Егемендік алып, әлем елдерімен тереземізді теңестіріп, керегемізді кеңейттік. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқаламаса да», соған жетеғабыл күй кешудеміз. Әлем дамыған қоғамға аяқ басты, біз де ілесіп келеміз. Десек те, тұрғындардың түйткілі тарқамай тұр. Кеше ғана әлеуметтік желіден Абай даңғылының бойындағы көпқабатты үйлердің ауласын кісі көңілі толарлықтай, көздің жауын аларлықтай етіп жасалғанын көріп, қызығып қалдық.
Біз, Бегім ана көшесі, №3 үй тұрғындары ауамызды таза ұстап, бар нәрсенің қадірін білуге дағдыланғанбыз. Десек те, биыл жазда еңбек демалысын пайдаланып, подьездерді жөндеуге кірістік. Бәлкім, «Қазақтелеком», бәлкім электр энергиясы мекемелерінің ток кабелі ме, әйтеуір, тікенекке тырналған тон тәрізді жалбырап, сиқымызды қашырып тұрған. Бірнеше мәрте тиісті мекемелерге хабарластық. Қызылорда қаласы әкімдігіне де өтініш айттық. Бірақ, қозғалған бірі жоқ. «Назарға алынды» дегеннен басқа нәтиже көрмедік. Титімдей ғана тірліктің әлдеқашан атқарылар кезі болды. Бұл мекемелерден үйіміздің ішкі бөліктеріне жөндеу жасауды сұрап отырғанымыз жоқ. Бар болғаны, кабельдерді жиыстырып, арнайы қорапқа салуды сұрадық.
Жоғарыда атап көрсеткен үлгілі аулаларды атағанымда «Байдың асын байғұс қызғанады» дейтіндер табылар. Бірақ, жағдай баршаға ортақ жасалса екен. Бұл мәселені биыл ғана емес, бұған дейін де бірнеше мәрте көтердік, айттық. Бірақ шыбын шаққан құрлы көрмегеніне өкпелейсің. «Подьезді жөндеп бер» деп тұрғанымыз жоқ, бар болғаны кабельдерді реттеу. Әрине, бұған арнайы қаражат қарастырып та қажеті жоқ.
Мұнан бөлек, ауладағы ойын алаңы да жетімнің күйін кешіп тұр. Ел қатарлы балалар ойнай алмайды, жағдай жасалмаған. Мұны да сұрамасақ, ел ағалары аяқ басып келіп көргісі жоқ. Сонда біз кімге сеніп жүрміз?! Әрине, сеніп жүргенде отба¬сы¬мызды тап¬сырып, балаларымызды оқытып емес, мемлекеттің жасап отырған жағдайын бізге де бағыттаса деген ой. Айтайын дегенім, мерзімді басылымға жазып отырғаным, бүгінгі қоғамның түйткілі шымбайға батып тұрғанынан. Әлеуметтік желіні кім шулатса, соның алдына түсіп жүгіретіндей бізге не күн туды?! Осындай жағдайлардың артында біз көлеңкеде қалып қойып жатырмыз. Аулада кемінде 15-20 бала бар. Олар да – осы мемлекеттің болашағы. Күні бойы кітаптан бас алмай оқығанмен, ара-тұра бой сергітіп, салауатты өмір салтын ұстанып, спортты да серік етуі керек емес пе?! Ол үшін бізге Алматыдағы Алатауды арқалап, Қызылордаға әкелудің қажеті шамалы?!
Бізге дені сау, білімді ұрпақ керек. Оларды осы бастан жағдай жасап, ел қамын ойлауға бағыттасақ екен. Ауладағы футбол алаңына газон төсеп, ба¬ла¬лар ойын алаңын асфальттап, үйдің қасбетін реттеп берсе деген ой.
Құрметті ел ағалары!
Демеушілік көздерімен жол тауып, аулаларды абаттандыруға кірісу құптарлық іс.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар.
Мың рет естігенше, бір рет көзбен көрген жақсы. Мәселе бары рас, бірақ соның шешілетініне
үміт те білте шамның жарығындай сығырайып барады.
Тұрғынның айтқан түйткілінің қаншалықты оң шешім табатынын білмеймін, бірақ елдің дамуы халыққа жасалған жағдаймен өлшенетінін ұмытпасаңыздар екен.
Ақмаржан ЖАҢАБАЕВА,
Қызылорда қаласының тұрғыны
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!