Көрші Ибрагимнің ұлтының өзбек екенін оның өмірден өтер шағында білдім. Ата-анасы орыс болатын. Олар біздің ауылдағы жалғыз орыс отбасы еді. Ибрагим әскерде болғанда ата-анасы бірдей қайтыс болды. Ол елге оралғанда жалғыз қалды. Тіпті, оның үйі де сатылып кеткен еді…

Бізбен көрші тұратын Абай – оның сыныптасы. Елге келген Ибрагим Абайдың үйінде тұрды. Бірге оның шаруашылығына қол ұшын созып, кәсібінің өрлеуіне көмектесті. Жүк көлігімен екеуі жем сатты. Бірде онымен әңгімелесіп тұрып:

– Осы өзбектерді түсінбеймін, – деп бір әңгіменің шетін шығардым.

Ал ол үндемеді. Оның да өзбек екенін кейін білдім. Бірақ ол кезде тым кеш еді. «Айтылған сөз – атылған оқпен тең». Сол бір ауыз сөзім үшін әлі күнге дейін ұяламын.

Енді ғана отбасын құрған кезім еді. Жаңадан келген жиһазды құрастырып жүріп, жаңадан шыққан бекітпелерді түсіне алмадым. Дереу Ибрагимге айтып едім. Қолына ұстап тұрып, бірнеше рет олай-былай байқап көрді де, дұрыс бағытына салып, қатайтып тастады. Бір уақытта:

– Е-е, осылай екен ғой, – деді.

Өзі де білмей тұрып, менің қиналып тұрғаныма қарап, механизмін түсініп алды. Дереу реттеп берді.

Қайсыбір жылы француздың Renault маркалы минивэнін міндім. Қосалқы бөлшегі былай тұрсын, облыс бойынша әлгіндей көлік айдайтын алты-ақ адам бармыз. Көшеден бір-бірімізді көре қалсақ, дабыл басып, тоқтатып, «ана жерін не істедің?», «мына жерін не істедің?» деп жағадан алғандай сұрақ жаудырамыз ғой. Есімін ұмытып отырмын, қалада сондай көлігі бар бір орыс жігіті болды. Ол бар білгенін айтып, қосымша заты болса, қолыңа ұстатып жібереді. Біз қазақ осы мақтанғанда «Астындағы жалғыз атын беріп жіберіп, өзі жаяу қала беретін» деп айтамыз ғой. Дәл сондай адам.

Бірде жолда қалдым. Елсіз жол. Бірақ телефонда байланыс ұстап тұр екен. Дереу әлгі жігітке хабарласып, мәселені жеткіздім. Ал ол болса, құстай ұшып, бір сағатта жетіп келді. Қолында қажетті кілттері бар, әлгі заты болмаса да, базарға барып, сол жерге келетін басқа көліктікін салып әкеліпті. Жөндеп болған соң, рақметімді айтып, қолына пұл ұстатып едім, алмады.

– Мен де бір күн жолда қалғанда хабарласармын, – деп жымиып кетті.

Арада бірнеше ай өткенде хабарласты. Мен басқа қалада едім. Айтып едім, ештеңе етпейтінін айтып, телефон тұтқасын қойды. Ал біз болсақ, «адамның жақсылығын ұмытып кетеді екен», «есегі көпірден өтіп кетті ғой» деген сынды түрлі нәрсені айтамыз. Тіпті, телефоннан бір сыбап та аламыз ғой. Онда ол жоқ екен.

«Татар бар жерде қатер бар» деп тұрып әңгімені соғамыз. Ұлты татар әріптесіміз болды. Қазір – құрмет демалысында. Бірақ әңгімелессең, кәдімгі жағдайыңды сұрап, көшеде көріп қалсаң, қолын бұлғап, іші-бауырыңа кіріп тұрады. Оның қасынан қатер көрмеппін. Керісінше, үлкендігінен жаңылмай, арқаңнан қағып, мақтауын айтып кетеді.

Айтпақшы, телеарнада Елена Рыбина есімді әріптесіміз болды. Қазір білім саласында қызмет етеді. Кейде тіпті оны Еңлік Балықбаева деп те еркелетіп алатынбыз. Биязылығы, адаммен араласуы, үлкенді сыйлауы жөнінен жаңылған емес. Қай кезде де күлімдеп, сұрағыңа жауап беріп, қажет мәліметпен бөлісіп отырады.

Кейде, біз осы «Жаман ұлт болмайды, жаман адам болады» деген сөзді ұмытып кетіп жатамыз. Оның үстіне «дұрыс емес пікір болмайды, тек пікірлер үнемі бағыттас бола бермейді» дегенді ұмытпай жүрсек, қызылкеңірдек болып, жанжалдасып жүргендер де аз болар ма еді деймін. Сіз қалай ойлайсыз?!

Нұр ТӨРЕ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!