– Менің 4 жасар ұлым бар. Ара-тұра үй шаруасы бір ыңғайлағанша телефонымды қолына ұстатып қоямын. Сосын 1-2 сағат телефонға телміріп, «You Tube» желісіндегі қысқаша роликтерді тамашалап отырады. Бірде ұлым кешкі ас үстінде: «Тралалело Тралала, Бомбардиро Крокодило, Балерино Капучино, Тунг Тунг Сахур» деп италян тіліндегі әуенді қайталап, менің де солай айтуымды сұрады. Алғашында әкесі екеуміз қосыла айтып, аса қатты мән бермей жүргенбіз. Бірақ бара-бара осы бір сөздер баламның ұранына айналғандай болды. Кейін мультфильмді тамашалап, сөздерін зерттеп, астарына үңілсем мағынасы адам шошырлық. Тіпті айтуға аузым бармайды, – дейді қала тұрғыны Ақкербез Болатқызы.

Рас. Кейіпкеріміздің әңгімесінен соң лезде менің де баламның осы сөздерді қайталайтыны ойға оралды. Бейнероликті қарадым, зерттедім, дереу тыйым салдым. Құрметті оқырман, сіздің де үйдегі бүлдіршіндер осы бір әуенді айтып, бейнесін тамашалай ма? Иә, мүмкін байқамай жүрген боларсыз, ендеше балғындарымыздың миына кері әсерін беріп жатқан контент туралы тереңдете түсейін.

Контент емес, қорлау

Бірер күн бұрын «TikTok» пен «Instagram» желілерінде елге белгілі журналистер мен блогерлер осы мәселеге қатысты дабыл қақты. Сол тұста журналист Дина Төлепбергеннің жазбасын көзім шалды. Тележүргізуші:

– «Тралалело Тралала». Бұл – жәй әуен бе, әлде ұрпақты діннен бездіру құралы ма? TikTok-ты аша қалсаң осы әуенді әндетіп жүрген ұл-қыздарымызды көресіз. Үш аяғына красовка киген акула. Италян акцентіндегі ырғақты рифма. Әуені – тартымды, көрінісі – күлкілі. Мәтіні ше? Бұл – ән емес, бұл – дінді қорлау. Бірақ бүгінгі бала мұны әуен деп қайталап айтып жүр. Ол сөздің мағынасын түсінбейді. Бірақ миына жазылып жатыр. Бұл енді жәй қалжың емес. Бұл – саяси пропаганда. Одан кейінгілердің саны есепсіз. Қазір TikTok-та мұндай 1,5 миллионнан астам бейнеролик бар. Олардың бәрінің көксегені соғысты ойынға айналдыру, діни қорлау, – деді ол.

Ал блогер Арман Юсупов:

– Бұл кейіпкерлердің әуендері Алланы мазақтап, соғысты насихаттайды. Әлі шошып отырмын. Әсіресе 2010 жылдан 2024 жыл аралығында туған альфа ұрпақ осы мультфилімдерді қарайды, күліп, көңіл көтереді. Бірақ онда айтылған әндердің мағынасы өте қорқынышты. Мүлде түсінбеймін, бірақ кімдеп болса да дұрыс емес нәрсе жасап отыр. Сондықтан ата-аналар енді бізге бұл мультфильмдерді көрсетпеу қажет, – деп ата-аналар қауымына үндеу жасады.

Жыл басынан бері желіні жайлаған интернет-мемдердің арасынан бірінші «Тралалело Тралала» әуені жарыққа шықты. Бірақ бұдан кейін абсурд кейіпкерлердің шеруі тоқтамады. Олардың қатарында «Бомбардиро Крокодило, Бомбомбини Гусини, Тунг Тунг Сахур, Балерина Капучино» сынды бірнеше кейіпкерлер бар. Ал енді бұлар не мағына береді дейсіз ғой. Айтайын…

«Тралалело Тралала» әнін көк түсті үш аяғына красовка киген акула айтады. TikTok- та 26 миллион қаралым жинап үлгерген. Оның аудармасы – «Алла шошқа, Алла жаман» дегенді білдіреді екен. Ал мұның басты қаупі – баланы дінге қарсы қою.

«Бомбардиро Крокодило» ше? Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі АҚШ әуе күштерінің негізгі бомбалаушысы ретінде көрсеткен «Boeing B-17» ұшағымен байланыстырылған қолтырауын кейіпкер. Астарында – «Мен Палестинадағы балаларға бомба тастағанды ұнатамын. Аллаға сенбеймін, сенің анаңның рухымен қоректенем» деген сөздер жатыр. Яғни бала осы арқылы зорлықты қалыпты нәрсе ретінде қабылдауға бейімделеді. Мұның өзін «Tik Tok» желісінде 4 миллионнан астам балғын тамашалаған.

«Тунг Тунг Сахур» дегеніміз – «Сахур кезінде шақырып үлгермесең үйіңе қорқынышты мақұлық келеді» дегенді білдіреді. Бейнероликте қасиетті Рамазан айында ауыз бекітуге ниет еткен адамның тамақтану сәті бейнеленген. Қолында бейсбол таяқшасы бар басты жауыз. Аңыз бойынша оның атын үш рет атасаң, соңыңнан қалмай ілесіп жүреді. Бұл АІ жануарларының ішіндегі ең күшті тіршілік иелерінің бірі болып саналады. Бұл арқылы бала сәресі уақытын рухани сәт емес, қорқынышты дабыл деп қабылдауы мүмкін. Ал бұл үрейлі бейнеролик 91,1 миллион қаралым жинаған.

«Бомбомбини Гусини» – «Ағам – бомбардиро қолтырауын. Ол ағасы сияқты барлық функцияларды орындайды және адамдарға бомба таратады» деп айқайлайды. Яғни ол бағана біз айтқан «Бомбардиро Крокодило» кейіпкердің бауыры болып есептеледі. Сол секілді бомба тастайды, бомба әзірлейді. Ал агрессиясы күлкімен бүркемеленген. 3 миллонға жуық қаралымы бар мұның да басты мақсаты – бала санасын қатігездікке бейімдеу.

«Балерина Капучино» – бастың орнына кофе шыныаяғы бар биші. Бұл бейсаналық гендерлік кодтау. Әйел бейнесін тек ермек үшін жаратылған деп көрсету. Ол Капучино Ассасиноның әйелі болған. Бірақ Тралалело Тралаламен опасыздықтан кейін ажырасқан. Мағына жоқ, тек ырғақ. Ал басты қаупі – қыздың жүрегіне кемдік, ұлдың санасына үстемдік ұялатады. Сұмдық па? Ал біздің бүлдіршіндер бұл сөздерді жәй ғана ырғақ деп қабылдап, күнделікті қайталап жүр.

«Брейнрот» – бала миының шіруі

Бұл мемдердің қатары күн сайын көбейіп келеді. Түсініксіз, ұсқынсыз түрлердің әрбірінің астында үлкен мағына жатыр. Олардың бір ғана ортақ белгісі бар. Яғни ұзақтығы 15-45 секунд болатын қысқаметражды анимациялық роликтердің бәрі #brainrot хештегімен таралып жатыр. Ол – «мидың шіруі» дегенді білдіреді. «Вrainrot» – жәй интернет термин емес. 2024 жылы Оксфорд сөздігі оны «Жыл сөзі» деп жариялап, абсурд пен бос күлкінің үстемдік құратын дәуірі басталды дегенді меңзеді.

Психотерапевт Шерил Эскин былай дейді. «Итальяндық брейнрот – миға арналған цифрлық кәмпит секілді. Бұл – ата-аналар түсінбейтін құпия тіл. Сондықтан балалар үшін ол «керемет» болып көрінеді. Бірақ тәттіні тексерсек – нағыз у екен…».

Мәселеге қатысты ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті де қарап отырмады. Дереу интернет кеңістігінде сырт көзге балаларға арналған контент ретінде көрінетін, алайда мазмұнында жасырын деструктивті ақпарат бар мультфильмдердің таралуына алаңдаушылық білдіріп, мәлімдеме жасады.

– Қазіргі таңда ақпараттық кеңістікте айтарлықтай өзгерістер орын алуда: жаңа платформалар пайда болып, ақпарат тарату форматы да өзгеріп келеді. Бұл жағдай, әсіресе балалардың психоэмоционалдық саулығы үшін қосымша тәуекелдер тудырады. Осыған байланысты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті қазіргі цифрлық жағдайларды ескере отырып, заңнамалық базаны жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындауда, – делінген көрсетілген ақпаратта.

Осыдан соң аталған ұсыныстарға тиісті шаралар қабылдау мақсатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ішкі істер министрлігіне жолданған. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті таратқан ақпаратта:

– Құрметті ата-аналар! Балаларыңыздың әлеуметтік желілерде қандай контент көріп жүргеніне, кімдермен қарым-қатынаста екеніне және интернетте қандай тақырыптарды талқылайтынына ерекше назар аударыңыз. Баламен үнемі ашық сөйлесіп, оның сыни ойлау қабілетін дамытыңыз және зиянды ақпаратқа қарсы тұра алатындай дағдыларды қалыптастырыңыз. Егер күмәнді немесе күдікті контентті байқасаңыз – бұл туралы бірден құзырлы органдарға хабарлаңыз. Саналы ата-ана ретінде балаңыздың өміріне белсенді араласуыңыз – оның цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігінің басты кепілі, – делінген.

«Тралалело Тралаланың» құбыжық достары бүкіл желіні жаулап келеді. Олардың барлығы жасанды интеллект тудырған, логика мен реализмге бағынбайтын бейнелер. Фактчек нәтижелері көрсеткендей, бұл мәтін нейрожелілік модель арқылы автоматты түрде құрылған. «KnowYourMeme» сияқты интернет энциклопедиялар да бұл ақпаратты растап отыр. Ресми сайтында жарияланған жазбада «Құдайды және Алланы балағаттаймын. Мен ақымақ баламмен «Fortnite» ойнап отыр едім, кенеттен әжем – Орнелла Леккакаппелла келіп, «Бургер» деген ақымақтың бізді кешкі асқа шақырғанын айтты…» деп нақты көрсетілген. Бұдан соң ойланбау мүмкін емес.

Баланы бейнеролик емес, ата-ана тәрбиелесін!

«YouTube» желісінде балаларға арналған контент көп. «CashNetUSA» зерттеуіне сәйкес, балалар контенті әлемдегі ең тиімдісі екен. Сондай-ақ 11 жасқа дейінгі балалардың шамамен 80 проценті осы платформаны көреді. Ересек адамдардың контентіне қарағанда миллиард қаралым жинай алатын да балаларға арналған жобалар. Соның басым көпшілігін «құбыжық» кейіпкерлерді тамашалағанды ұнатады.

Дәл қазіргі сәтте осы мемдерге қатысты түрлі зерттеулер жасалып жатыр. Бірақ күрмеуі қиын түйткілдің түйінін тарқату оңай болмай тұр. 10-15 секундтық өтімді контенттер ұсынатын «TikTok» пен «You Tube» платформаларындағы бейнероликтерді де жою мүмкін емес. «Абсурд мемдердің» дәл осы форматқа бейімделгені де балаларды тез баурап барады.

Мультфильм баланы ойландыру үшін емес, есеңгірету үшін жасалады. Қарапайым қисынға бағынбайтын визуал мен мағынасыз сөйлемдер бір сәтте күлдіреді, жылатады, таң қалдырады. Тіпті мазасыздық та тудырады. Бастысы – бейжай қалдырмайды. Шекарасыз жасалған мемдер өздерін шынайы етіп көрсетіп – хаос пен эмоция үстемдік құрып келе жатқанын меңзеп отырғандай.

Адам баласының қалыптасып, қатарға қосылуына отбасы жүз пайыз әсер ететіні айдан анық. Шағын ғана шаңырақта дүниеге келген шақалақ өсе келе ширақ бала, шымыр жігіт, шау тартқан қарияға айналады. Қоғамға қолұшын беріп, қоршаған ортаға зиян тигізбей, ата-анасының атына кір келтірмейтін перзенттің өсіп-өнуіне отбасы жан-жақты жұмыс істеуге міндетті. Тәуір бала, тәрбиелі шәкірт, тәлімгер адам, тәжірибелі маман, бәрінің шығу төркіні – отбасы, ошақ қасындағы өсиет пен өнегеге тікелей байланысты. Сондықтан Адамның бір қызығы бала деген сөз текке айтылмаған.

Құрметті ата-аналар! Шыр етіп дүние есігін ашқан күннен бастап перзенті үшін күйіп-пісетін ата-ананың алғашқы һәм маңызды міндеті оның тәрбиесі. Баламның көйлегі көк демеңіз, көзі не көріп жүр деңіз! Баламның қарны тоқ демеңіз, немен қоректеніп жүргеніне көңіл бөліңіз! Бүгінгі баланы бейнеролик емес, ата-ана тәрбиелесін. Қорыта келе, осы мәселеге қатысты журналист Дина Төлепбергеннің сөзімен түйіндесек.

… Мен диалог бастайық деймін. Балаңыз не көріп жүр? Не тыңдап жүр? Неге күледі? Кімге еліктейді? Бұл сұрақтардың жауабын сіз білмейінше жауапты нейрожүйе береді. Сондықтан ми шірімесін десек, мағына берейік!

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!