Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Жалағаш ауданында болып, бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен танысты.
Облыс әкімінің орынбасары ең алдымен Таң ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен танысты. Отыз келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияда екі стационар, психолог, терапия, дәрігерге дейінгі кабинеттер, егу бөлмесі бар.
Мұнан кейін облыс әкімінің орынбасары Жалағаш кентіндегі 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі құрылысымен танысты.
2020 жылдың шілде айында құрылысы басталған жалпы ауданы 29 мың шаршы метрді құрайтын ғимараттың қуаттылығы 250 орындықты құрайды.
Мархабат Жайымбетов мердігер мекеме өкіліне құрылыс жұмыстарын сапалы етіп, әрі уақытылы бітіруді тапсырды.
Облыс әкімінің орынбасары кездесу қорытындысымен аудан көлеміндегі құрылысы жүріп жатқан барлық нысандар бойынша тапсырыс беруші облыстық басқарма басшыларына, аудан әкімдігіне, мердігер мекемелердің басшыларына құрылыстарды уақытында аяқтап, сапасына жауапкершілікпен қарауды жүктеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!