Ақжарма ауылдық округінде өңірлік және қалалық жалпыұлттық коалиция мүшелерінің қатысуымен ауыл тұрғындарымен кездесу өтті. Басқосуға коалиция өкілдері Гүлшат Мұсаева, Абайбек Жүнісов, Нұрлан Әмір, Дәурен Сейтжанов, Арайлым Байжігіт, Әліби Басаров және Берік Шайнұров қатысып, ауыл жұртшылығына жаңа Конституция жобасының мән-маңызы туралы жан-жақты түсіндіріп, 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумның маңыздылығына тоқталды.

Кездесу барысында қатысушылар ел болашағы үшін маңызды саяси науқанның мазмұны мен мақсаты туралы кеңінен пікір алмасты. Сонымен қатар жаңа Конституция жобасының қоғам дамуы үшін беретін мүмкіндіктері мен оның азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған негізгі қағидаттары талқыланды.
Жиында сөз алған Гүлшат Мұсаева қазіргі кезеңдегі мемлекеттік басқарудың басты қағидаттарының бірі – адамға бағдарланған мемлекет қалыптастыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы дәл осы ұстанымды негізге алады. Құжатта адамның қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары мемлекет қызметінің басты бағыты ретінде айқындалған. Бұл әрбір азаматтың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік қорғау жүйесін нығайтуға және баршаға тең мүмкіндік ұсынуға бағытталған маңызды қадам екені айтылды.

Сонымен қатар жаңа Конституция жобасында білім беру, денсаулық сақтау, еңбек құқықтарын қорғау сияқты маңызды әлеуметтік салалар жаңа деңгейде қарастырылғаны атап өтілді. Бұл бастамалар қоғамның әл-ауқатын арттыруға және азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін күшейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы ашықтықты арттыруға ерекше назар аударылған. Мұндай қадам халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтып, қоғамдық диалогтың жаңа мәдениетін қалыптастыруға жол ашады.
Осы орайда Гүлшат Исақызы тұрғындарды алдағы республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырып, әрбір азаматтың ел тағдырына қатысты маңызды шешім қабылдауға өз үлесін қосуы қажет екенін айтты.
Кездесуде сөз сөйлеген Абайбек Жүнісов жаңа Конституция жобасында ауылдық аумақтардың дамуына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Оның айтуынша, құжатта ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды бастамалар қамтылған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, сондай-ақ ауылдағы әлеуметтік жағдайды жақсарту мәселелері негізгі басым бағыттардың қатарында қарастырылған.
Сонымен қатар ауылдық жерлердегі тұрғындардың білім беру, медицина және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттыру мәселесі де назардан тыс қалмаған. Бұл өз кезегінде ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік-экономикалық айырмашылықты азайтып, өңірлердің теңгерімді дамуына мүмкіндік береді.
Басқосу барысында коалиция өкілдері Нұрлан Әмір, Арайлым Байжігіт, Дәурен Сейтжанов және Әліби Басаров та өз пікірлерін білдіріп, жаңа Конституция еліміздің дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжат екенін жеткізді. Олардың айтуынша, құжат қоғамдағы тұрақтылықты сақтай отырып, мемлекетіміздің демократиялық және әлеуметтік бағыттағы дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа Ата заң жобасында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, билік тармақтарының теңгерімді жұмыс істеуі, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және экономикалық дамуды қолдау сияқты маңызды мәселелер жан-жақты қамтылған. Мұның барлығы еліміздің болашақ дамуына берік негіз қалыптастыруға бағытталғаны атап өтілді.
Коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасы қоғамның барлық топтарының мүдделерін ескере отырып әзірленгенін айтып, оның қабылдануы ел дамуының жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатынын жеткізді.
Кездесу соңында тұрғындар өз ой-пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Коалиция өкілдері барлық сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, алдағы референдумның ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
