Жалағаш ауданында да дамудың басым динамикасы байқалады. Аудан әкімі Ардақ Ибраимов 2024 жылдың I жартыжылдығында атқарылған жұмыстарға шолу жасап, алдағы міндеттері туралы баяндап берді.
Жалағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық салаларында тұрақты өсім бар. Аудан бюджеті 12,5 млрд теңге болып қалыптасып, кірістерінің болжамы 2,2 млрд теңгені құрады. Өткен жылы 38 жоба жүзеге асып, халық игілігіне берілсе, биыл құны 8,5 млрд теңгені құрайтын 31 жоба қола алынды. Қазір 39 нысанның жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің 94,5%-ы тұрақты жұмыс істеп, қолдау шаралары белсенді жүргізілуде. Бүгінге дейін «Ботақан» балалар ойын-сауық орталығы мен «Жас қыран» бөбекжайы пайдаланылуға берілді. Жыл соңына дейін «Күріш ақтау және жем өндіру» зауытын іске қосу жоспарланып отыр.
Аудандағы 355 шаруашылықтың 199-ы егінмен, ал қалғаны төрт түлік мал бағумен айналысады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының бекітілген сызбасына сәйкес 37 676 гектар жерге егін егілді. Ал өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі-қара 4,4%-ға, жылқы саны 5,8%-ға, ал құс 2,5%-ға өсті.
Аудандық маңызы бар және елді мекендердің ішкі жолдарына жөндеу үшін республикалық және облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңгені құрайтын 7 жобаның құжаттары әзірленіп, құзырлы органдарға ұсынылды.
Бүгінде аудан халқының 45,1%-ы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ақсу, М.Шәменов елді мекендеріне газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, жылу беру маусымынадейін іске қосу жоспарлануда.
– Жалағаш ауданы бойынша электр желілерінің жалпы ұзындығы 457,5 шақырымды құрайды. Оның орташа тозу деңгейі – 45,2 пайыз.
Биыл Мырзабай ахун, Т.Жүргенов, Есет батыр ауылдарына электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 922 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жыл аяғына дейін толық беріледі.
Аталған жобалар толық іске қосылғанда аудан бойынша электр желілерінің тозу деңгейі 32,5%-ға дейін төмендейтін болады, – дейді аудан әкімі.
Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатын алға тарта отырып, ауданның әлеуметтік осал топтарына 101 баспана сатып алуға республикалық қаражат және облыстың ішкі қарыздары есебінен 1 млрд 484 млн теңге бөлінді. Инженерлік инфрақұрылым жүйесін жүргізу және тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін құны 492,2 млн теңгені құрайтын 11 жоба іске қосылды. Сондай-ақ жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін 1 шілдеге дейін 811 жұмыс орны ашылды.
Жалағаш ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Аудан аймағында музей, кітапхана, неке қию залы және сол сияқты рухани ұйымдардың басын қосатын типтік үлгідегі «Руханият» орталығы бой көтеріп, жыл соңына дейін халық игілігіне берілмек. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында құны 471,6 млн теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру ғимараты биыл іске қосылады. Қаракеткен ауылында құрылысы басталып, жалпы құны 388,7 млн теңгені құрайтын дәрігерлік амбулатория да аудан тұрғындарының қолданысына беріледі деп күтілуде.
Экономикалық салада қарқын алған Жалағаштың әлеуметтік проблемалары шешім табуда. Аудандағы ойын алаңдарына жөндеу жүргізіліп, жаңасы салынып, елді мекендер аймағы абаттануда.
Сондай-ақ аудан әкімі білім, денсаулық және спорт бағыттары бойынша жағымды жаңалықтарымен бөлісіп, ауданда жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады.
«АЖ» ақпарат
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!