Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына мәселесіне қатысты  ресми мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: tellerreport.com

Діни басқарманың мәліметінше, шариғат бойынша  балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Сол секілді білім алудың да үкім-парыз екенін мәлімдеді. Алайда шариғат балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейтінін жеткізді.

“Мүфтият шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу парыз екенін жоққа шығарған емес. Сондай-ақ орамал тағу – ұлттық дәстүріміз. Мұны мұсылман қауымы терең түсінуі тиіс. Алайда шариғатымыз балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейді. Мұны да мұсылман жамағаты дұрыс түсінуі керек», – делінген мүфтияттың мәлімдемесінде. 

ҚМДБ өз құзыреті аясында бұл мәселеге қатысты өкілеттік мемлекеттік мекемелерге тиісті ұсыныстар бергенін хабарлады. 

«Мұсылман жамағатының өтініші ескеріліп, оң шешім қабылданады деп үміттенеміз», – деді ҚМДБ өкілдері.

ҚМДБ өкілдері жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылатынын атап өтті.

Еске салайық, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев  бұл мәселеде қазақстандықтардың бәрі заңға бағынуы керектігін айтқан болатын. 

Министр барлық мектептер белгіленген заң шеңберінде, белгіленген тәртіп бойынша ұйымдастырылуы керектігі жайлы да ойын жеткізген болатын. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!