Фото: Жамбыл обл. ТЖД
Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» республикалық маңызы бар автожолының ірі жол апаты орын алып, 25 адам зардап шеккен. Бұл туралы KYN.KZ Жамбыл облыстық ПД-ға сілтеме жасап хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 31 қаңтарда сағат 10:47-де Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылының маңында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» республикалық маңызы бар автожолының 567-шақырымында ірі жол апаты орын алды.
«Ауа райының қолайсыздығына байланысты (көктайғақ, көрінудің шектелуі, боран) 26 көлік атап айтқанда, 4 жолаушылар автобусы, 4 жүк көлігі және жеңіл автокөліктер соқтығысқан. «ЖКО салдарынан қаза тапқандар жоқ. Б. Момышұлы ауылының орталық аудандық ауруханасына түрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен 25 адам жүгінді. Тараз қаласынан 593-тен 534 шақырымға дейінгі бағыттағы автожол екі жағынан да жабық», – делінген хабарламада.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ақпаратынша, жол апаты салдарынан 25 адам, оның ішінде 1 бала зардап шекті. Қазіргі уақытта 4 адам жансақтау бөлімінде, 5 науқас хирургия бөлімінде жатыр. Тағы 15 адам түрлі дене жарақатын алған.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жасап, оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!