүрлі асыл тастардан, түсті шынылардан немесе күмістің өзінен көз, балдақ, отау, құстұмсық орнатқан» – деп жазған еді.
Ал бұл бұйымның мағынасы туралы ұзақтап айта беругі болады. Себебі оның түрі көп. Бір жағынан оның жасалуында қолданылатын таста біршама рөл ойнайды. Мәселен інжу көздің шелін кетіреді, жақұтты адамды тыныштандырып, суық тию мен тамақ ауруларын емдеуге, қан қысымын реттеуге көмектеседі, ал лағыл адамға сенімділік пен батылдық береді деген мағанасы бар. Байқасақ бағалы тастардың атын қыздарға да қояды. Сол арқылы олардың өмірінде гауһардай тастардың қасиеті беріледі деген сенім бар.
Міне, басында тек сән үшін құралған бұйымдар тұтас бір ұлттың мәдениетін, философиясын, этикасы мен эстетикасын сақтап қалған тарихи жәдігерлер екеніне көзіміз жетіп отыр. Шашбаудың сыңғырынан қыздың әдебін ұққан, ою-өрнектің сызығынан тағдырды оқыған, жүзіктің пішінінен бүтін бір рудың сәлемін жеткізген бабаларымыздың бұл өнері – бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес мұра. Сондықтан неге бұл асыл қазынаны күнделікті өмірде қолданбасқа, құрметті оқырман?
Мейір НИЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
