фото: коллаж BAQ.KZ

Соңғы жылдары Қазақстанның ауыр өнеркәсібіндегі еңбек нарығында елеулі өзгерістер байқалуда. Кен өндіру, металлургия және машина жасау салаларында білікті жұмысшылардың тапшылығы – кәсіпорындар алдында тұрған басты мәселелердің бірі. BAQ.KZ тілшісі бос жұмыс орындары мен ұсынылған жалақыларды саралап көрді.

Enbek электронды платформасында қазір 32 444 жұмыс орнына арналған 11 091 хабарландыру жарияланған. Көш басында – Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары. Одан кейін Қарағанды және Қостанай облыстары келеді. Бұл аймақтарда елдегі ең ірі өнеркәсіп кәсіпорындары – кен-металлургия комбинаттары мен машина жасау зауыттары шоғырланған, сондықтан білікті жұмысшыларға сұраныс жоғары.

Вакансиялардың басым бөлігі пайдалы қазбаларды өндіру, металлургия және энергетика салаларымен байланысты. Ең жиі ізделетіндер – тау-кен жабдығының машинистері, дәнекерлеушілер, жөндеу слесарлары, электрмонтерлер, энергетиктер, инженер-технологтар және өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары.

Кен өндіру компанияларында бұрғылау қондырғыларының операторлары мен тау-кен шеберлері ерекше қажет болса, энергетика саласында – жоғары кернеулі жабдықтармен жұмыс істей алатын электр инженерлеріне сұраныс жоғары.

Көптеген жұмыс орындарына тек орта білім талап етіледі. Дегенмен, 3,4 мың бос орын үшін техникалық және кәсіптік білім міндетті шарт саналады. Бұл – нақты дағдылары мен кәсіби дайындығы бар мамандарға сұраныстың сақталып отырғанын көрсетеді.

Тәжірибеге қойылатын талаптар да аса қатаң емес: 650 вакансияда жұмыс өтілі маңызды емес. Тағы 683 орын үшін 1–3 жыл, 261 орынға 3–5 жыл, ал небәрі 58 жұмыс орны үшін 5 жылдан астам тәжірибе талап етіледі. Бұл – нарық жаңадан бастағандарға да ашық екенін, бірақ жоғары жалақылы және тар салалы мамандықтардың көбіне тәжірибелі кадрларға берілетінін аңғартады.

hh.kz базасында «өндірістегі жұмысшы» сұрауы бойынша 1 720 вакансия табылған. Көбі «өндіріс, сервистік қызмет көрсету» санатына жатады. Одан кейін «құрылыс, жылжымайтын мүлік» және «жұмысшы персонал» келеді.

Білімге қойылатын талаптарда «талап етілмейді немесе көрсетілмеген» категориясы көш бастап тұр. 

Екінші орында – «жоғары білім», әдетте мұнда профильдік білім мен аналитикалық қабілет маңызды. 

Үшінші – «орта кәсіптік білім». Бұл еңбек нарығының әлі де икемді екенін, бірақ дипломның бәсекелестік артықшылық ретінде сақталып отырғанын дәлелдейді.

Сондай-ақ жұмыс тәжірибесінің «маңызы жоқ» деген талап жиі кездеседі. Бұл – кәсіпорындар қызметкерлерді жұмыс орнында үйретуге дайын екенін немесе жұмыс физикалық төзімділік пен тәртіптілікті көбірек қажет ететінін білдіреді.

Қанша төлейді?

Қазақстандағы ауыр өнеркәсіп әлі де ең жоғары жалақы төлейтін салалардың бірі болып отыр. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың II тоқсанында кен өндіру саласындағы орташа жалақы – 888,9 мың теңге, өнеркәсіпте – 605 мың, өңдеу өнеркәсібінде – 523 мың, электр және газбен жабдықтауда – 444 мың, су шаруашылығында – 312 мың теңге.

Enbek.kz мәліметінше, металл прокаттау операторы – 300 мың теңгеден, жер астын қазушы – 600 мыңға дейін, электргаздәнекерлеуші – 180 мыңнан, фрезерлеуші– 400 мыңға дейін, ал экскаватор машинисі – 258 мың теңгеге дейін ала алады.

Жалақысы 100 мың теңгеден төмен ұсыныстар өте аз. Негізгі бөлігі 200–300 мың теңге аралығында. 150–200 мың теңге төлейтін орындар да бар. Ал 300 мың теңгеден жоғары жалақылы жұмыстар сирек және көбіне ерекше біліктілікті немесе жоғары жауапкершілікті қажет етеді.

hh.kz деректеріне сүйенсек, ауыр өндірістегі орташа жалақы – 480–520 мың теңге. Ең жоғары жалақы мұнай-газда (900 мыңға дейін), тау-металлургияда (600–800 мың), энергетикада (500–650 мың) беріледі. Жаңадан келген жұмысшыларға бастапқы мөлшер – 250–300 мың теңге, бірақ вахталық әдісте бұл екі есе өсуі мүмкін.

Жұмыс берушілер не дейді?

“Казақмыс” корпорациясында кеншілер, байытушылар, электрмонтерлер, слесарлар, машинистер, өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары мен инженерлер сұранысқа ие. Орташа жасы – 40,6 жыл. Компания тәжірибелі мамандар мен жастарды үйлестіруге мән береді: жаңадан келгендерге тәлімгерлер бекітіледі, ал кадр сабақтастығы әулеттік дәстүрлер арқылы жалғасады.

2020–2024 жылдары негізгі жұмысшы мамандықтардың орташа жалақысы 108,8%-ға өскен. 2025 жылдың I тоқсанында ол:

• тау-кен өндірісінде – 861 мың теңге;

• байыту өндірісінде – 608 мың теңге;

• көмекші өндірісте – 574 мың теңге болды.

«Самұрық-Энерго» АҚ энергетика саласында дәнекерлеушілер, электрмонтерлер, турбина жабдықтарының машинистері және электрслесарлер тапшы екенін айтады. Орташа жасы – 41 жыл. Соңғы үш жылда өндірістік персоналдың жалақысы 56%-ға өскен, 2025 жылы тағы өседі деп жоспарланған.

Жалақыдан бөлек, компания әлеуметтік төлемдер, жеңілдіктер, зиянды еңбек жағдайы үшін өтемақы, санаторийлік ем және тұрмыстық жағдайды жақсарту мүмкіндіктерін ұсынады. 

Жастарды тарту үшін дуальды оқыту жүйесін енгізіп, халықаралық тағылымдамалар ұйымдастырады (мысалы, Италиядағы Генуя университетінде).

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!