Қаржы тәртібі мен салықтық тұрақтылық – кез келген өңірдің экономикалық тынысын айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, 2025 жыл Қызылорда қаласы үшін бюджеттік кірістерді қалыптастыруда нәтижелі жыл болды деуге толық негіз бар. Толығырақ Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов өңір тілшілеріне берген баяндамасында айтып берді.

Өткен жылы Қызылордада кәсіпкерлік сападағы белсенділік артып, экономиканың бірқатар саласында оң көрсеткіштің қалыптасуы қазынаға құйылған қаржы көлемінің артуына жол ашты.

– 2025 жылдың қорытындысымен мемлекеттік бюджетке түскен салықтық түсімдер 126 млрд 978 млн теңгені құрап, жоспар 104,2%-ға орындалды. Бұл көрсеткіш – тек сандардың жиынтығы емес, ол салықтық әкімшілендірудің сапасын, кәсіпкерлермен жүргізілген ашық диалогты және цифрландырудың нақты нәтижесін көрсетеді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім көлемі 5 млрд теңгеден асып, бюджет кірісінің тұрақты арнаға түскенін аңғартады, – деді басқарма басшысы.

2025 жылы өңірдің бюджет кірістері тұрақты өсім көрсетті: республикалық бюджетке түсімдер 95,4 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 6,5 млрд теңгеге артса, жергілікті бюджетке салықтық түсімдер 31,5 млрд теңгені құрап, 4,4 млрд теңгеге көбейді, бұл өңірдің қаржылық әлеуетінің нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Басқарма басшысы банк түсімдерін тексеру туралы сауалға да мардымды жауап қатты.

– Егер жеке тұлғаның шотына бір айдың ішінде 100 немесе одан да көп адамнан қаражат түсетін болса, бұл туралы банк бізге ақпар береді. Біз оны тексеріп, жеке тұлғаға аударымдардың қайдан және не үшін түскенін түсіндіріп беруі үшін әуелі хат жолдаймыз. Егер ол бизнеске қатысты немесе жасырын кірістерге қатысты болмаса, салық салмаймыз. Ал егер көлеңкелі кіріс байқалатын болса, тиісті шара қабылдаймыз, – дейді Фердоуси Әбілқасымұлы.

Жаңадан қабылданған салық кодексі көлеңкелі экономиканы азайтуды негізге ала отырып, кәсіпкерлікті ынталандыруды көздейді. Сондай- ақ кәсіпкерге түсетін жүктемені жеңілдетіп, барынша оңтайландырылды. Өкілетті орган басшысының айтуынша, жаңа салық кодексі қызылордалық кәсіпкерлер үшін ұтымды болмақ.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!