«Жаңа» деген сөзің өзі жаңашылдыққа, жанашырлыққа үндейтіндей. Бірақ, бұл жолғы жаңару бұрынғыдан өзгерек. «Көнені көрме, ескіні ескерме» деген сөз емес. Тек бабадан қалған ізігілікті бағдаршам етіп, болашаққа қарай нық қадам басу керек дегенді нұсқайды. Ел тізгінін ұстаған ұзандардың ұстанымы осы секілді. Жастар «Жаңа Қазақстан» деген кезде жаңа идеялардың жанартауындай жарылып, ұтымды ұсыныстардың өткір ұстарасындай түйдек түйткілдерді қиып түсе алулары тиіс.

– Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Дамудың бастапқы кезеңінде мемлекетімізге мұндай үлгі қажет болды. Бірақ, біз бір орында тұрған жоқпыз. Қоғам да, еліміз де өзгеруде. Саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделуге тиіс, – деді ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бейімделу! Бұл кез келген жағдайға сақадай сай болу. Қапы қалмау. Замануи ілім мен мәдениетке төтеп бере алу. Осы үшін де ойлы азаматтар он бесінде бас болмаса да жастыққа салынбай елдік үшін ерлік жасауға бел бууы керек. Елдің бүгінгі буыннан күтетіні көп. Ал сол сенімді ақтау үшін бара жатқан жолымыздың мағынасын, мақсаты мен мәнін, бағдары мен бағытын әуелден түсініп алуымыз шарт.

– «Жаңа Қазақстан» жобасы – жан-жақты талдауды, толықтыруды, нақтылауды қажет ететін өте маңызды идея. Бағдарламасы дайындау, жүзеге асыру барысында ұлттық мүддені үйлестіру маңызды: әлеуметтік-экономикалық, мәдениет, білім, мәселелері мен ұлттық-этникалық проблема. Осы екі өлшемді бір-бірімен ықпалдастықта, бірақ олардың бір-бірімен байланысы тура емес, жанама және ол уақыт өте көрініс алады. Бұл фактор мемлекеттің ұлтаралық қатынастар, ел ішіндегі саяси, әлеуметтік-психологиялық ахуалға әсер етеді. Сондықтан «Жаңа Қазақстан» концепциясы қазақстандықтардың, әсіресе қазақ этносының білімі, демографиялық жағдайы, өлімі-тууы, өмір жасының ұзақтығы, еңбекпен қамтамасыз етуі, қылмысқа қатыстылығы, көші-қон үдерісі, қоныстануы, тағы да басқа факторлар негізге алынуы қажет. Бүгін біздің Қазақстандағы қазақтардың жағдайынан мәліметіміз тапшы. «Жаңа Қазақстандағы қазақтар» деген айрықша бағдарлама дайындайтын уақыт жеткен сияқты, – деген еді философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы.

Ұтымды ұсыныс – осы. Демек, «Жаңа Қазақстандағы қазақтар» сөзінің мағынасы бәрінен маңыздырақ. Себебі елімізде жаңаша ойлай алатын азаматтар көбейгенде ғана түлеген, түрленген, гүлденген Отанға айнала аламыз. Ал айналамыз ескі-құсқының қоқысына тола берсе қордаланған мәселелерден құтылуымыз екіталай.

Байқасаңыз, Ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру әрқашан басты басымдық болып қала беретіні туралы қадап айтқан. Ұсынылып отырған реформалар біріншіден, дәйекті демократияландыруға ықпал етеді, екіншіден, мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

– Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз, – деді ел басшысы. Оған қоса, ұсыныстарын тырна тізбекке салып, айдан анық етіп, ашып, ашық айтып берді.

Жолдауда айтылған идеялардың арасында сұрақ та оқтын-оқтын қойылып отырды. «Отаншылдық рухы жоғары ел көздеген мақсатына қалайда жетеді. Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Бұл нені білдіреді?» деген ойтұмада біз іздеген сауалдың шешімі жатқандай. Біз іздеген мағынаны жауабы тұрған іспетті.

– Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады. Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз. Әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеміз. Мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз. Маңызды шешімдер жұртшылықтың қатысуымен ашық қабылданады. Өйткені, мемлекет әр азаматтың үніне құлақ асады. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады. Мен жаңа Қазақстанның осындай ел болғанын қалаймын, – деген еді Қ.Тоқаев.

Жаңа Қазақстан құруда ізгі қоғам қалыптастырудың мәні зор. Әлдінің әлсізді басып-жаншуы, байлығы артқанның сойылын соғып, жалпақтау, шені бар шекпендінің шашбауын көтеру, шындықты жасырып, өтірікпен өрге жүзу сынды жалпақ қоғамға жайылған дертке тоқтам қою керек. Тіпті түйені түгімен жұтуға даяр, қарын қамын ойлап, ұртын майлауға әуес жемқорлық та жойылса діттеген мұратқа, аңсаған арманға жететін күннің ауылы алыс емес.

Қысқасы, Жаңа Қазақстан – жастардың жасампаз жолы. Сондықтан, келешектің кірпішін қалаймын деген өренді өзектен теуіп, кеудеден итермей қолдаумен қуаттау керек. Әлбетте үлкеннің ақылы мен батасы, өнегесі мен өсиеті керек. Бірақ келешектің келбетін келістіріп, болашақтын бейнесін қалыптастыратын жастардың жігерін жасытпау маңызды.

Қарға тамырлы қазақтың да қалап тұрғаны осы емес пе? Яғни қайталап айтайық, «Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі». Ал, ол бейнедегі бояулардың көркем түсті болуы бүгінгі буынған, жаңашыл жастарға ғана байланысты. Егемен еліміздің болашағы тұғырлы һәм ғұмырлы болғай!

Түйін: Самарқау тартқан санада сілкініс болмаса бәрі бекер. Сондықтан әр адам өзін тәрбиелеп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жүкті жұмыла көтеру керек. Жаңа кезеңнің адамы – елге сүйіспеншілігі жоғары, негізгі тірек – тіл мен дінге құрметпен қарап, салт-дәстүр сабақтастығын сақтап, жемқорлықтан ада, ар алдында айыбы жоқ, оқып-білуге құмар, өмірге құштар жан болу қажет. Бірлік бекемделіп, түйсік тазарғанда ғана сырттың сұқтанғаны, өзгенің көз алартқаны қауіп тудырмайды. Сонда жан-жаққа қарап жалтақтамай, жаңа кезеңге басқан қадам қарышты болмақ!

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!