Фото: time.kz

SmartNews.kz. Ақтөбеде Антикор спорт саласындағы заң бұзушылықтарды тексеріп, 10 директор мен бапкердің жалған дипломмен жұмыс істеп жүргенін анықтады. Сонымен қатар, сыйақыны заңсыз беру дерегін тіркеді.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті Жемқорлық тәуекелдері картасын жасады. Онда әлеуметтік зерттеулер, арыздар, қылмыстық істер мен құқықтық статистикаға талдау жасалды.

«Спорт саласындағы превентивтік шаралар нәтижесінде «Ақтөбе» футбол клубының бұрынғы басқарма төрағасы Жамантаевқа 40 млн теңге сомасындағы заңсыз сыйлықақы беру фактісі анықталды. Ол клубта қызмет атқарған уақытында директорларкеңесінің келісімінсіз демеушілік қаражат есебінен өзіне 40 млн 400 мың теңге аударған. Облыс әкімдігі соттың мәжбүрлеу тәртібімен аталған соманы Жамантаевтан кері өндіріп алды. Сондай-ақ, бұл қаражатты өңірдегі балалар футболын дамытуға бағыттау ұсынылды»,- деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысыбойынша департаментінің басшысы Есқали Саламатов.

Оның айтуынша, жемқорлық деректері Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мекемелерде де анықталды.

«Ұлттық спорт түрлері жөніндегі мектептің бас есепшісі 3,3 млн теңге сомасындағы бюджет қаражатын жымқырып, Қылмыстық кодекстің 189 бабына сәйкес іс қозғалған болатын. Қазіргі уақытта қаражат толығымен бюджетке қайтарылды, ал жауапты тұлға 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен бірге 10 директор мен бапкер жалған дипломмен жұмыс істеген. Олардың бәрі жұмыстан шығарылды»,- деді Есқали Саламатов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!