Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі
Атырау қаласының кейбір бөлігі кешеден бері сусыз отыр. Бұған Жайық өзенінде мұз қатып, су сору қондырғыларының жұмысы тоқтағаны себеп болды, деп хабарлайды Kazinform.
Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі қалыптасқан жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылғанын мәлім етті. Комиссияға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев жетекшілік етеді.
Ал «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кеше, 9 желтоқсанында жергілікті уақытпен сағат 23:30 шамасында су беру тоқтатылған.
«Ауа райының күрт салқындауынан Жайық өзенінде мұз қатып, ағыс жылдамдығы төмендеді. Осыған байланысты Атырау қаласының су тазарту кешеніне су беру тоқтатылды. Бүгін, 10 желтоқсан, таңғы сағат 4:30-да қаладағы желілерге төтенше жағдайларды болдырмау үшін төмен қысыммен су берілді. Ал «Атырау-Мақат» магистральдық құбыры бағытына, оның ішінде «Береке» шағын ауданындағы тоғыз қабатты үйлерге, Көктем, Жұлдыз-3, Теңдік, Ақсай-1, Ақсай-2 шағынаудандарына техникалық себептерге байланысты су жіберілмеді», – деді кәсіпорынның баспасөз қызметінен.
Қазір «Атырау облысы Су Арнасы» мекемесіне қарасты «Шауш» су тазарту қондырғысының сорғы стансаларындағы мұзды жою, құбырларды тазалау мақсатында облыстық төтенше жағдайлар қызметінің күштері жұмылдырылды. Алайда, төтенше жағдай ережесіне сәйкес, түнгі уақытта тазалау, басқа да су тиеу жұмыстары жүргізілмейді. Осыған байланысты барлық жұмыстар таңғы сағат 8:00-де басталды.
Жайық өзенінде мұз қатып, Атыраудағы су сору қондырғылары тоқтап қалғанын бұған дейін жазған болатынбыз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!