Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта халықтың әлеуметтік жағдайы экономикалық қыспаққа түсіп, қиындыққа тап болды. Басты кедергі азық-түлік бағасының тұрақсыздығы, жалақы мөлшерінің аздығы екені айтпаса да түсінікті. Оған нарық талабына сүйенген кәсіпкерлердің пайда ойлаған пиғылы қосылып, мәселенің ушығуына әкелді. Мемлекет олқылықты түзеу үшін бірқатар шара қабылдап, шешім шығарғанымен, нәтиже көрінер емес. Енді, міне, қоғам келесі қадам – ең төменгі жалақы деңгейін көтеру ісінен үміт күтеді.
Иә, расында 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге, жасына байланысты зейнетақы төлемдері 10,5 пайызға көтерілмек. Сала мамандарының сөзінше, бұл инфляция мен халықтың тұрмыстық әл-ауқатын саралай келе шыққан шешім. Яғни, жалақы көтеру мәселесі шарасыздықтан туындады десек болатындай. Олай дейтініміз, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов:
«Биыл инфляцияның жоғары деңгейі халықтың табысына теріс әсерін тигізуде. Бұған қоса, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеге дейін өседі. Осы және де басқа өзгерістерді ескере отырып, алдағы уақытта бағдарламаны өзектендіру үшін жаңа тәсілдер мемлекеттік органдармен пысықталды», – деген болатын.
Алдымен төменгі жалақының көтерілуіне ықпал еткен инфляцияға тоқталайық. Мұндай өзгеріске не түрткі болуы ықтимал? Әрине, әлемдік саяси оқиға, валюта бағамы, экономикалық көрсеткіштер секілді себеппен жақын таныспыз. Алайда мәселе тым әріде секілді. Мамандар жағдайдың мұнша құбылуын азық-түлік бағасының қымбаттауымен түсіндіруде. Олардың айтуынша, тауар айналымы, экономикалық саясаттың жүйесіздігі мәселені ушықтыра түскен. Тіпті, биыл Үкімет ннфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша 2022-2024 жылдарға арналған шаралар кешенін қабылдағанымен нәтиже аз. Тіпті, жобада көрсетілген ішкі нарықта отандық тауарларды көбейту, антимонополиялық реттеу, бөлшек сауданы қолдау, сауда инфрақұрылымының тиімділігін арттыру ісі көңіл қуантқанымен, іс жүзінде кәдеге аспай келе жатқанын жасыра алмаймыз. Ол аздай, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының үстемесі 15 пайыздан асырмауын қадағалау да кемшін түсіп отыр. Міне, осы талаптар тыңғылықты орындалмағандықтан баға аспандап, бағам түрленіп отыр. Ал нарық бағасы көтерілсе, жалақының жетіспеуі түсінікті.

Мәселенің шешімі

Бүгінде азық-түлік бағасын оңтайландыру, олқылықтың келер жылы да қайталанбауы үшін мемлекет қарқынды ізденіс үстінде. Бұл орайда «Әлеуметтік әмиян» көмекші құралға айналатындай. Себебі Үкімет әлеумет¬тік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуға жұмсалатын шығынның бір бөлігін қайтару үшін «Әлеуметтік әмиян» механизмін енгізуде.
Сондай-ақ тұрғындарды ақшалай емес қолдау шаралары да жоспарланыпты. Мәселен, Астана қаласы бойынша 2 жоба жүзеге аспақ. Олар – жалпы білім беретін мектеп оқушыларының кейбір санаттарын тегін және жеңілдікпен тамақтандыру, сондай-ақ азаматтардың кейбір санаттарына дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды әперу. Бұл ретте Үкімет әлеуметтік көмекке аса мұқтаж отбасыларды анықтап, дер кезінде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету мақсатында Отбасының цифрлы картасы мен «Әлеуметтік әмиянды» интеграциялауды көздеп отыр.
Әрине, халықты қолдау, қаржылай қиындықты шешу жолының бірі – жұмыспен қамту. Егер азаматтарда тұрақты жұмыс болмаса, базар бағасы қанша құбылғанымен пайда шамалы. Табыс ғана талап қоюға мүмкіндік береді. Бұл орайда мемлекет халықты, әсіресе жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру, қолайлы жалақы беруге құлықты. Себебі мұндай қолдауға зәру азаматтар аз емес. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы 15 жастан жоғары жұмыс күшінің саны 9,3 млн адамды құрапты. Бұл – халықтың жалпы санының 69,3 пайызын құрайды деген сөз.
«Еңбекақы төлеудегі айырмашылықтар орындалатын жұмысқа және кәсіпорындардың экономикалық қызмет түрлеріне байланысты ерек­шеленеді. Еңбекақының ең жоғары мөлшері тау-кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда – 503 930 теңге, ең төменгісі – ауыл, орман және балық шаруашы­лығында – 150 705 теңге болып белгіленді», – делінген Ұлттық статистика бюросының ақпаратында.

Жалақыға жарысақ

2023 жылдан бастап тек ең төменгі жалақы мөлшері ғана емес, белгіленген сала қызметкерлерінің де еңбекақысы көбеймек. Олардың қатарында өрт сөндірушілер, мұғалімдер, дәрігерлер және жекеменшік кәсіпкерлік саласы да бар.
Мысалы, келер жылдан бастап өрт сөндірушілердің ең төменгі жалақысы 180 мың теңге болады. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, үш жыл бұрын өрт сөндірушілер 65 мың теңге жалақы алған болса, биыл жұмысқа енді кірген маманның ең төменгі жалақысы 110 мың теңгеге жеткен.
Ал онсыз да жалақы мөлшері жоғары саналатын балабақша тәрбиешілері, мектеп пен колледж мұғалімдері, қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы тағы 25 процентке ұлғаяды. Жалақыға біліктілік санаты, магистратураға, пәндерді ағылшын тілінде оқытқаны, дәптер тексергені, сынып жетекшілігі мен тәлімгерлік қызметі үшін қосымша ақы да белгіленеді. Сондай-ақ дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне сабақтан кейін қосымша спорт секциясын өткізгені үшін ай сайынғы қосымша ақы төленеді.
Жағымды жаңалықты денсаулық сақтау министрлігі де сүйіншіледі. Сала басшысы Ажар Ғиният 2023 жылға қарай дәрігерлердің орташа жалақысы 550 мың теңге болатынын айтқан болатын. Ол «2021 жылдың қаңтарынан бастап 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өсті. 2022 жылдан бастап дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға, орта медицина қызметкерлерінің табысы 20 пайызға артты», – деді министр.
Айтуынша, биыл дәрігерлердің орташа жалақысы 421 мың теңгеге дейін жеткізілді. Орта медицина қызметкерінің жалақысы шамамен 235 мың теңгені құрады. Ал келер жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 561 мың теңге болады деп жоспарланған. Осылайша 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі есе көп болады.
Жалақы мәселесі әлеуметтік қызметкерлерге де оңтайлы мүмкіндік болмақ. Себебі келер жылдан бастап әлеуметтік қызметкер мәртебесі көтеріліп, жалақысы артады. Бұл туралы жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов хабарлап, мақсаттың орындалу алгоритмін баяндады.
«Әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін нақтылап, жалақысын арттыру – күн тәртібіндегі мәселе. Қазір бізде халықты әлеуметтік қорғау бойынша 5 топ жұмыс істеп жатыр. Соның бірі әлеуметтік қызметкерлердің жағдайын қарастырады. Ол жерде мәртебе беру және жалақыны арттыру, сол сияқты әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін көтеру қамтылады. Сонымен қатар, олардың міндетіне кірмейтін функцияны алып тастау мәселесі тұр», – деді министр.
Иә, ең төменгі жалақы мөлшерінің артуы, кей сала мамандарының еңбекақы көрсеткішінің көтерілуі көңіл көншітеді. Бұл халық әлеуметтік мәселені шешуге, жаңа мүмкіндік пен жаңа қаржылық жоспар құруға еркіндік сыйлары сөзсіз. Алайда көп қуанған қуанышты азық-түлік бағасының тұрақсыздығы бұзуы ықтимал. Сондықтан халық мемлекет жалақыны көтеріп ғана қоймай, нарықтағы баға саясатын да қаперден шығармауы қажет деген пікірде.


Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!