Қызылорда қаласында өңірлік коалиция өкілдері Қуат Шарабадинов, Гүлстан Мақсутова, Әбдіғабит Әбләзім, Талғат Телеубаев және Динара Ибадуллаева Ұлттық сараптама орталығы Қызылорда филиалының ұжымымен кездесті. Жиын барысында Конституция жобасында ұсынылған өзгерістердің мазмұны мен құқықтық тетіктері кәсіби ортада талқыланды.

Коалиция мүшелері жаңа редакцияда заң үстемдігін күшейтуге, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін нақтылауға және азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін кеңейтуге басымдық берілгенін атап өтті.

Талғат Телеубаев  өз сөзінде цифрлық технолгияларды қолдану,  сот және құқық қорғау жүйесіне қатысты нормалардың маңызын айтты.

«Сараптама саласының жұмысы көбіне сот процестерімен, тергеу әрекеттерімен тығыз байланысты. Жаңа Конституция жобасында заң үстемдігін күшейту, әділ сот төрелігіне кепілдік беру қағидаттары нақтыланған. Бұл – сарапшылар қызметінің тәуелсіздігі мен кәсіби жауапкершілігін арттыруға құқықтық негіз қалыптастырады», – деді ол.

Колиция мүшесі Динара Ибадуллаева әрбір құқықтық шешім ғылыми негізделген сараптамаға сүйенуі тиістігін тілге тиек етіп, жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау,  нормаларының күшейтілгенін, сонымен қатар неке және отбасы нормаларына қатысты пікірін жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған Коалиция мүшесі, денсаулық саласының өкілі Әбдіғабит Әбләзім әлеуметтік құқықтар блогына ерекше назар аударды.

«Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерді қорғау қағидаттары айқындалған. Денсаулық сақтау саласына қатысты нормада азаматтардың денсаулығын сақтауға құқығы нақты бекітіледі», – деді ол.

Оның айтуынша, жоба аясында азаматтарға заңда белгіленген тәртіппен тегін медициналық көмек алу құқығы және мемлекеттік әрі жеке медициналық ұйымдарда ақылы қызмет алу мүмкіндігі қарастырылған.

Кездесу барысында сала өкілдері де Конституциялық өзгерістердің құқықтық сараптама, дәлелдемелік база және институционалдық тәуелсіздік мәселелеріне ықпалы жөнінде ойларын ортаға салып, Ата заң жобасының халықтық референдумға ұсынылуы орынды деп қабылдады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!