Тарих қойнауын ақтарып, өткенге ой жүгірту – бүгінді бағамдауға себеп. Осы тұста, құндылықтың құнын, мұраның маңызын білген ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің жеке құрам қызметкерлері сол жағалаудан бой көтерген облыстық тарихи-өлкетану музейіне рухани сапар жасады.

Музей директорының орынбасары Жанат Ахметова жылы қарсы алып, экскурсияны жүргізген Бақнұр Жолмырза сандық және мультимедиялық технологиялармен жабдықталған 11 экспозициялық залдағы мұралар жайында мардымды мәлімет берді. Бұл – тарих таспасын кері айналдырып, әр дәуірдің кезеңіне үңілуге түрткі болды.

Мұнда 70 мыңнан астам экспонат сақталымда екен. Экскурсия барысында қызметкерлер өлкенің өткені мен бүгінін баяндайтын деректермен де танысты. Әрбір жәдігер – ата-бабамыздың өмір салтын өрнектеп, халықтың даналығын дәріптеп, ұлттың ұлылығын айшықтайтын негізгі айғақ.

– Қарбалас жұмыстан уақыт тығыз болып, кейде көп нәрсеге бірдей көңіл бөлу мүмкін еместей көрінеді. Бірақ, жеке құраммен жұмыс тобының ұйымдастыруымен жаңа музейге жол тарттық. Санамыздың серпіліп қалғаны рас. Музейді қызығушылықпен араладық. Алған әсерім де бөлек. Туған жердің әр тасында тарих, әр жәдігерінде тағылым бар екенін сезіндім, – дейді әділет кіші сержанты Б.Қуандық.

Алдағы уақытта да ұрпаққа аманат болған ұлы мұраларды қадірлеп, ұлықтау үрдісін үзбеуге тырысамыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!